Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ҚОС ҒАСЫРЛЫҚ КЕЛБЕТІ немесе БҰРЫНҒЫ ЕЛ АСТАНАСЫНЫҢ БҮГІНІ

03.11.2022, 11:40 97

Кеңестік қызыл империя­ның ордасы деген сөз – бұл Сыр бойы атырабының әлеуметтік және мәдени орталығы болып қалыптасқан Қызылорда қаласының мән-мағынасы. Бұл қала – кезінде Ақмешіт болып аталып, ел астанасы болған қасиетті мекен. Бүгін­де тарихи қалаға 202 жыл толды. Оны облыс көлемінде ауқымды деңгейде бес бағытта тойла­ған едік. Өйткені замана толқынымен өткен, ғасырлар қойнауындағы ғажап тарихымызды  білу, сан тараулы жолымызды зерделеп, оны өскелең  ұрпаққа жеткізу – әрбір Сыр бойы перзентінің парызы. Ұлы дана Абай Құнанбайұлы отансүйгіштікті былай суреттейді. Оның ойынша, Отанға қызмет  еткен адам, ал Отан дегеніміз – ең әуелі халық. Міне, әрбір перзент ең алдымен өз туған жеріне, Отанына қызмет етіп, соның өркендеу жолында сүбелі үлес қосуы міндетті. Бүгін­де қала­ның көркі сол қала халқының еңбегінің көрінісі деп толықтай айтуға негіз бар. Бүтін бір Финляндия ақ лала­гүлдер мекенін мемлекетке айналдыру, өркениетті ел қатарына қосу үшін, жан-жақты дамытуда күш салған Снелман сынды жастар бізде де жетіп артылады. Жалпы, елдің, облыстың, қаланың дамуы оның халқына тікелей байланысты. Ал, сырбойылықтар бұл жолда аянып қалған жоқ. Соның арқасында Қызылорда қаласы өзгелерден оқ бойы ілгері екені анық. Алаштың  ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, сөздің ең ұлысы – тарих. Біз тарихты қозғамай, бүгінгіні сөйлете алмаймыз. Себебі бұл – біртұтас механизм. Ендеше, Қызылорда қала­сының  қос  ғасырлық келбеті жайында сөз өрбітейік.

Қызылорданың том-том тарихын ақтарып, өшпес бере­ке-бірлігін еске алып, қиян-кескі заманның қилы кезеңдеріне көз жүгіртуге болады. Себебі Алашқа ана, қазақ­қа пана болған құтты өңір бір кездері облыс атынан айырылып қала жаздаған. Бұл экономиканың өте қиын кезеңі мен аймақтардың біріктіріліп жатқан тұсында болған еді. Десе де, киелі мекеннің өзіне тән тылсым күші барлық зобалаңға қарамастан қасиеттілігін  жоғалтпады.

Тәуелсіздік тұғыры беки түскен кейінгі жылдары ата-бабаларымыздан аманат болып қалған осынау жауһар жәдігерлерді уақыт талабына сай саналы ұрпақ игілігіне айналдырудың аса қажеттігін білеміз. Шыны керек, Қызыл­орда қаласы жыл өткен сайын гүлденіп, заманауи нақышта ғимараттар салынып, жаңа технологияны игеріп, иннова­циялық дамудан қалыспай, сондай-ақ өзінің тарихи құндылығын жоғалтпай келе жат­қан жалғыз қала десек артық айтқанымыз болмас. Себебі ресми деректерге сүйенсек, Қызылорда   облысы   халқының басым бөлігі – қазақтар. Яғни қазақы қалып, тіл, рух өшпегенін көрсетіп тұр. Әлі күнге дейін мұнда кейуанасының бір ауыз сөзі келінді, ақсақалының бір ауыз сөзі елін тәрбиелейді. Сондай ұлылықты бойына сіңірген жастар  қатары  көп. Небір гео­саяси ауыртпашылықтарға қарамастан  дария жағасындағы қала  өзінің дамуын тежеп қалған жоқ. Бұл тек Президент, министр, әкім, депу­таттардың қала мәселесінде толғанғаны емес, бүкіл қала өкілінің ойланып, жұмыла жұдырық болып тірлік еткенін көрсете­ді. Бір медальдың екі жағы, бір  ағаштың  екі  бұтағы секілді бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығаратын  кезді  күтпей, бұқара  мен  билік  іспен дәлелдеп   жүр.

Мәселен, қала әкімі Асылбек Шәменов аймақтың алдыңғы шептегі БАҚ өкілдерімен кездескенде бүй деді.

– Былайғыда өзгерістерді күнделікті араласып жүріп өзіміз байқамайды екенбіз. «Сырт көз – сыншы» деген ғой. Кейде сол өзгерістерді сырттан келген қонақтар айтқанда елең ете қалатынымызды жасырмаймын. Қаланың сол жағалауы сәулеттеніп келеді. Онан қалды қаншама әлеуметтік нысан  бой көтеріп жатыр. Кәсіпкерлік орындар, сәулетті ғимараттар – бәрі-бәрі бүгін мен ертеңгі күннің игілігі. Ал осындай өзгерістің өмірге келуі кәсіпкерлікке тікелей байланысты. Мысалы, азулы АҚШ қалай дамыды? Қалалар қайдан салынды? Теңдессіз ғимараттар, қайталанбас сәулет үлгісі, керемет көшелер, көркейту, міне, осының бәрінде кәсіпкерлердің қолтаңбасы бар. Мемлекет суын, жолын, жарығын не газын жеткізген шығар, бірақ ондағы өркениет кәсіпкерліктің ықпалымен келді, – деген екен.

Жаңа айтып өткеніміздей, әрбір қала тұрғынының бейжай қарамауы – Қызылорда қаласының әлі күнге дейін өмір сүріп келе жатқанының дәлелі. Сыр елінің тарихында найзағайдай жарқылдаған тұлғалар бар. Себебі бұл қаланың қойнауы жыр, кеудесі күй, өңірі өлеңмен өрнектелген. Жазу-сызуға жақын ақындарының шабыты болған, сазгердің сырлы әлеміне сәуле құйған, күйшінің тылсым кеңістігін күмбірлеткені даусыз. Бүгінде жастардың бір тобы өнердегі аға-әпкелерінің ізін жалғаса, енді бірі еңбекке икемделіп, еліміздің қазынасын молайтып жатыр. Ал, қалған бір бөлігі туған жеріне демеушілік жасап қолғабыс етуде.

– Сырт елде көп болдым. Сұраймыз, тарихымен  танысамыз. Сонда көздің жауын алатындай  шағын  ауданды  сұрай  қалсаңыз, кәсіпкерлер  салған  дейді.  Бізде де үлкен бетбұрыс  жасалып  жатыр. Бұл, біріншіден, инвестиция,  екіншіден, жұмыс  көзі,  үшінші  түпкі  нәтиже – осы жердің сәулеті мен дәулеті. Инвестиция екінің біріне келе бермейтінін жақсы білесіздер. Қаламызды соған сай етуіміз керек. Саласыз, қолдаймыз, қастарыңызда боламыз. Міне, осылай табанды түрде жұмыс істеу үшін аянбаймыз, – деді қала әкімі Асылбек Шәменов.

Халықты орманға теңейтін болсақ, оның қадірін білсек, берері мол. Егер орманға еш көңіл бөлінбесе, уақытында тазалық жұмыстары жүргізілмесе, оның күйі пұшайман жағдайға түсері анық. Оның ағаштарының бұтақтары дауылға шыдас бермей сынып, ақырында жаңбырдың суына шіріп, бір күні белшеден балшық пайда болады. Дәл солай халықтың жайы қараусыз қалса, соңы не болары түсінікті. Бұл тұста шаһар басшысы халыққа қолдауды көрсетіп қана қоймай, жанында боламыз деп сенімді сөйлегені қуантады.

Енді қала өзінің қандай көрікті жерлерімен мақтана алады? Бұл жайында бір толқып, сол бағытқа қарай ойысайық. Алтай құлазып, Арқа аңырап, Тұран тұнжыраған заман артта қалды. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан азат еліміздің көк байрағы көтеріліп, тіліміз жаңғырып, діліміз бекіп, дініміз оралып, Тәуелсіз ел болдық. Еңсесі биік елдің елдігін айшықтайтын ең негізгі нышан – оның рәміздері. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев «көк байрағымызды қоғамдық жерлерде,  жекеменшік  орындарда  қоюға еш  тыйым  жоқ. Біз  домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар дейміз. Ол дұрыс. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болары сөзсіз» деп айтқан еді. Бұған дейін мұндай шешім болмаған. Сол себепті халық тек арнайы орындарда ғана көк туымызды желбіретіп жүретін. Осыдан бірнеше жыл бұрын киелі Алаштың анасының төрінен, өңіріміздің «Үлкен маржаны» саналатын Сырдарияның жағалауынан көк байрағымызды биікке көтеріп, «Рәміздер алаңы» ашылды. Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын алаңда Елтаңба, Әнұран және биіктігі 60 метрлік Мемлекеттік Ту орналастырылып, айналасы абаттандырылған. Жалпы құны 325 миллион теңгені құрайтын жоба ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында салынды. Бұл  жоба  қаланың  көркін келтіріп, жастарды  патриоттық  сезімге  бөлегені  хақ.

Қызылорда қаласының көрікті жерлерін айтқанда ақынның теңеуі, жазушының суреттеуі азайып қалары анық. Өйткені мұндағы әсемдік қыздың қырық қылығынан да көп. АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия елдеріндегі аспалы көпір – туристік мекендердің бірі. Дей тұрғанымен, Сырдың сол жағалауындағы көпірі олардан еш кем түспейді. Жалпы, бұл аймақ жоспарға сәйкес дамып келеді. Болашақта не керектің барлығы бар ордаға айналмақ. Нақтырақ айтқанда, еліміздің ертеңі жастарға арналатын сол жағалау деп айтсақ болады. Қазірдің өзінде мұнда ұлттың үкілеп отырған үміттерінің өз орталығы бар.

Бүгінде бұқара мен мемлекет бірігіп, облыста бірнеше нысан бой көтерді. Оның барлығын халқымыз кірпіші қаланған күннен бастап көрді, естіді. Жазулы тұрған хаттай ғып бәрін тізбектеп, тағы бір мәрте айтудың керегі жоқ шығар. Сондай-ақ өткенмен ғана мақтанып масаттанып отырғаннан гөрі «бүгін біз нені жандандыру үстіндеміз?»,  сол жайында сөзімізді сабақтасақ. Мәселен, осы жылы құрылыс  жобаларына 18  миллионнан  аса теңге қаржы  бөлінген. «Мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорының  тұрғын үйлерін жобалауға, салуға және (немесе) сатып алу» бағдарламасы аясында барлығы 8 070 074 теңге қаржы бөлініп, облыстық ішкі көздері кредиттер есебінен 6 204 419 теңге, облыстық трансферттер есебінен 1 851 545 теңге, жергілікті бюджеттен 14 110 теңге қаржы бөлініп, мынадай жұмыстар атқарылды. 2021 жылы басталған СПМК-70/2 тұрғын кварталында 50 пәтерлік 10 ипотекалық тұрғын үйлер құрылыстарын аяқтауға,  тағы да сол жылы басталған Сырдария өзенінің сол жағалауы №2 тұрғын кварталында 50 пәтерлік №34 тұрғын үй құрылысы жобасын жалғастыруға, ал 2022 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы  №2 шағын ауданында ипотекалық 10 тұрғын үй жоба құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын барлығы 470 пәтерлі тұрғын үй құрылыс жұмыстарын бастауға, осы сол жағалаудың  №2 шағын ауданында ипотекалық 10 тұрғын үй үйлердің ЖСҚ әзірлеуге тиісті қаражат бөлініп, жұмыстар кезең-кезеңімен жасалынды.

«Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жайластыру  және (немесе)  сатып алу» бағдарламасы аясында 3 653 903,9 теңге бөлініп, мына жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, «Қызылорда қаласындағы Әль-Фараби ауданындағы жеке тұрғын үй секторының инженерлік инфрақұрылымы», «Қызылорда қаласы Талдыарал елді мекеніндегі тұрғын үйлердің электр желісі құрылысының» жобасы, «Қызылорда қаласының «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы тұрғын сектордың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы», «Қаланың шет аймақтары мен тұрғын аудандарына электр жүйесін жүргізу».

Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу конкурстары ұйымдастырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Олар – СПМК-70 мөлтек ауданындағы «Болашақ бау-бақша» серіктестігінің инженерлік-инфрақұрылымы желілерін дамыту мен электр жабдықтау желісі, Орбита аумағындағы жеке тұрғын үйлер секторының инженерлік инфрақұрылымы құрылысы мен электр желісі, Тасбөгет кентінде тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы мен электр желісі, Эдельвейс аумағындағы жеке тұрғын үйлер секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы құрылысы мен электр желісі, Арай-Шұғыла аумағындағы жеке тұрғын үйлер секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы құрылысы мен электр желісі, Ақжарма ауылдық округіне жеке тұрғын үйлер секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы құрылысы мен электр желісі, Еңбек аумағындағы жеке тұрғын үйлер секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы құрылысы мен электр желісі, Сабалақ аумағындағы жеке тұрғын үйлер секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы құрылысы мен электр желісі. Бұдан бөлек, газ, ауызсу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қарасаңыздар, ең алдымен қала тұрғындарының қажеттілігін толықтай қамтамасыз ету басты принцип екенін аңғаруға болады. Бұл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қала әкімі Асылбек Шәменовтің оңтайлы шешімі екенін көрсетіп тұр. Себебі бұл шаһар, жалпы аймақ қауырт күндерді Тәуелсіздікке дейін бастан өткерді. Кезінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деп еді. Жөн сөз. Қазіргі таңда іскер басшы мен еңбекқор халықтың арқасында бұл орда қайтадан ел астанасы болуға үміткер қатарына кіруге мүмкіндігі бар деп айтуға болады. Қысқасы, Қызылорда қаласы құр сөзбен емес, іспен көркейіп келеді.

ТҮЙІН. Сыр елі – жырдың ғана елі емес, ырысы мол бүкіл қазақтың киелі елі. Бүгінде қасиетті жердің ұрпағы да осал емес. Жаңартаудың қайта-қайта бұлқынып, сыртқа атқылағанының көрінісі көпті қорқытатыны даусыз. Міне, қазіргі таңда қызылордалықтар да жаңартаудай өз кеудесінде сыймай, жоғарыға ұмтылып жатыр. Соның арқасында Сыр бойы дамып, өркендеп өсері ақиқат.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: