Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ашынған аналар Ақордаға аттанды

29.04.2021, 12:00 674

Заман орнында, қоғам өзгерді ме, адам өзгерді ме? Қоғамды бұзатын не? Адам ба? Ниет түзу болса, ой сәулесі болса, заман өзгеруі мүмкін емес. Бір нәрсе анық, қоғамды қалыптастыратын – адам, адамдардың пейілі мен ниеті өзгеріп барады. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері қоғамда наразылар, сәл қиындыққа шыдамай, дайын дүниені малданып, «сұрамсақ», қит етсе, билікке қарсы «аттандап» шығатындар көбейіп келеді. Әсіресе, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетіп, ізгіліктің ізашары болатын әйел-аналардың айғай-шуы үдеп тұр. Өз қолымызды өзіміз кесе алмаймыз, басында бәрін «әдеттендіріп» үйретіп алдық па, әкімдіктің алдын (тіпті, ғимаратына жата-жастана жайғасатын) бермейтін үркердей топ әйелдің әуселесін жиі көріп жүрміз. Сөзге дес бермейтін айғайшыл жас келіншектерді көз көргенде, сонау артта қалған қиын заманда арды ойлаған аналардың аруақтарынан айналайын дейсің. Мүмкін, бүгін­гі уақыт өз салмағын салып тұрған шығар, әлеуметтік қиындық бәрінде бар, алайда ардан аттамай, мәселені байыппен шешу­ге тырысуға болады ғой. Жоқ! Ана деген ардақты атқа кір келтіріп, үрен-сүрен салып, ел  абыройын  төгіп  жүр.

Оны неге айтып отырмыз, осындай оннан астам қызылордалық әйел жергілікті билікті қойып, апта басында Ақордаға тіке тартты. Алайда әлеуметтік мәселелеріне шағымданған, арасында бала жетектеген де, аяғы ауыр әйелдер де бар наразылардың жолын арнайы жасақ бөгеді. «Біз баспана, жәрдемақы, бала күтімі және денсаулық мәселесі бойынша келіп тұрмыз. Жергілікті биліктің берген уәдесінен шаршадық, әлеуметтік көмекті күте-күте төзіміміз таусылды, амалсыздан осында келдік» деді олар Азаттық тілшісіне.

– Бес балам бар. Бұған дейін Қызылорда билігіне мәселелерімізді шешіп беруді талап етіп, талай рет бардық. Бірақ нәтиже жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек алмаймын. Біреудің үйіне тұрақты тіркеуге тіркелген едім, ол жалған болып шығып, сөйтіп атаулы көмек алты айға артқа кетіп қалды. Баспана кезегінде 2012 жылдан бері тұрып келеміз. Осы уақытқа дейін не атаулы көмек алмай, ештеңе алмай күн көріп келе жатырмыз. Қашан бізге көмек беріледі, баспана мәселесі қашан шешіледі? – деді әйелдердің бірі Жанар Нұркенова.

Үш баланың анасы Перизат Әбуова да әлеу­мет­тік көмектің мардымсыздығына ша­ғым­данып, «билікке үнін жеткізу үшін амалсыздан жол жүріп келгенін» айтады. Бірақ оларды Ақордаға бара жатқан жолда арнайы жасақ бөгеді. Ашынған аналар «Сендер Тоқаев­ты қорғайсыңдар ма, әлде халықты қор­ғайсыңдар ма? Ана мен баланы қорғаңдар!» деп айғайлаған. Ақыры Ақордаға өте алмаған әйелдер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына барып, қабылдау бөлмесіне жазылуға тырысты…

Хош.  Диоген  қолына  шам  алып, базардағы адамдардың  бетіне түсіріп жүр дейді.  «Не істеп  жүрсің?»  десе, «Адам іздеп жүрмін» деген екен. Расында, қазір кім кімді іздеп  жүр? Ашынған аналарды «аттандатып» Ақордаға аттандырғанша, жергілікті билік, қала берді, қаптаған қоғамдық ұйымдар (әйелдер кеңесі. – ред.) мәселені ушықтырмай, «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» жолды тапса, ашу тарқап, өмір жалғасар еді. Әрине, ақыл айту – оңай…

Н.КЕНЖЕТАЙ

Сурет Азаттық радиосынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: