Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еліміздің аграрлық саласы жүйелі дағдарыс алдында тұр – Ерлан Саиров

06.09.2023, 12:23 497

HALYQLINE.KZ

Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Ауыл шаруашылығы министрі Сапарбек Айдаровқа депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, аталған сала өте күрделі жағдайда. Олар жаппай банкроттыққа ұшырауы мүмкін.

Құрметті Айдарбек Сейпілұлы!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенінен нақты серпіліске қол жеткізуді тапсырды.

Отандық ауыл шаруашылығы өте күрделі жағдайда тұр. Мемлекеттік агро субсидиялау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істемейді. Фермерлер 2020 жылдан бері барлық субсидия түрін уақытында ала алмаған. Бұл оларды жылдық 20 пайызбен қымбат несие алуға мәжбүр етіп, қаржылық жағдайын айтарлықтай нашарлатты. Тек Ақмола облысы бойынша 23 мың өтінімнің 13 мыңы ғана қаралған. Ал, Жетісу облысы бойынша 1600 диқан пайыздық мөлшерлемені, субсидияны ала алмай отыр. Осы жылы аграрийлерді қолдауға субсидия өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға аз бөлінді. Тыңайтқыштарды субсидиялау – 23 пайызға, пестицидтерді – 27 пайызға, мал шаруашылығы – 23 пайызға, бағаны тұрақтандыруды субсидиялау – 20 пайызға қысқарды.

Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген биылғы қаржы өткен жылғы қарызды өтеу үшін жұмсалған. Ал, биылғы тапсырыс бойынша 124 млрд теңге тапшылық пайда болған. Қосымша қаржы бөлу жөніндегі шешімді әлі қабылдаған жоқ. Мұндай жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық саланы бәсекелестік деңгейіне жеткізу мүмкін емес.

Бүгінде Ресей Федерациясы сүт өңдеушілеріне тоннасына 25 доллар көмек жасайды. Қазақстан бар-жоғы 5 пайыз көмек жасайды. Келесі жылдан бастап Ресей сүн өндірушілерді қолдау үшін экспорттық көлік шығындарын 100 пайыз субсидиялайды. Бізде субсидиялар шектеулі. Екінші дәрежедегі банктер кредитінің мөлшері төмен. Нәтижесінде, қазақстандық өндіріс қысқарып, жұмысын тоқтатуда. Екі ірі сүт өңдеу кәсіпорыны – Алматыдағы «Агропродукты» мен Солтүстік Қазақстандағы  «Масо-дел» жабылды. 12 құс фабрикасының жұмысы тоқтап, Ресей, Белорусь, Өзбекстаннан келетін құс өнімі импорты артып, Қытайдан сапасы күмәнді өнімдер көптеп әкелінуде. Ақпан-шілде айларында Ресей және Белорусь шұжық өнімдерінің бағасы Қазақстанның нарығында 2 есеге төмендеп кетті. Қазақстандық ет кәсіпорындары қоймаларға жұмыс істеуде. Күнбағыс тұқымына экспорттық кеден салығын енгізу нарықтық бағаның 30 пайызына төмендеуге әкелді. Қабылданған шаралар Қазақстанның емес, шетел өндірушілерінің пайдасына жұмыс істеп кетті. Май өңдеу зауыттары күнбағысты шетелден тасуда.

Мал шаруашылығының да жағдайы өте ауыр. Тірі малды әкетуге тыйым салу, ірі қараны экспорттық квота жасау шаралары да теріс нәтиже беріп отыр. Ауылда жеке үй шаруашылықтары өздерінің малын өткізуге зар болып қалды. Соның нәтижесінде, малға қарап отырған ата-аналар балаларын мектепке дайындауға ақшалары жоқ. Халық нанды қарызға алатын жағдайға жеткен.

Қазақстанның астық нарығында да  жағдай тұрақсыз. Азықтық бидайдың орташа құны өткен жылмен салыстырғанда 1,5-2 есеге арзандады. Бұл дегеніміз – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жаппай банкротқа ұшырауы ықтималдығы артып отыр деген сөз. Яғни, еліміздің аграрлық саласы жүйелі дағдарыс алдында тұр. «Аманат» партиясы отандық аграрилерді осынау қиыншылық шеңгелінен құтқаруды қажет деп есептейді. Құретті Айдарбек Сейпілұлы, Сіз осы саланың барлық сатысынан өткен тәжірибелі мамансыз. Біздің аграрлық секторға адами қамқорлық қажет. Елге бірігіп қамқорлық жасайық. Орын алып отырған олқылықтарды жою үшін депутат корпусы мен фермерлерді, сарапшыларды қатыстыра отырып, нақты шешім қабылдау маңызды. Халықтың шыдамы шегінен шығып тұр.

Құрметпен, «Аманат» партиясы фракциясыны мүшелері атынан Ерлан Саиров

Дайындаған  Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: