Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұлттық қор – балаларға» қаражаты қашан беріледі?

11.01.2024, 11:00 184

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы биылдан бастап іске кірісті. Бұл – 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақы. Жыл басынан бері ата-аналарға «Азаматтарға арналған үкімет» порталы арқылы балаларының тізімі толық немесе толық еместігін тексеру керектігі ескертілді. 15 қаңтардан бастап, жобаның тізімі жасалатын болады. «Ұлттық қор – балаларға» сайтында «Қазақстанның азаматы болып табылатын барлық  балаға  жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – Ұлттық қор) инвестициялық табысының 50%-ы есептелетін болады. Бұл ретте табыс есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл бойынша орташаланады. Есепті жылы барлық бала қаржыны бірдей мөлшерде алады» делінген.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша eGov қосымшасында ата-ана ретінде балалар тізімін тексеру немесе тіркеу үшін:

– Бағдарламадағы eGov мобильді қосымшасын жаңарту;

– Цифрлық құжаттардағы «Отбасы» бөліміне өтіп, «Баланы қосу» батырмасын басу;

– «Балалар туралы ақпаратты жаңарту» қызметі ашылғанда, барлық жолды толтырып, туу туралы куәлікті тіркеп, өтініш жолдау керек.

Өтініштерді АХАЖ қызметкерлері 2-ден 5 жұмыс күніне дейін қарайды. «Өңдеу аяқталғаннан кейін хабарлама келеді де, бала туралы деректер цифрлық құжаттарда көрсетіледі. Осы қадамдарды орындау арқылы сіз eGov.kz және eGov mobile цифрлық құжаттарында балаңызбен отбасылық байланыс орната аласыз», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары.

Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы жыл сайын балаларға арналған арнайы шоттарға аударылады. Мемлекет автоматты түрде есепшот ашып, қаражат жолдайды. Ата-аналардан талап етілетін негізгі шарт – балалары туралы деректердің бар-жоғын және олардың дұрыстығын тексеру.

Ұлттық қордан түсетін ақшаны есептегенде 18 жыл ішінде баланың жинақ сомасы шамамен 3,5 мың долларды құрайды.

Мемлекетімізде жаңа туған нәрестелерден бастап, 18 жасқа дейінгі балаларға тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Жас өскіннің болашағына жасалған жағдай туған елдің көркеюіне қосқан үлеспен тең. Өйткені, әр бала –мемлекеттің кетігін түзейтін бір бөлшегі. 

Ердәулет  ҚАЛИ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: