Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дипломсыз қалу – дүбәра болу емес

21.03.2023, 10:40 249

Жетістікке жету әр адамға әртүрлі әсер қалдырады. Біреу үшін биік шыңды бағындыру қоғаммен жақсы қарым-қаты­нас орната білу болса, біреу үшін жетістік бай болу секілді. Ал енді біріне жетістік деген – тек бір жапырақ қағаз түріндегі дип­лом. Өмір бойына марапаттың иісіне масаттанған адам аяғын шалыс басса, сол бір сәтсіздік пен жеңілісті өмірлік катастрофа деп қабылдайды. Ешкімнен, ешнәрседен жеңіліп үйренбеу – психологиялық синдром деп айтылады. Марапаттың шыңы – абырой мен атақтың асқақтауы деп білетіндер үшін өмір сүру қиын деп топшыла­сақ болатындай. «Даналық кітаптарда» ақ пен қара, ауыр мен жеңіл, жетістік пен жеңіліс қатар жүретіні сан рет айтылса да, іштегі эгоизм сол дүние­ні қабылдауға мүмкіндік бермейтін адамдар да бар. Мәселен, үлкен додаға дайындалдыңыз, сол үшін қаншама күн бойы жүйкеңізді жұқартып, уақытыңызды осы дүниеге арнап, дайындық жасадыңыз. Соңында оң нәтиже көрсетсеңіз, еңбек ақталды деп ғана біліңіз, ал сәтсіз болып жатса, бұл сіздің деңгейіңіздің төмен болғандығы емес. Миға осы формуланы мықтап орнатып қойған жөн. Бірақ, жеңіс бар жерде қалыс қалу да тұрақты дүние емес пе? Сондықтан, жетістік пен жеңілісті тең көріп үйрену қалыпты болмыстан хабар  береді.

Жұрт алдында биік дәрежелі болып жүрген­дердің  басым бөлігі – өмірдегі жеңіс пен жеңіліс­ті қатар қабылдағандар. Бұл – өзіміз көріп, біліп-түйген тұлғалардан байқаған тәмсіл. Белгілі бір ұлттың менталитеті мен ұстанымын мораль деген сөзге теңестіреміз. Оны бүтін алып қарас­тырсақ,  барлық ұлттың мәдениетін қамтиды. Мұның өзгеретін тұсы әр мемлекеттің салт-дәстүрі мен дініне, діліне қарай жаңашаланып, ауқымы кеңейіп отырады. Ал, жекелей қарасақ, адамгершілік қағидасын түзетін бірден-бір құрал. Ішкі мәдениеті мен таным-түсінігі жоғары адам әрдайым кез келген сәттілік пен сәтсіздікті өмірдің ағысымен бірге жүзу немесе қарапайымдылық  деп  біледі.

Осыдан келіп, бақталастық деген дүние пайда болады. Көбінің көкейінде жай ғана бәсекелестік деп сезілетін осы ұғым  адамзатқа  жау  әрі жат дүние екенін айтады білетіндер. Бұл біздің ниетті қараңғыландырып, көзімізді жіпсіз байлап тастайды. Біреудің жетістігіне қуана алмайтын халге түсіріп, адами құндылықтан ада қалдырады. Ұлы Абай армандаған «Толық адам» болмысы мұндай кемшіліктерден пәк еді. Ендеше, біреудің жетістігіне бар ықыласыңмен қуанбау – «күнә» ғой! Адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «адамзатты ең ұлы қылатын дүние – өзіне  тілегенді  өзгеге де тілеу» дейді. Дәл осындай  тұлға  болуымызға  кім  қарсы?!

Рас, ешкімге «сүттен ақ, судан таза» деген теңеу бере алмаймыз, дегенмен де ризашылық пен қанағатшылдық деген қасиетті ұмытып бара жатқандаймыз. Бұл дүниені әрбір адам білсе де, санаға қайта салмаса, ар-ожданнан қалып қоюы да мүмкін. Егер, марапатқа масаттанатын болсаңыз, жетістікті жігер деп қана білсеңіз, өзгені диплом ала алмағаны үшін дүбара санайтын болсаңыз, өмір бойы жиған біліміңізден не пайда? Демек, ол сізге ешқандай да пайда алып келмегені. Осы жазылған дүние өзгеруіңізге себепші болса, біздің жетістік – сол. Сондықтан, ойлы оқырманды ішкі мәдениеттің асқар шыңы санала­тын адамдық болмыстан, ашкөздіктен ада болғанын  қалап, руханиятына азық болар деген оймен  қалам  тербеуді  жөн  көрдік.

МҰНАРА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: