Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралдағы ауқымды істер

08.11.2021, 12:16 517

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов аймақ тілшілеріне 9 айлық қорытынды есебін беріп, атқарылған ауқымды шараларының нәтижелерімен бөлісті. Сөзінің басын аудан халқын абдыратқан қуаңшылықтан бастады. Өйткені бұл мәселе ауданның ғана емес, аймақтың, тіпті республикалық маңызды мәселеге айналды. Күні бүгінге дейін 600-ге жуық мал басының өлімі тіркелген. Дер кезінде аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия құрылып, сәйкес шаралар қолға алынды. Нәтижесінде 205822 бас малға 180 күнге 184640 тонна шөп жеткізілді.

Қуаңшылықтан қырылған мал басының артуы белгілі қоғам қайраткері, меценат Болат Өтемұратовты да бейжай қалдырмапты. Жеке қоры есебінен зардап шеккендерге көмек есебінде 280 млн теңге қаржы бөлген. Ол қаржыға Қостанай, Ақтөбе облыстарынан қажетті жем қоры тасымалданып, алдымен аз қамтылған отбасыларға 1331 тонна жем-шөп таратылды.

Арал ауданы  инвестиция тартудан алда келеді. Жыл басынан бері 8,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Өнеркәсіптің өркен жайғанын да қоса кету керек. Қазірге дейін аудан бойынша 542612 тонна тұз қазылып, 2803 тонна балық, 209 тонна ет, 847 тонна нан өнімдері өндірілген. Аудан әкімі С.Сермағамбетов балық өндіру ісіне толығырақ тоқталып, пандемияға байланысты балық аулау ісінде алдыңғы жылдармен салыстырғанда ілгерілеудің аздығы жөнінде атап өтті.

Балық аулау кезеңі биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап келесі жылдың 1 шілдесіне дейін есепке алынады. 2021 жылдан 2022 жылға дейін Кіші Арал теңізінен 6937 тонна, Қамыстыбас көлдер жүйесінен 41 тонна және Примор көлдер жүйесінен 26 тоннаны құрап, аудан бойынша барлық лимит 7430 тонна болып бекітілген. 2021 жылдың шілде айынан бастап ауланған балық 310 тонна болса, жыл басынан бері өңделген балық 2803 тоннаға жетті,- деді аудан әкімі.

Аралда жылдық қуаттылығы 23900 тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның ішінде Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС бар. Қазірге дейін Ресей, Польша, Литва, Нидерланды, Грузия және Украина мемлекеттеріне бас-аяғы 2192 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылған.

Құрылыста да қарқын бар. Былтыр 22354 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген. Меценат Болат Өтемұратов бұл салаға да қолдан келген көмегін аяп қалмапты. Қазан айының басында Б.Өтемұратов қорының қолдауымен көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер мен әлеуметтік аз қамтылғандарға 40 тұрғын үй салынған.

Қазіргі таңда аудандағы жалпы орта білім беретін 50 мектепте 17 мыңнан аса бала білім алады. Ал 54 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 4000-ға жуық бала тәрбиеленуде. Осыған орай алдағы жылдары Арал қаласы және Сексеуіл кенті, Қамыстыбас, Шижаға секілді тұрғындардың шоғырлануы басым елді мекендермен қатар, Сапақ, Жалғызағым, Ақшатау елді мекендеріне сыйымдылығы жоғары мектеп ғимараттары қажет болып отыр. Жолдауда бұл мәселе уақытылы көтеріліп, урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылға дейін білім ордаларын салу көзделіп отыр. Осы орайда алдағы 5 жылда ауданда 10 білім беру мекемесін салу жобасы әзірленіп,  жоспарға қойылды, – деді аудан басшысы С.Сермағамбетов.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қуаттылығы 300 мың тонна өнім беретін «Арал Сода» зауытына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жұмыстарына биыл 259,7 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, Арал теңізі станциясынан зауытқа кіреберіс теміржол тұйығын салуға 300 млн теңге қаржы қарастырылған.

Ауданда демографиялық көрсеткіш жылдағыдан жоғарылаған. Мәліметтерге сүйенсек, күні бүінге дейін 1633 бала дүниеге келіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 промилльге жоғарылаған. Енді аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында республикалық бюджеттен құны 140 млн теңгені құрайтын жылжымалы медициналық кешен алынған. Сонымен қатар бағасы 270 млн теңге тұратын компьютерлік томография да алдағы уақытта аудан тұрғындары үшін қызмет ететін болады.

Әйгерім НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: