Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектептер ер мұғалімдерге мұқтаж ба?

28.04.2022, 11:20 1000

HALYQLINE.KZ

«Мектепте ер мұғалімдердің орны ойсырап тұр», «Ер педагог неге аз?», «Мектептегі матриархат» тағысын тағы. БАҚ беттерінде осы сарындағы тақырыптардың көтеріліп келе жатқанына да көп болды. Белсенді ер педагогтер де әлсін-әлсін мұндай мәселенің барын ашық айтуда. Рас, еліміздегі білім беру мекемелерінде ер-азаматтардың үлесі аз. Оны басшылықтың өзі де мойындайды. Осыдан жүз жыл бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» демеп пе еді!? Сіз қалай ойлайсыз, әйел ұстаз ұлды ұлша тәрбиелей ала ма? Білім бәсекесінде ер-азаматтардың орны, рөлі қаншалықты? Шынында мектептер ер мұғалімдерге мұқтаж ба?

«Бүгінде Қызылорда облысы бойынша 20466 педагог болса, оның 17599-ы – әйел, 2867-сі ер мұғалім екен. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында бар-жоғы 200 ғана ер мұғалім жұмыс істесе, 6000-ға жуық қыз-келіншек әртүрлі пәндерден сабақ береді екен. Мұнымен мемлекет күреспей ме? Керек болса, арнайы бағдарламалар қабылдасын, стипендиялар тағайындасын, ер мұғалімдердің айлығын көбейтсін! Осыған қатысты облыс бойынша қандай да бір жұмыстар атқарылып жатыр ма екен? Елімізде ше?» деп осыдан 4 жыл бұрын «Халық» газетіне жазған болатынбыз. Иә, қазір статистика өзгерді. Десе де, бәрі бірдей бірізге түсіп кеткенін байқай алмадық. Ендеше, статистиканы салыстырып көрелік.

«Облыс бойынша 1110 білім беру мекемесінде 18 968 әйел мұғалім, 4578 ер мұғалім бар» деген дерек келтірді Қызылорда облысының білім басқармасының мамандары. Яғни, төрт жылдағы өзгеріс осындай. Аз ба, көп пе оны өз қабылдауыңызға қалдырдық.

«Облыс бойынша бастауыш сыныпқа сабақ беретін ер мұғалім бар ма, болса саны қанша?» деген сұрағымызға да жауап алдық. Қызылорда облысындағы бастауыш сыныпқа сабақ беретін 324 мектепте 23 ер мұғалім жұмыс істейді екен. Жалпы, баланы жас шыбық деп алсақ, білім берудің іргетасы балабақша мен бастауыш сыныпта қаланатынын ескерсек, бұл жағдайға да жете мән берген жөн секілді.

Шыны керек, еліміздегі ер мұғалімдердің саны алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәндері арқылы артып отыр. Мұны ешқандай статистикасыз-ақ дәлелдеуге болатындай. Десе де, осы күні аталған пәндерден сабақ беретін қыз-келіншектердің де қатары көбейіп келе жатыр. Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәні бойынша облыста 2033 ер мұғалім, 212 әйел мұғалім қызмет атқарады.

«Халық» газетінің №45 (14.11.2019 жыл) санында біз сол кездегі Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Майра Мелдебековамен сұхбат жасаған едік. Сонда мектептегі матриархат сөз болып, өзгерістің, бастаманың біздің облысымыздан басталғанын қалайтынымызды айттық.

«Сіз өте жақсы идея беріп отырсыз. Мұны ойластыру керек, министрліктегілерге де ұсынуға болады. Өйткені, олар грант бөлгенде ер балаларға артықшылық бере алады. Бұл – саяси мәселе. Біз министрлікке тек ұсыныс ретінде хат жолдай аламыз, ал облыста шешімін табуға тырысамыз» деген-ді осы күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Майра Тұрғанбайқызы.

2019 жылы 27 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойған болатын. Содан бері мұғалімдердің мәртебесімен қоса жалақылары да көтерілгенін айтуымыз керек. Бұл өз кезегінде оқушылардың педагогикалық мамандықтарды көп таңдауына да әсер етті. Тіпті, ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинаған қызылордалық түлектің мұғалім болғысы келетінін жарыса жазғанымыз да бар.

2022 жылы мектеп бітіретін қызылордалық 7508 түлектің 85%-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіруде. 2021 жылы 7004 оқушы мектеп бітірген, оның 5937-сі (84,8%) ҰБТ-ға қатысқан. Жоғары оқу орындарына  мемлекеттік грант конкурсына құжат тапсырған 5184 талапкердің 4221-і (81%) мемлекеттік білім беру грантын алған. 6856 бітіруші оқуға қабылданды. Оның ішінде: ЖОО- да – 5461 (80%), техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 1395 (20%)

Соңғы жылдары педагогикалық мамандықты таңдаған түлектердің қатары артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша педагогикалық бағыттағы мамандықтарға 1303 түлек оқуға қабылданған. Ол барлық бітірушілердің 34%-ын құрайды, – дейді облыстық білім басқармасының мамандары.

«Халық» газетінің №33 (20.08.2020 жыл) санында Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымовамен сұхбаттасып, «Республика бойынша педагогикалық кадрлардың басым бөлігі қыз-келіншектер екенін статистика растайды. Демек, Сыр елінде де солай. Ер педагогтерге артықшылық беру керек. Оны өз облысымыздан бастасақ, көпке үлгі болатынымыз анық. Осы мәселеге қатысты көзқарасыңызды білгім келеді?» деп сұрақ қойдық.

– Бұл айтып отырғаныңызды мен құптаймын, келісемін. Ер адам болған жерде оқушылардың тәрбиесі бөлектеу болады ғой. Менің ойым да – білім саласына ер балаларды көптеп тарту. Алдағы уақытта «Педагог мәртебесі» заңын басшылыққа ала отырып, артықшылықтарды саралауға болады. Сонымен қатар, министрліктен алатын ерекшеліктеріміз бар еді ғой, енді аймақтың ерекше белгісі педагог мәртебесіне келтірілген. Оған да байланысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жалпы, артықшылықтарды заң жүзінде қарастыруға болады, – деп жауап берді сол уақытта облыстың бас ұстазы.  

Бүгінгі күні облыста 16 жеке мектеп бар екен. Жеке мектептер саны жыл сайын артуда. 2020 жылы 10 жеке мектеп болса, 2021 жылы олардың саны 16-ға жеткен. Биылғы жылы қосымша 2100 орындық 3 жеке мектеп ашылады деп күтілуде (Қызылорда – 2, «Сабалақ», Күлтекенов көшесі, Арал қаласы – 1 мектеп). Әрине, білім ордаларының көп бой көтергені құптарлық жайт. Ондағы білім сапасы бақылауға алынар, тәлім-тәрбие тұрғысынан ер-азаматтардың да көп болғаны ескерілсе дейміз. Әйтпесе, майысқақ ұлдар мектептің ғана емес, мемлекеттің соры болмасына кім кепіл?!

Сіз не дейсіз?

Бақытжан ЖАҚСЫЛЫҚ,

Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Қалың елге тәрбие мен білім беруді ең алғаш Ы.Алтынсарин мен А.Байтұрсынұлы бастағаны бесенеден белгілі. Ал, бүгінгі күні мектеп қабырғасында ер-азаматтардың қарасы тым аз. Мектептердегі басшылық, орынбасарлық құрамның, мұғалімдердің дені әйелдер, тіпті дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық пәндерінен де қыз-келіншектердің сабақ беретіні кездеседі. Бұл гендерлік саясат тұрғысынан жақсы шығар, бірақ берілетін тәрбиеге мән берсек кемшілік секілді.

Бүгінгі оқушы ер балалар бойынан өжеттік, мәрттік, батылдық, батырлық рухы әлсіреп бара жатқандай. Оған да ер мұғалімнің аздығының әсері бар деп ойлаймын.

Ал ер мұғалімдердің бұл салаға келмеуіне, болашақтың жетекшісі, жас өреннің жанашыры болмауына не себеп? Мүмкін, себебін ғана іздемей, нақты әрекетке көшкен жөн шығар. Менің ұсынарым, мектептерде оқушыға сабақ бермейтін, бірақ тәрбие, мәдени іс-шаралармен айналысатын ер мұғалімдерді қабылдап, пилоттық жоба ретінде жасалса деймін. Оқушы еліктегіш, ал мұндай ер-азаматтар оқушы көзіне түсіп, тұлғалық қасиетін дамытуға көмектесер еді. Екінші ұсынысым, жайлы жағдай жасау қажет. Ер-азаматтың басты міндетінің бірі – отбасын қолайлы баспанамен қамту. Осы орайда баспана алу жолдарын жеңілдету керек-ақ. «Ұстаздар династиясы» сынды жоба қолға алынса. Яғни, әкеден балаға ұстаздық жолды жалғастырушы отбасыларға да мемлекеттік деңгейде түрлі іс-шаралар болуы шарт деп ойлаймын. Бұл аталғандар әуелі ер-азаматтар санын арттырса, екіншіден, жауапкершілікті де жоғарылатар еді. Адамзаттың сауатын ашып, білім нәрімен сусындататын мамандық турасындағы мәселе шай үстіндегі әңгіме болып қалмай, мемлекеттік деңгейде көтерілуі қажет деп ойлаймын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: