Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жазғы демалыс жай өтпейді

01.06.2023, 10:40 342

Жаз – бала біткеннің асыға күтетін мезгілі. Қалыптасқан қағидаға сай биыл да аймағымызда балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін түрлі іс-шара ұйымдастырылмақ. Биыл Қызылорда облысы бойынша 10 лагерь жұмыс істейді. Оның ішінде 7-еуі – мемлекеттік, ал қалған 3-еуі – жеке. Аймақта 7 ауысыммен 9000-ға жуық бала тынығады.

Қала сыртындағы жазғы тынығу лагерьлерін қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар 15 мамырға  дейін аяқталып, қазір балаларды қабыл­дауға толық дайын. Сондай-ақ, облыс бо­йынша мектептің барлығында мектеп жанынан күндізгі тынығу лагерьлерінің жұмысы ұйымдас­тырылады. Онда 100 мыңға жуық оқушы қамтылады. Ең бастысы, жазғы тынығу лагерьлеріне бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отба­сыдан шыққан балалар барады. Бұдан бөлек, 1326 бала жергілікті жердегі меценаттар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен облыстан тыс жердегі лагерьлерде демалады. Ол ірі компаниялар қатарын­да «ҚазГерМұнай», «ҚазАтомПром», «РЗА» ЖШС, «СКЗ-У», «Гежуба цемент зауыты»,  «Таң»  ЛТД ЖШС және өзге мекемелер бар.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорымен бірлесіп дарынды ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және қолдау көрсету мақсатында аймаққа 600 орынға квота бөлінді. Оның ішінде 300 оқушы Алматы қаласындағы «Спутник» балалар сауықтыру лагеріне, 280 оқушы басқармаға қарасты Жаңақорған ауданындағы облыстық олимпиадалар және қосым­ша  білім  беру  орталығында  демалады.

«Жасыл ел» де – жастарға біраз мүмкіндік беретін жоба. Ол бойынша биыл 1871 оқушы мен студент маусымдық жұмыспен қамтылады. Жазғы тынығу кезінде оқушылар Сыр өңірінің тарихи орындарына және еліміздің басқа қалаларына, яғни Астана қаласы, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Шымкент, Тараз, Сауран мен Сығанақ қалашығы мен Түркістан облысының киелі жерлері, Қорқыт ата ескерткішіне барып, 17000-нан аса балаға экскурсиялар мен арнайы турлар жасала­тын  болады.

Анықтама үшін:

Орталық және лагерь атауыДемалатын бала саны
1Арал ауданы «Қамбаш» қосымша білім беру және олимпиадалар орталығы840
2Қазалы ауданы «Шағала» балаларды сауықтыру-демалыс орталығы875
3Сырдария ауданы «Жалын» тынығу лагері910
4Жалағаш ауданы «Ақтерек» сауықтыру лагері560
5Шиелі ауданы «Сыр ұланы» лагері700
6Жаңақорған ауданы облыстық қосымша білім беру және олимпиадалар орталығы2100
7Қызылорда қаласы «Зерентай» балалар тынығу лагері420
8Жаңақорған ауданы «Тау самалы» лагері525
9Қызылорда қаласы «Арай санрайз»1260
10«Аңсар – кәусар» лагері700

Мектеп жанынан ұйымдастырылатын лагерьлер жаппай 2 маусымнан бастап жұмыс істейді. Жалпы, балалардың бос уақыты бол­майды. Тиімді ұйымдастыру жұмыстары қар­қынды  жүргізіледі. Мектеп жанындағы аула­лық клубтар, бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын қалыптастыру  үшін волейбол, баскет­бол, футбол, қазақша күрес, таэквондо ұйым­дастырылады. Өнер, тіл ұстарту бойынша ән айту, домбыра, сурет салу, кілем тоқу істері кең  көлемде  қамтылмақ.

Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Сонымен қатар, демалыс уақыты балалардың жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайтып, оларды сауықтыру кезеңі болып табылады. Қызылорда облыстық білім басқармасы аймақтағы оқушылардың демалысын ұйымдастыру жұмыстарының жоспарын осылайша таныстырды. Жоспар жүзеге асырылса, балалар физикалық, шығармашылық тұрғыда  толысып, қажетті  ресурстарын толтырады  деген үміттеміз.

Ә.НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: