Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкітайдың үкілі әуендері

06.12.2022, 12:00 636

Дүйсенбі күні әнші, сазгер, жыршы, Сыр елінің мақтанышына айналған табиғи дарын иесі Үкітай Ерниязовтың «Әнім-Нұрдан» ән-жинағының тұсаукесері өтті. Жазған туындыларымен біраз тыңдарманның жүрегіне жол таба білген ән өнерінің саңлағы қазақ эстрадасында ойып тұрып орын алары сөзсіз. Себебі әсерленбей ән жаза алмайтын әншінің шабытынан талай әсем дүниелер шығуда. Жеке шығармашылық кешіне айналған ортада Үкітай Айжігітұлының ән-жинағының ғана тұсауы кесілмей, оның танымал әндері шырқалып, су жаңа әндерінің де алғашқы тыңдарманы болдық. Шығармашылық кешті белгілі ақын, талай әннің ажарын әрлі сөзімен кіргізіп жүрген Ақжол Түменбай тізгіндеді. Ән-жинақ кешіне белгілі қонақтар да құт болып келді. Шалқар шабыт иесі Үкітай Ерниязовқа облыс әкімінің орынбасары мен мәдениет және спорт басқармасы басшысының құттықтауы табысталды. Кеш барысында танымал ақындар, әншілер, шәкірттері мен ұстаздары келіп ізгі тілектерін білдірді. Бекзат өнер иесі Үкітай Ерниязовтың ән-жинақтарының тұсауын ән жолындағы ұстазы, «Қазанғап» атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы Кеулімжай Шалтақбайұлы мен өнердегі аға-әпкелері кесіп, жүрек жарды жылы сөздерін жеткізді.

–    Аралдың құмына аунап, қой бағып жүріп ән айтатын Үкітайдан бірдеңе шығатынына сенімді болдық. Кішкентай кезінде оған домбыра үйретіп, әнмен сусындатып өсіргенімізде бұл бала менен де биік озып кетеді деп ойлап, армандайтынмын. Арманым, ойлағаным орындалды. Інімнің осындай шығармашылық жолында әрбір жеткен жетістіктеріне қуанамын. Және бізді өнерге баулып өсірген ата-анама үлкен алғыс айтамын, – деді әпкесі Айнұр Ерниязова.

Сазды әуендерге толы кеште әсем ән де, жыр-терме де шырқалып, Үкітай Ерниязовтың бейнебаяндары мен өмірбаяны да көпшілікке көрсетілді. 35 жасына дейін 300 әннің авторына айналған сазгердің туындылары қазақ сахнасында кеңінен орындалып жүр. Бала кезінен әнге әуес болған оның әндері бүгінде талайды тамсандырып, нәзік ноталарымен халық көңілінен орын алып келеді. Сондықтан халық оны «XXI ғасыр Шәмшісі – Үкітай» деп атап кеткен.

Қорытындылай келе, Сыр жерінен шыққан танымал, өнерлі жандарды қашанда біз бағалаймыз, құрметтейміз. Сондықтан жүрекке жылулық ұялатып, көңілге тыныштық сыйлайтын әндердің авторына кештеріңіз жалғасын тауып, ән-жинақтарыңыз шыға берсін дегіміз келеді. Шығармашылықтың шыңына жетіп, еңбектің ереніне айнала беріңіз, әндеріңіз жұртшылық ықыласына бөлене берсін!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: