Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АҚТЫҢ АБЫРОЙЫН ҚАРАЛАҒАНДАР, ЖАЗЫҚСЫЗДЫҢ ЖАНЫН ЖАРАЛАҒАНДАР әлеуметтік желіде ел-жұртты әбден әбігерге салып жүр

20.08.2020, 10:25 1436

Иә, ХХІ ғасырдан бастап қазақ тұрмысына қарыштап енген жаңа заманғы технология­лардың бірі де бірегейі қалта телефоны, смартфон, айфон тағы тағылары еді.

Бұл күндері қалта телефоны еңбектеген баладан­ бастап еңкейген қарттың да айнымас серігі, ажырамас досы болды десек артық айтқаны­мыз  емес. Қазір кез келген бала да, шаға да қалта телефонын әурелеп, әлеуметтік желіде әлек болып жатқанын көру ешкімге таңсық­ емес. Тіпті смартфон жастанып, айфонды ата-анасынан ақылды санайтын желөкпе жастар арамызда көбейіп бара жатқанын көз көріп, құлақ шалып жүр. Олардың көбі әлеуметті­к желіде желдей ескен жалған ақпа­раттарға көбірек құлақ асатынын аңғарып жүрміз.

Міне, осындай әлеуметтік желінің «рақа­тына» кенеліп, өздерінің ауыл әкімі мен оның туыстарына деген «өкпе-назын» өрттей қаулатып жүргендердің Арал ауданындағы Райым ауылдық округінде де бар екенін естіп, еріксіз жағамызды  ұстадық.

«Айтпаса, сөздің атасы өледі» демекші әлеуметтік желінің жеңсігіне жегілген олар осы Райым­ ауылдық округінің әкімі Ү.Қарауым­бетовтың ізіне ағымдағы жылдың қаңтар айының­ алғашқы күндерінен шам алып түскен көрінеді. Әлеуметтік желіде ауыл әкімін, оның туған-туыстарын әуреге салған қолданушылар нысанаға алған жазықсыз жандарға «тасада тұрып тас атқылайды», шын аты-жөндерін жасырып­, желіге лақап есімдерімен жеті-сегіз айдан бері шығып келе жатқан олар «Күміс Ділжанова», «Гүлбарам Матаева» аттарымен аян. Әркімнің ермегі ғана емес, есерсоқ ессіз ойын­шығына айналып, талайдың тағдырын таяққа жыққан желіде әлгілер әлі күнге «Мықты  болсаңдар, тауып алыңдар» деп ешкімнен айылы­н жияр емес. Тіпті мемлекет басшысының жергілікті жердегі өкілі саналатын округ әкімінің жазбаша арызына Арал аудандық ішкі істер бөлімі басшылары «әлеуметтік желідегі жел сөздің авторларының нағыз аты-жөнін анықтау мүмкін емес» деп дәрменсіз жауап берген­ін  айтып қынжылады  ауыл әкімі.

Ауыл әкімі өз арызында былай дейді. «Бүркеншік атпен фейсбук әлеуметтік желісінде Күміс Ділжанова, Гүлбарам Матаева есімді азаматшалар бір жылдан бері менің абыройыма нұқсан келтіру мақсатында жалған мәліметтер жариялап, халық алдында масқаралап келеді.­ Мен бұған дейін де бұл жайды хабарлап аудандық құқық қорғау органдарына шағым­данған болатынмын. Бірақ домалақ арыз иелерінің шынайы кім екені анықталмай отыр. Олар енді біздің органдардың осалдығын, өздерін таба алмайтынын білген соң мені ғана емес ауыл тұрғындарының барлығын «жаптым жала, жақтым күйе» деген мағынада қаралауға көшті. Біріне «сайқал» деп азаматтық ар-намысына тиіссе, екінші біреулеріне «алқаш» деп айдар  тағыпты. Жазықсыз  жазғырғандарының кейбірі – жоғары білімді педагог. Тіпті менің туыс келіндеріме жазбағаны жоқ. Айтуға аузым бармайды. Осы сөзден кейін отбасылық араздық туып, ерлі-зайыптылардың арасында кикілжің, ұрыс-керіс орын алуда» деген әкім бұған қоса пандемия өршіп тұрған кезеңде ауылдың  ауызбірлігін  ойлап  алаңдайды.

Арыз иесі құқық қорғау органдарынан шұғыл әрекет жасап, мән-жайды тез арада анықтап  берулерін  сұрайды.

Кез келген Қазақстан Республикасы азаматының құқығы заңмен қорғалған, ешкімнің оның ар-намысын таптауға, аяқасты етуге құқығы жоқ. Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясында тайға таңба басқандай нақты­  жазылғанын  әркім-ақ  біледі.

Әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да бар екені әркімге аян. Зияны міне, осындай. Ал, пайдасын оны пайдаланушылар жақсы білсе керек. Қазір әлеуметтік желіде әртүрлі қызу әңгіме. Ауызекі өсек әңгіменің бояуын қалың тұтатып елді адастырып жүргендер де, бір-бірі­нің арасына араздық отын жағып «шоқ, шоқ» деп шошаңдап жүргендер де, тіпті қоғамда қазір­гідей кезеңде болып жатқан оқиғалардың тонын теріс айналдыруға талпынғандар да осы топтың ішінен шығады. Жазықсыз жанға жалған жала жауып, оның ар-намысын таптағандар шынымен  әлеуметтік желіде тайраңдай бере ме? «Асқанға тосқан» дегендей бүркеншік атпен бетін бүркемелеп, айрандай ұйып отыр­ған ауыл адамдарының арасында алауыздық отын өршітіп жүргендер  тез арада ауыздықталу­ға тиіс. Әділ заң алдында жазаларын тартуы керек.

Лақап есіммен әлеуметтік желіде оңды-солды­ өсек отын өршітіп жүргендер ауыл әкімі Ү.Қарауымбетовты осы қызметке «Кутузов» (оның шын аты-жөні жоқ па? Әлеуметтік желіде­ осылай жазылған) бұрынғы ауыл әкімін соттатып, орнына тағайындатып жібергенін жіпке тізіпті. Сонда К.Ділжанова пен Г.Матаева айтқан арызқой мемлекеттік қызмет істеріне ай-күннің аманында қайтіп араласады? Айдаладағы арызқой атанған «Кутузовтың» жоғары-төменгі буындағы аудан басшыларына айтқанын айдатқызып, жала жапқанын жаптыратын не құдіреті болғаны? Апыр-ай, ауыз өзімдікі демей­ әсте абайлап сөйлесе қайтеді екен? Бұл «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегеннің аумай-төкпей өзі болды да шықты. Әлеуметтік желіде осылайша «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң жазықсыз­дарды жазғырғандар тайраңдамағанда кім тайраң­дайды?

Адамның ар-намысын қолжаулық етіп әлеуме­ттік желіде танаулары шелектей, сойылдары теректей болғандар бұл қылықтары үшін заң алдында жауап берулері керек.

Кешегі кеңестік кезеңде «домалақ арыз» жазушы­лар  ізін қанша таптырмаймын дегенмен  әділдіктің құрығына ілінуші еді. Қазіргідей өркениетті заманда әлеуметтік желіні ермек етіп, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей ақты  қаралап, жазықсызды жаралап жүргендер әділ заңның құрығынан ерте ме, кеш пе құтылмауы тиіс.

Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын облыс басшысының кезекті іссапары кезінде оңтүстік аудандардың бірінде әлеуметтік желіні емін-еркін пайдаланған әлдебіреулер аузына келгенін айтып, ел жұртты біраз әбігерге салған­ еді. Сонда деймін-ау, лауазымды тұлғаның жүрер жолын, өтетін тұсын бірер сәт жабу, ашу бұрыннан қалыптасқан қағида, жол ережесі қауіпсіздігін сақтау емес пе еді. Оны жарияға жайып, басшы тұлғасына, беделіне нұқсан келтіруге тырысқан әлгі желауызға неге дер кезінде жол береміз? Әлеуметтік желіде ойларына келгенін жазып, жазықсыз жандардың төбесін­де әңгіртаяқ ойнатқандарға шынымен-ақ тосқауыл қоя алмаймыз ба? Оларды анықтап жазалай­тын заң органдары неге үнсіз? Әлде «әй» дейтін әжесі, «қой» дейтін қожасы жоқтығын пайдаланған желауыздар бүтін бір ауылдың арасына осылайша іріткі сала бермек пе?

Ел бірлігі егеменді мемлекетіміз, тәуелсіз халқымыз үшін ең басты керек екенін естен шығармайық. Ендеше бүгінгідей пандемия кезеңін­де мемлекет басшысының жергілікті жердегі өкілі – ауыл әкімінің төбесіне әлеуметтік желіде әңгіртаяқ ойнатып жүргендер тез арада анықталып, әділ заң алдында жауап берул­ері  тиіс.

Т.НҰРЖАН-БАЛТА.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: