Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күміс алқа (шағын әңгіме)

23.02.2023, 10:40 639

Енді ғана өсіп келе жатқан көк шөптің  бетін олай да, бұлай да басып ойнап жүрміз. Көктем­нің кезі болған соң, күннің салқын-жылысына қарамас­тан сыныптағы бала­лармен доп қуалап кеттім. Өйткені терлеп-тепшіп ойна­ған са­йын жаның кіре түседі. Бала болған соң, бір-екі жөтеліп қаламын. Бірақ, іштей анам­ның ыстық көжесін ішіп алып «аттай» болып кетемін деп ойласам керек, бұл жолы оңдырмай салқын тигізіп алдым. Бара-бара дене қызуым да көтеріліп тұрған сияқты сезіледі. Дегенмен, осы ойын­ды құмарым қанғанша ойнап алсам, үйіме қайтамын деген оймен әрмен қарай доптың соңынан жүгіріп жүре беріппін. Ал ары қарай ойынға «тойып» үйге келіп, қалың төсекке гүрс құладым. Ебіл-дебіл терлеп жатқанымды білемін. Басқаларды дауыстап көмекке шақыруға әлім жоқ. Қанша тырыссам да  әлсіз  ғана «… мам… мама…» дей  беріппін.

Ал көзімді ашсам, ауру түгіл дәнеңе жоқ. Достарым далада «Ер-на-зар» деп шақырып тұр. Міне, керемет! Ішей «бір тынығып алу ғана жетіспеген екен ғой» дедім де, достарыммен ойнамаққа сыртқа шығып кеттім. Қызық енді басталғандай. Жаңадан балалар келіпті ауылға. Енді менімен көрші болады. Мұндайда оларды шеттету ойымда жоқ, есесіне басқа достарыммен таныстырып, жаңа ортаның қызығына батыратыным бар. Ауылды толығымен аралатып, жаңадан салынып жатқан үйлердің ішіне кіріп кетеміз кейде. Басқа көшеде орналасқан үй болса да қарамаймыз, адамдар жүрсе, үйдің ішіне жағылған әк қосылған жаңа сылақтың иісіне тамсанып тұра бересің. Мұндай кездерде өздері келген баланы жайдан-жай қайтарсын ба, үй салып жатқан бригаданың аздаған жұмысына қолғабыс етіп кете­міз. Ақысына тамаша иіске қанығып қайттық. Ал енді қалғаны – судан балық аулау. Күннің басты жоспары – осы біз үшін. Шылаушынды жеуге келген балықтар қармақтың ұшына ілінсе, біз де олжалы болғалы тұрмыз. Ал қалтқы қапқан сәтте бірден тарта жөнелеміз. Балықтар да әккі, салған тұзақтың тамағын тауысып үлгеріп, қашып кететіндері де бар. Мұндайда «тәуекел, ендігі алдау кезегі бізде» деп  өзімізді  жұбатып  қоятынымыз  тағы  бар.

Осындай  қызықтардан  кейін  қалай көңілді  жүрмейсің?! Күн өз ұясына батып бара жатыр. Бізге де тым кеш болмай тұрып қайту керек. Достарыммен ертеңге дейін қош­тасып келе жатқанда жолдың жиегінен алқа тауып алдым. Дала қараңғылау болса керек, алқаның  не  алтын, не күміс екенін ажырата алмай тұрмын. Бір жағынан үйге апарып тау­ып ал­ғанымды айтуым керектігін біліп тұрсам, бір жағынан басқа жерге жасырып, кейін керек кезінде шығару туралы да ой келіп тұр. Бір қайыры болар деген тәуекелмен үйге қарай жылжыдым. Бір кезде артымнан бір әйелдің жүгіріп келе жатқанын байқадым. Қолымдағы алқаны дереу жасырып, түк болмағандай тұра қалдым. Әлгі  әйелдің түрі сұстылау көрінді. – Осы тұста ешқандай алқа бұйымын көрме­дің бе? – деген­де: – Байқамадым, – дегеннен басқа ештеңе айтпадым. «Қайда  жоғалттыңыз?»  деп сұрағаным­да, ол күміс алқаның сиқыр­лы екенін айтты. Ішім қылп ете қалды. Сиқырды менен артық жақсы көретін адам жоқ шығар жалғанда. Сол үшін «Диснейдің»  мультфильм­дерін сүйіп көремін ғой. – Оның не сиқыры  бар? – Ол адам не ойлайды, соны болдырады. Сол үшін де қауіп­ті, – деді.

Сол сәтте ғана артымыз­дан ит қуып қашып кетсем екен деген ой келе қалмасы бар ма, дәл сол дүние  болды. Артымыздан ит қуа жөнел­ді. Азғантай ғана түгім тікірейіп кеткені соншалық, қорыққаннан бар күшімді салып жүгіре жөнелдім. Бірақ бір-екі адымнан соң, оңбай құладым. Ал ит болса, жетіп келіп иіскелеп кетіп қалды. Өйткені, мен иттің тістеуін емес, тек артымнан қуғанын ойладым емес пе?! Пәлі, қызық деп осыны айт. Қауіпке толы өмірдің 5 минуты 5 жылдай өмір сүргендей сезіндірді. Өзімді бейне бір ересек адам ретінде қабылдадым да, қиялымда қамал салған, Құдай жазса,  тау­ып аламын деп жүрген шәйнектегі жынға айтатын тілегімді алқаға айтып салдым. Ойы­ма тоқып та үлгердім. Сол кезде әлгі әйел қорқынышты кескінмен жаныма зулап келе қалды. Алқаның менде екенін бірден біліп, қалтамнан өзі суырып алғандай болды. Түсініксіз құбылыс қаптап кеткен соң, жанымды қоярға жер таппай жақындарымды іздедім. Ал енді айналама қарасам, ен дала. Ал  түсініп  көр…

Кенет анам: «Ерназар тұр, күн батқанда ұйық­тауға болмайды, қорқынышты түс көресің» деп оятып жіберді. Уфф, әлгінің барлығы түсім болып шыққанынына қуандым. Осылай кешкі уақытта ұйық­тамайтын болдым. Кім біледі, алтын тауып, тағы бір бәлеге жолығармын дедім. Бірақ, ойымда әлі сол күміс алқаның кімдікі екені қызық сауалға айналып, сақталып  қалды.

Ерназар  СӘРСЕНҰЛЫ,

№150  қазақ  орта  мектебінің  6-сынып  оқушысы,

Шиелі  ауданы,

Ортақшыл  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: