Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бірдеңе істеу керек еді» деп жүрсіз бе?

25.05.2023, 11:20 257

Үш адамның басы қосылса, «бірдеңе істеу керек еді» деген әңгіме басталады. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал». Бір айлыққа қарап отыратын мезгіл өтіп кетті. Десе де, бұл түсінікті бұдан бірнеше жыл бұрын ұғынып, көш ілгері қадам жасап кеткендер қаншама?! Не қадам дейтін шығарсыз, әрине сауда-саттық. Тіпті үйде отырған келіншектерден пысықайы болмай кетті. Өз уақыты өзінде, жан-жағына «қаржы керек» деп қарайламайды. Желі арқылы зат сатып, жарымен бірге үйінің берекесін келтіреді. Бұрынғыдай ала дорба асынып, Қытай, Түркия барып, мұхит не теңіз аспайсыз. Қолыңызда телефон мен интернет болса болғаны. Түрлі шетелдік сайттарға кіріп, зат алдырып, оны  үстеме  бағамен  елге  сатуға  болады.

Сауда ең бірінші кезекте Қытаймен қызып тұр. Олардың «1688», «ТаоБао», «Пиндуодуо» және өзге де сайттары арқылы қазақстандықтар кәсіптерін әжептеуір дөңгелетіп отыр. Көтерме бағамен де, жекелей де зат алып сатуға болады. Мемлекетіміз де халықтың осындай мол мүмкіндіктерге қол жеткізіп отырғанын бағамдап, Қытай елімен сауда-саттықты нығайтуды көздеп отыр екен. Оған Президент Қ.Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Қытай тарапы сауда-экономикалық зерттеулер саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғаны дәлел болып тұр. Меморандум Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейде одан әрі ілгерілетуге және дамытуға, оның ішінде екі елдің ғылыми ұйымдары арасындағы әріптестік байланыстарды үйлестіруге бағытталған. Құжатқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин және ҚХР Коммерция министрі Ван Вэньтао қол қойды. Құжат «Сауда-экономикалық стратегиялар орталығы» қоғамдық қоры (Қазақстан) мен ҚХР коммерция министрлігінің халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық академиясы арасында қажетті зерттеулер, бірлескен талдамалық және басқа да шолулар жүргізуді, озық тәжірибе мен ақпарат алмасуды көздейді. Сондай-ақ, меморандум сауда-экономикалық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты ынталандыруға ықпал етуге және өзара сауданың әлеуетін арттырудың тәсілдері мен тетіктері бойынша ұсыныстар әзірлеуге, инновациялық дамуға жәрдемдесуге, жаңа технологияларды пайдалануға бағытталған және басқа да бірлескен іс-шараларды өткізу мүмкіндігі қарастырылған.

Жасырмаймыз,  тұрмыста  күнделікті тұтынатын  заттар, киім-кешек,  тіпті  кейбір тағам өнімдері де – Қытайдікі.  Қазақстан нарығындағы  алдыңғы  орында  тұрған да – Қытай. Сондықтан  екі ел арасындағы сауда-экономикалық  қарым-қатынасты прогрессивті  жағына  қарай  дамытқаны  жөн.

– Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық  жетті. Қытайдың «Alibaba Group», «JD.COM»  сияқты  интернет  алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда, Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды. JD.COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Болашақта өзара сауда-саттығымыз арта түсетіні анық. Біз осыны ескере отырып, жаңа кеден қоймаларын ашуға белсене кірістік. Осы орайда, серіктестерімізге тауарын біздің қоймаларымызда сақтауды ұсынамыз. Мұның логистика тұрғысынан алғанда өте қолайлы екенін айта кеткен жөн. Сонда Орталық Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да  тауар  тасымалдау  мерзімін  азайтуға мүмкіндік туады, – деді Қ.Тоқаев  қазақ-қытай инвестициялық  дөңгелек  үстелінде  сөйлеген  сөзінде.

Енді  алдағы  уақытта  тауарлардың тұтынушыға жету уақыты азаяды. Бұрын Қытай арқылы келетін тауарлар Қазақстанға 15-20 күн ішінде болса, бұдан кейін небәрі 5-7 күн, тіпті одан да аз уақыт болуы  ғажап  емес.

– Қытайдан зат алып, сатып жүргеніме екі жылдан асты. Уақытша үйде отырған анамын. Күнделікті күнкөріс, жүріс-тұрыс, керек-жарағымды осы саудадан айырып отырамын. Қазір мүмкіндік өте көп. Әсіресе жастарға. Әлеуметтік желіде қалай тапсырыс беру, қабылдау, сату, желіні дамыту барлығын үйреніп алуға болады. Тек адамның ниеті болса жетеді, – дейді  қала  тұрғыны  А.Асанова.

Онлай  сауданың  оңайы  сол,  ешқандай артық шығын жоқ, үйде отырып-ақ жұмыс істей  бересіз. 2020  жылғы  пандемия  сауданың осы саласын барынша жылдам дамытты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы қазақстандықтар цифрлық сервистерді белсене қолданып, бірінші жартыжылдықта интернет дүкендердегі сауда-саттық көрсеткіштері екі есе өскені туралы айтылады. Онлайн тұтынушылар тарапынан әсіресе азық-түлікке, балаларға арналған тауарларға, дәрі-дәрмекке деген сұраныс жоғары болған. Былтыр онлайн сауданың жалпы көлеміндегі айтарлықтай үлесті (32,4%) сән сегменті иеленді. Соңғы  бір  жылда қазақстандықтар  интернетте  киім, аяқкиім және  түрлі  аксессуарларды сатып алуға  423,9 млрд теңге (17% көбейген) жұмсаған. Екінші орында тұрмыстық техника мен электроника тұр, бұл санаттың үлесі  27,1%-ды  құрады. Жоғары  технологиялық  тауарлар 11,6% өсіммен 355 млрд теңгеге жеткен. Азық-түлік сегменті де онлайн саудаға ойысып жатыр. Электронды азық-түлік нарығының көлемі шамамен үштен бірге өскен. Сондай-ақ сусындар мен темекі интернет арқылы әлдеқайда үлкен  көлемде  сатыла  бастаған.

ТҮЙІН. Адал тапқан  астың арамдығы  жоқ.  Артық  ақша адамға  аздық  етпейді.  Нарық талабына сай бейімделген де жақсы. «Үкімет үйдегі адамға не береді?»  дегеннен  қимылдап  қыр  асқан  әлдеқайда  қайырлы.

К.ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: