Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әр дәуірдің заңы басқа…

30.08.2022, 9:00 316

HALYQLINE.KZ

«Конституция» дегенде, есімізге Жамбыл атамыздың «Алтын заң» деген өлеңі түседі. Естеріңізде болар, «Ал, бүгін, міне, жарқырап, Нұрын шашты – Алтын заң, заң болғанда қандай заң, көрмеген бұрын ешбір жан!» деп басталатын панегрик өлеңді, ұмытпасам, төртінші сыныпта жаттадық. Меніңше, Жамбыл атамыз сол Ата заңды басқа елдердің Конституциясымен салыстыру түгіл, оқып, таныспаған да болар, бірақ, заман талабы сондай – жер-көкке сыйғызбай мақтау керек. «Конституция» сөзімен екінші рет, АҚШ-тың үшінші президенті Т.Джеферссонның хаттарын саралап, танысқан уақытта кездестім. Ол кісінің (өз басым, демократия ұғымын сол адамнан үйрендім) «Констиуция – қатып қалған догма емес. Әр заманның өзіне сай конституциясы болуы керек. Әр ұрпақ өздерінің сол уақыттағы қоғамдық өміріне сай, өздерінің Конституциясын жасайды. Жиырмадағы жігітке он екі жасар кезіндегі бешпентін кигізуге болмайды – оның белі кіндігінен келіп, жеңі шынтағында тұрады» деген сөзі бар. Жамбыл мен Джеферссонның сөздері ме, білмеймін, өз басым, Конституцияны ерекше бір құнды дүние, теңдесі жоқ еңбек, бұзылмайтын постулат деп қабылдаудан аулақпын. Ұлыбритания мен Израйль мемлекеттері (басқа да елдер жеткілікті) Конституциясыз да тамаша өмір сүріп жатыр. Мұсылман елдерінің Конституциясы – Шариғат екені де белгілі. Оларды – «заңсыздар елі» деуге ешкімнің аузы бармайтын шығар. Ұлыбритания – өздерінің қоғамдық-саяси өмірлерін заңдар арқылы (кейбіреулер «конституциялық сипатқа ие заңдар» деп те атайды) реттесе, Израиль елі «әлі елге барлық еврейлер жиналған жоқ, ал еврейлердің бір ғана бөлігі жиналып, бүкіл еврей халқының Конституциясын қабылдауларын болмайды» деп шешіпті-міс. Меніңше, «барлық еврейлердің жиналуын» ұзақ күтуге тура келетін сияқты… Қысқасы, Конституция болмаса, өмір тоқтап қалады деген ойдан аулақ болайық.

Екіншіден, қарап отырсақ, Конституцияда аксиомаға айналған мәселелер ғана кіретін сияқты. Онда да нақты мәселелер емес, абстракты, Құран мен Библияда сан рет айтылған, өмірдің заңдылығына айналған, адам құқығы мен еркіндігіне негізделген мәселелер қамтылған. Әрине, мемлекетті басқару жүйесі, сайлау жүйесі сияқты салалар әр елде әртүрлі беріледі, бірақ олардың да құрылымынан аса бір алшақтық таба алмайсыз.

Үшіншіден, Конституцияда жазылған заң талаптары, көп жағдайда, жеке заңға айналғанда мүлдем басқаша сипат алады немесе …жұмыс істемейді. Мысалы, біздің қазіргі қолданыстағы Ата заңымызда митинг, шерулерге толық рұқсат берілген, сол конституциялық баптың негізінде дайындалған заңдарымызда митинг, шерулерге «әкімдер рұқсат беруі керек» деген талап енгізілді. Соның салдарынан (қандай ақымақ әкім митингке рұқсат береді!) отыз жылымызды митинг, шерусіз өткізуге тура келді де, қаңтарда айызымыз қанып, ғимараттарды талқандап, өртеп, жағып, атысып-шабысып, ішіміздегі ашу-ызаны шығарып «бір жетісіп қалдық». Қысқасы, Конституция дегеніміз – қатып қалған заң емес екенін, ондағы берілген құқықты одан кейін, соның негізінде жазылатын заңмен шектей салуға болатынын біздің ел бірінші болып түсінген сияқты.

Төртіншіден, Конституциядағы баптарды, «мызғымас» талаптарды кез келген Парламент, кез келген Президент бес минуттың ішінде өзгерте салады екен. Мысалы, біздің қазіргі Конституциямызда президенттің жасы 65-тен аспау керек деген бап болатын. Бірақ Нұрсұлтан ағамыздың жасы 65-ке келгенде сол бапты өзгертуге «тура келді»… Конституцияның бабы – мемлекет басшысының Құдай берген жасымен үйлеспеген уақытта билік Ата заңды жеңіп шықты. Содан бері де біздің бейшара Конституция сан рет өзгертіліп, құрақ көрпеге айналды. Ата заңымыздың қадірі кетті, биліктің қолбаласына айналды. Сол уақытта «бұрын біздің еліміздің Конституциялары қандай болып еді?» деген сұрақтың тууы да заңды болар деп ойлаймын.

Біз – Кеңес одағында өмір сүрдік, сол мемлекеттен шықтық. Сондықтан Конституция күнінде сол уақыттағы қабылданған, бірнеше ондаған жыл бойы жұмыс істеген Ата заңдармен таныстырып, кейбір «қызық» жерлерін немесе бізге сабақ болатын кейбір баптарын Сіздердің алдарыңызға тартқым келеді. Әрине, әр Конституцияны жеке талдап, басынан бастап, соңына дейін саралап шығу – менің қолымынан келетін жұмыс емес, сондықтан көзіме түскен кейбір баптарға ғана пікір білдіруді жеткілікті деп санаймын.

Бірінші – 1936 жылғы Кеңес одағының Конституциясы. (Жамбыл атамыз тамсанатын – «Алтын заң!»). Тарихқа айналған бұл Конституция мені, шын мәнінде, таң қалдырды. Ең бастысы, тоталитарлық жүйенің құрсауындағы елдің Ата заңындағы билік мәселесі мен адам құқығының сақталуы – көптеген ферерациялық елдерге және демократиялық құрылымдары бар мемлекеттерге үлгі боларлық деңгейде деп білемін. Мысалы, «Барлық билік қала мен ауылдың еңбекшілерге тиісті. Олардың өкімдігі – еңбекшілер Кеңесі депутаттары» дегенді (3-бап) көріп, коммунистік партияның билігі қайда кеткен деп, таң қалдым. Ал «Әрбір одақтық республика мемлекетік билікті өздері жүргізеді. СССР одақтық республикалардың егмендігін қорғайды» деген бапты (15-бап) қайда қоясың! Ең қызығы, «Әрбір одақтас республика шетелдік мемлекеттермен тікелей байланысқа түсе алады және олармен келісім жасау құқығы бар. Дипломатиялық және консулдық өкілдермен алмаса алады» (18-баптың «а» тармағы) екен. Неге Қазақстан сол уақытта АҚШ не Франциямен тікелей байланысқа түсіп, елшілерін жібермегенін білмеймін. Айтпақшы, «Әрбір одақтас республика өзінің әскерін жасақтай алады» деген тамаша бап (18-баптың «б» тармағы) тағы бар. Бірақ Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, өзінің армиясын жасақтады дегенді естімеппіз!

30-бап бойынша, СССР дің ең жоғарғы мемлкеттік билігі – СССР Жоғарғы Кеңесі екен. «Компартия» деген тажал атымен жоқ. Өз көзіме өзім сенбей, келесі баптарды қарасам, «Министрлер кеңесін жасақтайтын да Жоғарғы Кеңес» (56-бап) болып шықты. Біз парламенттік республика боламыз деп жүргенде, осыдан 86 жыл бұрын Кеңес одағы парламентаризмге көшіп те қойыпты. Ал жергілікті жерлердің бәрінде «Еңбекшілер Кеңесі депутаттары – облыс, аудан, ауылдағы жоғарғы мемлекеттік орган болып табылады» (94-бап). Билік әкімде емес, әкімшілікте емес – Кеңестердің қолында. Біз әлі күнге дейін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін орната алмай отырсақ, Кеңес одағының жүйесі, ең болмаса, Конституция беттерінде билікті президентке де, әкімдерге де бермей, халықтың қолына ұстатыпты. Мен «Жас Алаштың» алдыңғы бір нөмірлерінде қаңтар қырғынына қатысты істердің ашық өтуі керек екенін жазған едім. 1936 жылғы Конституциядан осыған қатысты «СССР-дің барлық соттарында істер ашық қаралады» (111-бап) деген бапты кездестіріп, сенер-сенбесімді білмей қалдым… 122-бапта әйелдердің ерлермен бірдей құқықтарға ие болатыны көрсетілсе (Тоқаев мырзаның парламентке баратын партиялар әйелдерге 30 пайыз квота беру керек деген бастамасы – тек күлкіні келтіреді), адам құқығы жөніндегі баптар – біздің Парламенттің депутаттарын жерге қарататын сияқты. 125-бапта сөз бостандығы, тәуелсіз баспасөз, шерулер мен митингтер, жиналыс, демонстрацияларға толық кепілдік берілумен қатар, (құлап қалмаңыздар), «азаматтардың бұл құқықтарын жүзеге асыру үшін оларды (шерулер мен митингтерді) ұйымдастырушыларға баспахана, қағаз, қоғамдық ғимарат, көшелер мен байланыс құралдары, тағы басқа материалдық көмек көрсетіледі». Көз алдыма «Шал, кет!» деген ұрандарды дайындап жатқан ұйымдастырушылар мен оларға «тағы қандай материалдық көмек керек» деп тұрған Бауыржан Байбекті елестеткім келіп еді, қанша қиналсам да, елестете алмадым…

139-бап бойынша, барлық сайлау тікелей дауыс беру арқылы жүргізіледі. Біздердегі сенаторларды сайлау сияқты жанама сайлау болмайды. Ал кандидаттар сайлау огругі бойынша тіркеледі. Біздің қолымыз парламенттің 30 пайызын ғана осындай жүйемен сайлауға енді ғана жететін сияқты. 142-бап бойынша «Депутаттар сайлаушылардың алдында есеп береді және кез келген уақытта сайлаушылардың көпшілігінің дауыс беруі арқылы кері шақырылып алынады».

Шынымды айтсам, әрі қарай оқуға, біздің Ата заңымызбен салыстыруға жүрегім дауаламады. Одан да тоталитарлық жүйенің шарықтау кезеңі болып табылатын сексенінші жылдардағы қабылданған Конституцияны қарап, өшімді алайын деп ойладым.

Екінші – 1977 жылғы Кеңес одағының Конституциясы. Бұл, сөзсіз, тоталитарлық жүйенің негізгі заңдары болып табылады. Оны «Кеңестік қоғамның бастаушы және бағыттаушы күші, оның саяси жүйесінің өзегі Кеңес одағының Коммунистік партиясы болып табылады» (5-бап) деген баптан анық көруге болады. Егер 1936 жылғы Ата заңда компартияның билігі заң жүзінде бекітілмесе, 1977 жылы компартия ешқандай дәлелсіз, негізсіз билікті өздерінің қолдарында екенін заңға енгізген. Алайда, мойындауым керек, кейбір көңілден шығатын баптар да кездеседі. Мысалы, «Мемлекеттің маңызды мәселелерінің бәрі жалпыхалықтық талқылауға салынады және референдум арқылы шешіледі» (5-бап) деген тұжырымдар, адам құқығына байланысты баптардың бұрынғы Конституциядан толық көшірілгені, 18 жастан бастап сайлау құқығы ғана емес, сайлану құқығының да берілуі көңілге қонады. 133-бап бойынша, «Жергілікті халық депутаттарының Кеңесі атқарушы комитетті сайлап қояды. Олар Кеңестің алдында есеп береді». Қысқасы, әкімдерді Кеңес сайлайды, әкімшілік Кеңестерге бағынады. Ал біздің Қазақ елі, осы отыз жылдың ішінде Кеңестерге бұндай құзырет бермек түгіл, Кеңестердің өзін жойып жіберді. Президенттің айтуына қарағанда, Кеңестерді сайлау, демек Кеңестік жүйені енгізу – 2024 жылға жоспарланып отыр… Кеңестер сайланатын да шығар, бірақ оларға әкімдерді сайлау құқығын берер ме екен, білмеймін.

Маған «Халық сотын сол қаланың тұрғындары сайлайды» (152-бап) деген бап та ұнады. Ал облыстық соттарды Кеңестер, Жоғарғы сотты Жоғарғы Кеңес сайлап алады екен. Ал біз кешегі өткен референдумда Конституциялық соттың төрт адамын Президент тағайындайды деген бапты енгіздік… Өз басым, біздерде соттарды халық сайлайды дегенді естімеппін. Әрине, Америка сияқты демократиялық елдерде соттарды халық сайлайды… Айтпақшы, 1936 жылғы Ата заңда жабық сот болмаса, бұл Конституцияда соттың жабық та болатыны жазылыпты.

Үшінші – 1993 жылғы Қазақстан республикасының Конституциясы. Соңғы кездері қоғамда 1993 жылғы Конституцияны қайтару туралы мәселе көтеріліп жүргенін білеміз. Әрине, қазіргі Конституциямен салыстыра қарағанда 93-жылғы Ата заңның – парламенттік жүйеге арналған Конституцияның артықшылығы бар екенін мен де мойындаймын. (Соңғы жылдары біздерде «салыстыра таңдау», «салыстыра бағалау» қанат жая бастады. Назарбаевпен салыстырамыз да, Қонаев – «теңдесі жоқ тамаша адам» дейміз, ал облыс әкімдерін айта бастасақ, Асанбай ағаны алға тартамыз…). Алайда бұл Конституцияның кейбір баптарымен танысқанда, «жаңа заң дайындаудан басқа жол жоқ» деген ұйғарымға келуіңіз де ғажап емес.

1993 жылдың Конституцясының сегізінші пунктінде «Орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген тұжырым берілген. Бұл – 1989 жылы қабылданған «ҚР Тілдер туралы» заңының екінші бабының көшірмесі. Ең ақымақ, ең қауіпті және адам құқығын толық бұзып тұрған бап. Екі ұлт өкілі бір-бірімен қандай тілде қатынасқа түседі, қай тілде сөйлеседі – өздері біледі. Бұл – адам құқығына қатысты мәселе. Біз адам құқығына жататын осы мәселені Конституциялық заң арқылы реттеп, екі ұлт өкіліне тек орыс тілінде ғана сөйлесу керек деген талап қойыппыз! Одан кейінгі «Мемлекет ұлтаралық қатынас тілін және басқа да тілдердің қолданылуының сақталуына кепілдік береді және оның еркін дамуына қамқорлық жасайды», «Мемлекеттік тілді немесе ұлтаралық қатынас тілін білмеу белгісіне қарай азаматтардың құқығы мен еркіндігін шектеуге тыйым салынады» деген тұжырымдар қазақ тілінің мемлекеттік статусын толық жоққа шығарып тұр деп есептеймін.

4-бап бойынша («За всеми гражданами республики, вынужденно покинувшими ее территорию, а также казахами, проживающими в других государствах, признается право иметь гражданство Республики Казахстан наряду с гражданством других государств, если это не противоречит законам государства, гражданами которых они являются» (өкінішке қарай, интернетте қазақ тіліндегі мәтін табылмады)90-жылдары, аса қиын жағдайдаҚазақстаннан көшіп кеткен, жай ғана кетпей, Қазақ елін жамандап, «бізді қуып жатыр» деп аттан салып кеткендер де біздің елдің азаматтығын сақтап қала алады екен…

1993 жылғы Конституция бойынша өлім жазасы сақталған. Әрине, бұл мәселеге әр адамның өз көзқарасы бар, бірақ, біздің әділетсіз сот жүйесін білетін азаматтардың көзқарасы бір жерден шығады деп ойлаймын. 

Кейбіреулер 1993 жылғы Ата заңнан парламенттік басқару жүйесін көретін сияқты. Меніңше, төмендегі баптар бұл үмітті жоққа шығарады. Мысалы, атқарушы биліктің ең жоғарғы лауазымды тұлғаларын Жоғарғы Кеңес емес, Президент анықтайды. представляет Верховному Совету республики кандидатуры председателя и судей Конституционного суда, Верховного суда, Высшего арбитражного суда, Генерального прокурора, председателя Национального банка Республики Казахстан; входит с представлениями в Верховный Совет об освобождении их от обязанносте). «Ұсынады» деген сөзге алданып қалмаңыздар, біздің билікте «ұсыну» дегеніміз – тағайындау деген сөз. Егер дәлел керек болса, 85-бапқа көз жүгіртейік. Бұл жерде Министрлер кабинетінің Президентке тәуелді екені анық жазылған. («Министрлер кабинеті ҚР Президентінің алдында жауапты»).

Менің Конституциялық заңдардан демократиялық құрылымның басты бір бөлігі болып табылатын – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін іздейтін ауруым бар. Өкінішке қарай, 1993 жылғы Конституцияда жергілікті өзін-өзі басқарудың иісі де жоқ. Жергілікті атқарушы органның басшысы Президенттің тікелей өкілі болып табылады және сол территорияда мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады. Ал жергілікті атқарушы органның басшысын халық емес, Президент тағайындайды және Президент немесе одан жоғары тұрған атқарушы органның басшысы алып тастай алады…

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: бізге мамыражай 1993-95 жылдардың Конституциялары емес, 1936 жылғы, нағыз азаматтарды «халық жауы» деп, қырып жатқан кездегі Кеңес одағының Конституциясын қайтару керек сияқты. Оны жоғарыдағы салыстырудан өздеріңіз көріп отырсыздар. Осыдан тағы бір тосын ой туады екен – демек біздің Тәуелсіздік кезіндегі заманымыздың заңы Кеңес одағындағы ең бір зұлмат заманда қабылданған заңнан әлдеқайда төмен болғаны ғой. Мүмкін, қоғамның кері кетуі деген осы болар… Әлде билік әлі де сол коммунистердің қолында ма?

Дос  КӨШІМ

Карикатураны салған Ғалым Смағұлұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: