Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дән – диқанның дәулеті

03.05.2023, 11:20 225

Жалағаш ауданының Таң ауылында егін егу науқанының басталуына орай «Дала күні – 2023» семинар-кеңесі өтті. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстармен танысты.

ТАҢ  ҚАЛДЫРҒАН  ТАҢ

Нұрлыбек  Машбекұлының  жұмыс  сапары Таң  ауылындағы  «Таң» ЖШС цехын аралаудан  басталды. Консерві мен ет өнімдері   шығарылатын цехта күніне 5 ірі қара мал сойылады екен. Өнімдерді өткізу жұмысы жолға қойылып жатқан кәсіп­орынның жұмысына разылығын білдіріп, ондағы қызметкерлердің  жай-күйімен  танысты.

Облыс басшысы әрі қарай «Дала күні – 2023» семинар-кеңесі аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникалары мен  өнімдері  көрмесін  тамашалады.

Суды тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімдігі мен Австра­лияның «Rubicon Global» компаниясы арасында аймақ­тың суландыру жүйелерін автоматтандыру, цифрландыру жоба­сын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Мемо­рандум республикалық меншіктегі Қызылорда сол жаға магистраль­ды каналы бойындағы (облыстағы 60% егіс көлемі орналасқан)  аумақтардың  суландыру жүйесін жаңғыртуды көздейді. Қазіргі кезде «Rubicon Global» компаниясы Қызыл­орда сол жаға магистральды (Шіркейлі) каналына зерттеу жұмыс­тарын  жүргізіп, жобасын  ұсынды.

«СЫР  СҰЛУЫ»  мен  «АЙСАРА»  –  ӨТЕ  ЕРТЕ  ПІСЕТІН  КҮРІШ

«АлемAgro» компаниясының өнімдерімен таныстыр­ған Болат­бек  Тәуіпбаевтың айтуынша, бұл компания қазір еліміз­дің ауыл шаруашылығына мейлінше көп көмегін тигізіп жатыр.

– Біз әлемдік дәрежедегі 12 өндірушімен қарым-қатынас­тамыз. Шетел өнімдерін елімізге әкеліп, оларды жерсіндіріп, шаруалармен бірге жоғары өнім алуына көмектесеміз. Компанияда  көптеген  дақылға арналған тұқым өңдейтін препараттар, тыңайтқыштар  және зиянкестерге себетін өнім түрлері бар. Жалғыз  Қызылорда  облысында ғана емес, еліміздің көптеген өңірінде өкілдігіміз бар. Көршілес Қырғызстан мен Өзбек­стан нарығын да игерудеміз, – деді «АлемAgro» компания­сы Қызыл­орда  филиалының  өкілі.

Ыбырай Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Жанар Жұмаділова нәтижелі жұмысы­мен  бөлісіп, күріштің «Айсара» атты сортын жасап шығар­ғанын  тілге  тиек  етті.

– Көрмеге  өзіміздің  отандық ғалымдардың  шығарған бидай­дың «Зарина» сортын, арпаның «Алтын арай» сортын, күріштің бренді «Маржан» сортын, былтыр ғана өндіріске енгі­зілген «Сыр  сұлуын» және өндіріске берілмеген жаңа өнім «Айсар­аны»  әкеп  тұрмыз. «Сыр сұлуы» (110 күн) мен «Айсара»  (100 күн) – өте ерте пісетін  күріш. «Сыр сұлуы» Қызыл­орда   облы­сы  көлеміндегі  жалпы  күріш  егістігінің  4 пайызына –  «Абал  и К»  компаниясында, Нұрлан  Іздібаев  басқаратын «Ақтөбе  и  К» ЖШС-сында және Тұрмағамбет,  Жаңажол, Таң ауылдарында егілді. 69 центнерден өнім берді. Қазір палау­ды «Сыр сұлуы»  сортымен  басып  жүрмін. Оның жылдам пісетінін, әрі су тартымдылығы  жоғары екенін ерекше айтар едім, – дейді Жанар  Әшірбекқызы.

Көрмеден кейін егіс алқабына жиылған көпшілік Қызыл­орда облысының Құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов­тің батасын алып, егін егу науқанын бастады. Жиылған жұрт Жер-анаға  қолмен  дән  септі.

БИЫЛ  ОБЛЫСТА  195,6  МЫҢ  ГЕКТАРҒА  ЕГІН  ЕГІЛЕДІ

Облыс әкімі пленарлық мәжіліс алдында ерекше еңбегімен көзге түскендерді «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласы­ның  үздігі», облыс әкімінің Алғыс хаты және «Қызыл­орда  облысының  Құрмет  Грамотасымен»  марапаттады.

Егіс алқабындағы «Дала күні» семинар-кеңесінің пленарлық мәжілісінде аймақ басшысы аграрлық саланы өркендетудің біздің өңір үшін өмірлік маңыздылығын атап өтті. Шаруалар  қол  жеткізген  айтарлықтай  жетістіктерге  тоқталды.

  – Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте азық-түлік инфляция­сын тұрақтандыру үшін Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Осы міндетті орындаудың бірден-бір жолы – жергілікті жерде өндірілетін өнім көлемін арттыру. Биыл облыста 195,6 мың гектарға егін егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде негізгі  дақыл – күріш 83,9 мың  гектарға  себіледі.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша  өнімдерін  егу  үшін 5 500 жергілікті  тұрғынға  қосымша 3 300  гектар  жер  дайындау  жұмыстары  жүргізілуде, – деді облыс  әкімі.

Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынас­тары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша,  шаруашылықтар егіске қажетті сумен толық қамтама­сыз етілген. Биылғы егілетін күріш егісіне 100 па­йыз жоғары репродукциялық күріш тұқымының 9 сортын себу жоспарланған.

– Шаруашылықтар қажетті минералды тыңайтқыштармен 97 пайызға, гербицидпен 21 пайызға қамтылып отыр. Облысқа көктемгі егін жұмыстарына арзандатылған бағамен (212 теңге) 2100 тонна дизель отыны берілді. Қазір оның 80 пайызы келіп тұр. Қажеттіліктер кестеге сәйкес, уақытылы жеткізілетін болады. Биылғы жылы украиндық ғалымдардың қатысуымен демонстрациялық алаң ашу жоспарланып отыр. Тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның мақсаты – аймақта болған су тапшылығы жағдайында жаңбырлатып, тамшылатып суару әдістерін қолдану, тыңайтқыштар мен гербицидті оңтайлы мерзімде себу. Әртараптандыру бағытында соя, күнбағыс, жүзім, бидай және күріштің бірнеше сортын тәжірибе ретінде егіп көрсету.

Биылғы күріш егу науқаны күн райының  қолайсыздығына байланысты   өткен жылмен салыстырғанда 1-1,5 апта кеш басталды, – деді  Талғат  Тұрсынұлы.

«ҚАРЫЗЫҢЫЗДЫ  АСТЫҢЫЗДАҒЫ  «ДЖИПТІ»  САТЫП  ТӨЛЕҢІЗДЕР»

Сыр елінің шаруашылығы Сырдария өзенінің суына тікелей байланысты екені белгілі. Семинар-кеңесте суға байланысты келелі мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, биік жерге егін егу, каналдарды тазалау, су қарызын уақытылы жабу, келсімшарттарға мерзімімен отыру секілді мәселелер  айтылып, облыс әкімі оларды реттеуді тапсырды. Су алу келісімшартын жасамай отырған  шаруа  қожалықтарының төрағаларына астындағы «Джип» көліктерін сатып болса да  қарызын өтеуге кеңес берді.

– Каналдардың бәрін тазалау керек, келісімшартқа уақытылы отыру керек, қарызды кейінге қалдырмай  төлеу керек. Егер төлей алмайтын болсаңыздар, астарыңыздағы «Джипті» сатып төлеңіздер. Біз қызғанбаймыз, әуелі халықтың  жағ­дайын  жасаңыздар, онан  кейін  көлік  мінесіздер ме, үй саласыздар  ма, өздеріңіз  білесіздер, – деді.

Бүгінде «Шардара» су қоймасында 5,03 млрд текше метр, «Көксарай» су реттегішінде 1,79 млрд текше метр су бар екен. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметіне қараған­да, 2023 жылдың вегетациялық кезеңіне 3,8 млрд текше метр су пайдалану лимиті белгіленген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда  200  млн  текше  метрге  артық.

Биылғы қыс-көктем айларында Нарын-Сырдария каскадындағы қоймалардан төменгі ағысқа жіберілген мол судың арқасында каналдар мен  көлдер жүйелері, шабындықтар суландыр­ылған. Арал  теңізінің  суы 18,5 млрд текше метрден 20,140  млрд  текше  метрге  көбейген.

ТҰҚЫМНЫҢ  САУЛЫҒЫН  БІЛУ  ҮШІН ФИТОСАРАПТАМА  ЖАСАЛУ  КЕРЕК

Қазіргі кезде агроөндірісті дамыту мақсатында ғылымның маңызы зор. Семинарда сөз алған Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты басқармасының төрағасы Бақытжан Дүйсенбеков шаруа басшыларына егілген егістің тұқымына назар аударуға шақырды. Қосымша шығын шығару арқылы табысты бірнеше есеге көбейтуге болатынын көрсетті.

– Тұқымның саулығын білуге байланысты міндетті түрде фитосараптама жасалу керек. Сол кезде ғана оны қандай дәрімен өңдеу қажет екенін білеміз. Сараптамадан өткен өңделген тұқым ең алғашқы су алатын кездегі көшуінен сақтанады. Тұқымның тамыры да, бетіндегі көктеген шығысы да жақсы дамиды. Ауруының алды алынған тұқым өнімін толықтай береді. Гербицид себудің де өз технологиясы бар. Қазір оған арнайы дрондарды қолданып жүрміз. Бізді «өсімдік дәрігері» деп атасаңыздар болады. Сіздердің қызметтеріңізге әрқашан дайын­быз, – деді  Бақытжан  Дүйсенбеков  шаруашылық  басшыларына.

Семинар барысында Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов атқарылған жұмыстар туралы баяндады. 2022 жылы суды көп қажет ететін негізгі дақыл – күріш егістігінің көлемі  2021 жылмен салыстырғанда 1199 гектарға қысқартылған.  Қысқартылған жердің орнына жоңышқа, жүгері, бидай, арпа, қант қызылшасы, соя дақылдары егілген. Аудан әкімі уақыт талабы­на сай суды үнемдеуге де назар аударылып жатқанын жеткізді.

– Өткен жылы «Ер-Әлі» шару қожалығы  тамшылатын суару әдісімен 25 гектар картоп, 2,5 гектар қант қызылшасы, 5 гектар сәбіз дақылдарын егіп, жоғары өнімге қол жеткізді. Жиналған өнімді облыстың барлық аудандарына арзан бағада ұсынды, – деді  Асқарбек  Темірбекұлы.

Жиында жауапты мекеме басшыларына көтерілген өзекті тақырыптармен  жұмыс  істеуге  тапсырма  берілді.

Қазіргі кезде Қызылорда облысы еліміздің 90 пайызға жуығын күрішпен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. «Дән – диқанның дәулеті». Сырдарияны жағалай қоныстанған жұртымыз кейінгі кездері  бидай, бау-бақша,  жем-шөп,  ет-сүт өнімдерін өндіруді, бір сөзбен айтқанда ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруды жақсы  жолға  қойып  келе  жатқанына  көз  жеткіздік.

Жасұлан  АСҚАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: