Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмыс көп, жұмыссыз да жоқ емес

10.02.2022, 11:00 746

Бүгінде қос қолына диплом ұстаған жас маман да, қарапайым халық та «жұмыс жоқ» дегенде алдына жан салмайды. Оған себеп – ауыз толтыра айтып, асыға күткен айлықтың барлық қажеттілікті қамтамасыз ете алмауы. Ауладағы екі кісінің басы қосылса болғаны «Құнсызданған теңге-ай», «Ет те қымбат, картоп та арзан емес» деп қаражатпен қай жыртықты жамарын білмей отырғанын байқаймыз. Осы аталғандардың барлығы жұмыс орындарындағы арнайы маманның жоқтығына себеп.

Олай дейтініміз, бастап­қыда қай саланың болмасын, жалақысы аз екені белгілі. Аз айлықты сарғая күтіп күнелт­кенше, күнделікті табыс тауып  отыруды жастардан бөлек отыздан асып, ес тоқтатқандар  да  әдетке  айналдырған.

Оқуды кеше бітірген жас маман жұмыс іздегенімен, мекеменің барлығы дерлік іс-тәжірибенің жоқтығын алға тартып немесе «бірдеңе­нің» бір шетін көрсетпесең, жұмысқа  қабылдамайды. Қай ортаға болмасын, өз мамандығының нағыз майталманы керек. Білім баспалдағы қалыптасқан жас студенттің нағыз маман, білікті тұлға болып қалыптасуына негізгі ықпал алғашқы жұмыс орны­нан  болуы  керек  емес  пе?

Үйдегі ата-анаға студенттік шақтағы қарайласқанына қарамастан оқу тамамдағаннан кейін де салмақ салу ұят. Оны түсінген студенттің көпшілігі оқу сатысында да, бітіргеннен кейін де, зат сатумен, түрлі ойын-сауық орталықтарында жұмыс істеумен айналысады. Осылайша, студенттік өмірдің қосымша уақытын шай тасуға жұмсаған олар 4-5 жылдық білім нәтижесі болған дип­ломға «бір жапырақ қағаз» ретінде ғана қарайды. Әлгі айт­қандай шай тасып тапқан ақшаны алданыш тұтып, жаны қалап түскен мамандығынан ақырындап  бой  суытады.

Өмір бойы арба сүйреп, шай тасып кетудің орнына өз саласындағы нағыз орнын табуға  мемлекет тарапы­нан, жұмыс орындарынан алғашқы қадам жасалуы тиіс. Мемлекеттік жұмыс орын­дарындағы қызмет түрлері асқан білімділік пен жауап­кершілікті талап ететіні белгілі. Бірақ ешкім де біліп тумақ емес. Адамды шыңдайтын да, талпыныс пен табандылыққа тәрбиелейтін де – жұмыс  орны.

Жұмыссыз жүргеннен гөрі қай салада болмасын, еңбек қылып, қаражат табуды көздеу – дұрыс ниет. Дегенмен студент жастардың ешбір құжатсыз кез келген ортаға жұмысқа орналасуына шектеулер мен тексерулер қажет сияқты. Тексеру дегеннен шығады ғой, қазірде түрлі ойын-сауық орталықтары мен би кештерінде кез келген жастағы студенттер жұмыс істеп жатқанын кездестіреміз. Ал олардың қауіпсіз боларына, уақытылы еңбекақысын алып отырарына кепіл болар ешкім жоқ. Мысалы, оқу орнындағы жүйені сәл өзгертіп көрсек қалай болар екен? Сабақты оқыту барысында практикадан гөрі теория жиі пайдаланылатыны белгілі. Дәл осы тұсына аздаған алып-қосулар керек секілді. Дәрісті қызығушылығын оятатын белгілі бір іс-тәжірибеге алмастыру нәтиже бермеуі мүмкін емес-ті. Сабақтан бос уақытта оқу орнының жаны­нан-ақ студентке алғашқы тәжірибеден өткен деп айтуға келетіндей жағдай жасап, талап қоя алатын кабинеттер болғаны тым жақсы емес пе?! Болашақ маманды оқу орнының қабырғасынан-ақ дайындайтын мамандар және осы салаға арнайы қадағалаулар қойсақ, жоғарыда айтылған келеңсіздіктер болмауы мүмкін деген ойдамыз. Яғни, жұмыс орындарында кадр жетіспеу­і, жұмыс іздеп сенделген жас маман, бос уақытын кез келген жерде өткізетін студенттер, барлығы да өзіміз қолдан жасап алып отырған мәселе  сияқты.

Жәмила  ЕРМАХАН,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 4-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: