Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дінім – дүдәмал, тілім – алашұбар

17.04.2023, 9:00 231

HALYQLINE.KZ

Бәріне бірдей топырақ шашуға болмас, десек те біздің қазақтың имамдары (дін өкілдерін бұрын «молда» деп атаушы едік) өзінің арғы тегін араб деп ойлайтын болар. Өйткені өзінің қасиетті ата-бабасы, олардан қалған рухани мұра, ғасырлар бойы мінін бұзбай бүгінгі күнге жеткен асыл сөздері, аңызға айналған ерлік істері туралы ләм-мим демейді. Өздеріңіз де көріп жүрсіздер ғой, уағыз айтар болса, сөзінің басын пайғамбардан бастап, сахабамен аяқтайды. Қазір таңдайындағы ана сүтінің дәмі кетпеген шикіөкпе балалар да мешітке барады, уағыз тыңдайды. Соларды араби салт-тұрмысқа иландырып тәрбиелеп жатыр.

Зайырлы мемлекетпіз дейміз, бірақ қазақстандық идеологиядағы таразы басын дүдәмал дін тартып барады. Бұрын орысқа құлдық ұрсақ, енді арабқа табыну жүріп жатыр. Ертеңгі күні қазағым мақтанышпен: «Біз арабтардан тарағанбыз» жеп жүре ме деп қорқам! Шәкәрім атаң: «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік, «Арабсың» деген сөздің түбі шірік. «Пәленше сахабаның затысың» деп, Алдаған дін жамылған өңкей жүлік», деп жайдан-жай айта салған жоооқ!

Имамдардың уағызы бұрынғы коммунистік партияның екіленіп сөйлейтін үгітшілері мен насихатшыларының заржақ сөздері сияқты әсер етеді. Мысалы, коммунистер ұлы Ленин, Маркс, (Сталинді айта қоймайтын) сосын СОКП Орталық Комитетінің көзі тірі Бас хатшысының сөздерін мысалға келтіретін. Енді имамдардың сөйлеу ырғағы мен екпіні де дәл солай және «пәлен деген пайғамбар былай деді» деп араб тілінде мысал келтіріп, сосын оның қазақша мәтінін айтады. Артына небір даналық сөз қалдырған өзіміздің ғұламалар аз ба? Енді «ғалымдар айтады» дейтін болыпты. Кай ғалым, қай ғұлама? Кешегі Шоқан ба, әлде Ыбырай ма? Не болмаса, берідегі Әлкей Марғұлан ба? Ең болмаса, «Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген» десе, бір бөлек. Дегенмен Құнанбайдың Абайы «орыстан білім ал, орыстан үйрен» деді-ау!

***

Кей кездері: «қажылықтың қадірі қашып бара жатыр ма» деп қалам! «Пәленше пәленінші рет қажылыққа барып келді» деп көпіртетін болыпты. Тіпті Алматыда бір қазағымыз қажылыққа 100-ші рет барып келгенін еліміздің түкпір-түкпірінен «современный қажыларды» жинап, осы бірер жылдықта ұлан-асыр той өткізді. Қонақтардың арасында араб мемлекеттерінің бірінен арнайы шақырылған шейх та болды. Журналист одан сұхбат алып тұр:

– Осы жағдайға қандай баға бересіз? – деп сұрады.

– Айта алмаймын, бұрын-соңды мұндай болған емес, – деді. Езуінде «Жыртыл қазақ, жыртыл!» деген мысқыл ойнайды.

Дүйім қазақты қажы қылмақ па? Қазіргі Бас мүфти Наурызбай қажы Сауд Арабиясына барған сапарында Умра және қажылық министріне қайыр сұрағандай болып, «бізден қажылық сапарға келгендерге жолақысы мен төсекпұлды арзандатшы» дегенше, Меккедегі Қағбаның жанындағы Құнанбай қажының меншігіндегі жерге ең болмаса, «Бұрын бұл орын қазақ Құнанбай Өскенбайұлының меншігінде болған» деген сияқты тақта қою жолын қарастырмады ма екен.

Өз кезінде Бас мүфти Рәтбек қажы:

– Мен шетелден діни оқу бітіріп келгендерді жұмысқа алмаймын, – деп еді.

Рәтбек қажы тегін айтты дейсіз бе, шеттегі елдің дінімен қаруланған адам қазақы қалыптасқан дәстүрлі діннен алшақ болады деп тұр-ау! Солай болды ғой. Жалпақшешей боламыз деп, енді неше түрлі діни ағымның уын ішіп отырған жоқпыз ба? Бұдан бұрын «қазақ жүзіне, руына қарай бөлінеді» деуші еді, енді ол аздай, ислам дініндегі ағымдарына қарай жік-жікке бөлініп жатыр.

***

Әр қазақ үш тілді де, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеруі керек деп ұрандатып жүрсек, мына жағымыздан қапталдасып, араб тілі шықты. Ал менің тілім күнгейге шыға алмай, көлеңкеде солып барады. Кез келген қазақша балабақшаның немесе қазақ мектебінің ауласына кіріп көрші, менің болашағым орысша сөйлейді, ағылшынша шүлдірлейді. Балабақша, не мектептен баласын алып қайтқан ата-ана баласымен қазақша емес тілде сөйлесіп бара жатыр.

Енді «Қазақ тілін» ұлттық пантеонға апарып, бетондап көміп, «Бұл жерде түркі тілдерінің ішінде саф күйінде сақталған Қазақ тілі жатыр» деген тақтайша қою ғана қалды.

Бұрын орыс тілін білмеу «стыдно» еді. Шынымен ұялатынбыз, орыс тілін меңгеріп алуға тырыстық. Қазағым орыстың тілін ғана емес, басқа әдет-ғұрпын да қоса игеріп тастады. Тіпті орыс академигі Дмитрий Лихачев тілі жүдеп бара жатқан орыс әдебиетшілеріне ренжіп: «Орыс тілін жетік білгілерің келсе – Қазақстанға, Олжасқа барыңдар!» депті. КСРО-ның құрсаулы құрсағында тағы бір он жыл қалғанда тіліміз бен діліміз әбден орыстанып, «қара орыс» болатын едік. Дегенмен қазір де тіліміздің шекесі шылқып тұрғаны шамалы.

Оны айтасыз, енді көзге көріне қоймайтын «арабтану майданы» жүріп жатыр. Өтірік емес, тілімізге араб сөздері еніп барады. Соны біздің дүбәралар кәдімгідей сән қылып, өздерін Аллаға жақын көретін сияқты.

Ауу, не істеу керек?! Идеологтар қайдасыңдар? Идеология – жоқ, идеолог қайдан болсын.

Қазіргі «идеологтар» – блогерлер, тик-токшылар, әлеуметтік желінің «қайраткерлері» ділмәрсіп, ақыл айтқанда, мырс етесің де қоясың. Қайсысының аузына қақпақ боларсың.

Компартияның идеологиясын жүргізетін үгітшілер мен насихатшылар сөйлегенде ұйытып тастайтын, сендіретін, соңынан ерте білетін. Сол тәжірибені ұлттық мүддеге ыңғайлап, пайдалануға болады ғой. Жаңа Қазақстанға әуелі ұлттық идеология, сосын ұлтжанды идеологтар дайындайтын мектеп керек.

Ғалымжан  ТӨРЕХАНОВ.

«Жас  Алаш»  газетінен  алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: