Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүзге жуық оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтуда

25.10.2021, 17:00 321

HALYQLINE.KZ «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының Қызылорда қалалық кезеңі басталды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында өтіп жатқан байқауда Қызылорда қаласы мектептері бойынша 100-ге жуық оқушы бақ сынауда.

Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.

Жоба барысында «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов сөз сөйлеп, талапкерлерге сәттілік тіледі.

– Қазіргідей бала санасының әр талшығын бүкілғаламдық тор шеңгелдеп тұрып шырмап алған кезеңде оның тарихи, көркем, пәлсапалық маңызын ұмыттырмай, бабалар аманаттап кеткен жәдігердің әр жолын көздің қарашығынай сақтап, бойға сіңіру өте маңызды. Тегеурінді технологияның тасасында қалып бара жатқан ауыз әдебиетінің інжу-маржаны ендігі жерде ешкімге де қажет емес деп қарайтындар бар. Ендеше эпостық жырға, батырлар жырына құрметті арттыру үшін ынталандырып жаттатудың, қызықтырып оқытудың әдіс-амалдары қарастырылғаны жөн. «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасы осындай мақсатпен қолға алынған. Жобаның қалалық және аудандық кезеңдері 25-29 қазан аралығында өтеді. Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе отырып ұйымдастыруда, – деді Шәріп Әкбарұлы.

Байқауға «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов, балалар ақыны Рахат Наурызбаева, жыршы, Тұрмағамбет атындағы өнер мектебінің директоры Берік Саймағамбетов, әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражанов, «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанындағы «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Мамыр Байдәулетов, жыршы Серік Жақсығұлов қазылық етуде.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.

Байқау 6-10-сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда. Ертең, яғни, 26 қазан күні жоба Жаңақорған және Шиелі аудандарында жалғасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: