Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Егін егу науқаны немесе күріштің кесірі қандай?

30.04.2021, 15:30 1839

«Көктемнің бір күні жылға азық» деген тәмсіл бар. Расында, кірісін күріштен құрап отырған Сыр елі үшін бұл мезгілдің маңызы зор. Өйткені, дәл қазір жеңін түріп, егінге қамданған диқан қыстық қорын молынан жиып алмақ. Осы тұрғыда, қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде алғашқы дән себу рәсімі өтті. Шараға қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов пен сала мамандары, ардагерлер қатысты. Егін алқабына жиналған диқандар жылдық жоспармен бөлісіп, су тапшылығын сөз етті. Сондай-ақ, күріш егудің жаңа тәсілдерімен бөлісіп, ғалымдар шығарған жаңа күріш сорты таныстырылды.

– Биылғы жылы егіс алқабында дән себу жұмыстары өз уақытымен бастау алды. Биыл 8 750 гектар жерге егін егілетін болады. Енді оның ішінде 3 835 гектары күріш дақылы болмақ. Қазіргі таңда ақ егістің барлығы толық аяқталды. Жыл сайынғы судың тапшылығын болжап, тиісті мекемелермен келісе отырып, туындаған мәселелердің шешімін табуға тырысудамыз. Қалаға дизель отынын жеткізуге екі операторды бекітіп, жыл бойы қажет ететін 514 тонна дизельдің 260 тоннасы әкелініп қойылды. Мұнда ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Егіс алқабындағы техникалардың барлығы іске жарамды, жүріп тұр, – деді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.

Шара барысында ардагер диқандар егіс алқабына келген қала әкімінің орынбасарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Толғандырған сауалдарға арнайы ғалымдар мен сала мамандарынан жауап алып, шетелдік тәжірибелермен танысты. Қаладағы диқандардың қолында бүгінде 80 трактор, 21 тіркеме құралдар, 21 соқа, 9 дән сепкіш және 5 жүк көлігі бар. Егін науқанына бұл көліктердің барлығы дайын дейді жауаптылар. Өңіріміздегі су тапшылығы да баса назарға алынған. Бұл мәселені шешу үшін бүгінде арнайы мамандар, ғалымдар бар күшін салуда.

– Өздеріңізге белгілі, бізде аймақ бойынша судың тапшылығы сезілуде. Сол үшін суды көп қажет ететін дақыл күрішті биыл сәл азайтуға тура келді. Десе де, оның орнын басқа дақылдармен толтыратын боламыз. Және де күрішті суғарудың үнемді жолдарын да қарастырдық. Судың тапшы болуының себебі – Сырдария өзенінің трансшекаралық аймақта болуында. Сондықтан да өзеннің бастауында орналасқан мемлекеттердің су қоймаларына қараймыз. Бірақ жергілікті халықтың негізгі күнкөріс көзі күріш егу екенін білеміз. Күріш егу судың көлеміне қарай жалғаса береді. Мұндай су тапшылығы – 10-15 жылда айналып келіп отыратын құбылыс. 1971-74 жылдары да мүлдем су азайып кеткен. Десе де, ғалымдардың арқасында ол тығырықтан шыға алдық, бұл жылдары да оңай еңсеретіндігімізге сенімдімін, – деді «Қазсушар» РМК өндірістік учаске басшысы Жорабек Нұрымбетов.

Диқандар биылғы жылы күріштен бөлек бидай, қант құмайы, арпа, сұлы және мақсары екпек. Сонымен қатар, малазықтық дақылдары мен көкөніс, бақша дақылдарын егеді. Диқандар өздеріне қажетті барлық тұқымдармен қамтамасыз етілген. Көктемнің бүгінгі көрінісі көрікті. Жер жыртқан жұрт дән себу жұмыстарына белсене кірісіп кеткен. Қазіргі шаруаның да күйі жақсы. Бұрынғыдай жанар-жағармай тапшылығы, тұқымның азшылығы сияқты мәселелерді көтермейді.

– Қазіргі таңда судың жетіспеушілігіне байланысты «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу» институтының ғалымдарымен жаңа, суды аз қажет ететін күріштың жаңа дақылы шығарылды. Біздің өңірімізде егіліп жатқан күріш сорттарына карағанда ерте пісетін дақыл. Бар-жоғы 110 күнде піседі. Биылғы жоспар бойынша, осы сорттың үлесін 13 пайызға дейін көбейтеміз. Одан бөлек, біз әріптестерімізбен бірге көптеген жылдар бойы біздің институттың ғалымдары жасаған көшеттеп егу технологиясы бойынша күріш егу қолға алынды. Арнайы жылыжайда 1 ай бойы күріштің көшеті егіледі. 1 айдан кейін көшет егістің алқабына егіледі. Мұндағы ерекшелік – тұқымның жоғалуын болдырмаймыз. Мәселен, дәстүрлі егін егуге қарасақ, 1 гектарға 250 кг тұқым жұмсалса, оның 30 пайызы ғана өнім шығарады. Қалғаны жоғалады. Ал көшеттеп егуде тұқым толығымен өсіп шығады. Су да әлдеқайда үнемделеді, – деді Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы Нұрбол Орынбасарұлы.

«Судың да сұрауы бар». Десе де, судың нағыз сұрауын енді көріп жатырмыз. Ендігі күн тәртібінде бірінші тұрған басты мәселе – су тапшылығы. Біздің ел ғана емес барлық мемлекетте суға зәрулік туындап отыр. Бұдан былай ысырапшылдыққа жол жоқ. Мамандар мүмкін болса мейлінше суды үнемдеудің жолын іздеп әлек. Дегенмен, бұл диқандардың жұмысына кедергісін келтірмеуі тиіс.

Дән себу рәсімінің соңында Қарауылтөбе ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Досмахан Амангелді бата беріп, егіннің мол өнім беруін тіледі. Осылайша, қаламыздағы егін егу жұмыстары басталып кетті. Ендеше елдің ризығы мол болып, егін бітік шықсын дегіміз келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: