Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітапхана қоржыны «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясымен» толықты

05.05.2022, 14:35 1318

HALYQLINE.KZ Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоры ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота Қошым-Ноғай құрастырған «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» атты он томдық жинағымен толықты.

Антология «Қуыр-қуыр, Қуырмаш», «Ағайынбыз бәріміз», «Бейбіт күн», «Ғажайып құмыра», «Балапан», «Алтын киік», «Ортаншы ұл», «Алатау ертегісі», «Қарлығаштың ұясы», «Мынау ғазиз дүние» атты он кітаптан тұрады.
Көптомдыққа қазақтың көрнекті жазушысы, ағартушы Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлынан бастап орта буын және жаңа толқын жазушы, ақындардың шығармаларымен қоса ауыз әдебиеті, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, әңгімелер, мысалдар, ертегілер, хикаяттар сынды әр алуан жанрдағы туындылары енген.

Сондай-ақ, антологияда автор туралы қысқаша мәлімет пен автордың фотосуреттері де бар. Қазақ балалар әдебиетінің он томдық антологиясының «Қуыр-қуыр, Қуырмаш» атты 1 томына ғасырлар бойы атадан балаға ауызша жеткен асыл қазынамыз – балалар фольклоры жүйелі топтастырылған. Қазақтың халық өлеңдері, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жұмбақ-есептері, мақал-мәтелдері, аңыздар мен ертегілері енген.

Қазақ балалар әдебиетінің он томдық антологиясының «Ағайынбыз бәріміз» атты 2 томына Ыбырай Алтынсарин, М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов, т.б. қазақ ақындарының туындылары енген.

«Бейбіт күн» атты 3 томына қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері, тақпақтары, санамақтары, мазақтамалары, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жаңа ертегі-дастандары енген.

«Ғажайып құмыра» атты 4 томы қазақ жазушыларының балаларға арналған таңдаулы әңгімелері, мысалдары мен ертегілерінен түзілген.

«Балапан» атты 5 томына М.Байғұт, О.Бөкей, М.Қаназ, М.Қабанбай, Б.Сүлейменов, С.Оспан, С.Балғабаев тәрізді қаламгерлердің балаларға арналған әңгімелері, ертегілері, мысалдары енген.

«Алтын киік» атты 6 томына Сапарғали Бегалин, Мұхтар Әуезов, Мағзұм Тиесов, Сейітжан Омаров, Қасым Қайсенов тәрізді көрнекті қаламгерлердің шығармалыры енген.

«Ортаншы ұл» атты 7 томына М.Иманжанов, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Гумеров тәрізді қаламгерлердің хакаяттары енген. Мектеп өмірі, ұстаздар қауымы мен шәкірттердің қарым-қатынасы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі партизандар ерлігі, балалар өміріндегі сан алуан қызықтар әсерлі баяндалған «Алғашқы айлар», «Менің атым – Қожа», «Тәмпіш қара», «Ортаншы ұл» тәрізді белгілі хикаяттар енгізілген.

«Алатау ертегісі» атты 8 томына көрнекті балалар жазушылары Құрманбай Толыбай, Жолдасбай Тұрлыбаев, Мұхамеджан Етекбаев, Әлдихан Қалдыбаев, Мұхтар Мағауин, Кәдірбек Сегізбай, Молдахмет Қаназ, Пернебай Дүйсенбин, Тынымбай Нұрмағанбетов, Мархабат Байғұт тәрізді көрнекті қаламгерлердің хикаяттары енген.

«Қарлығаштың ұясы» атты 9 томына Қ.Омарұлының «Альфа – Ақтөс», М.Қабанбайдың «Пысық болдым, мінеки», К.Қамзиннің «Айнабұлаққа ма? Айнабұлаққа…», Б.Сүлейменовтің «Хан шатырындағы кездесу немесе ертегілер әлеміне саяхат», А.Естеновтің «Сырлы дүние», С.Оспановтың «Әдемі ауру», Қ.Түменбайдың «Біздің үйдің солдаттары», Б.Болатханованың «Бибіажар мен Бойтұмар» атты хикаяттары енген.

«Мынау ғазиз дүние» атты 10 томына белгілі жазушылар Т.Әбдірайымның «Дала әуені», К.Оразбекұлының «Бас бармақ, Балаң үйрек, Ортан терек, Шылдыр шүмек, Кішкене бөбектің қызықты хикаялары», Д.Мамырбаеваның «Махаббаттың ақ жауыны», С.Дүйсенбиевтің «Суық жаңбыр», К.Сәттібайұлының «Жаралы жапырақтар», Ж.Шағатайдың «Ай жерге жақындаған жаз», Г.Шойбекованың «Үш бала», М.Омарованың «Ғажайып көл», Е.Жеңісұлының «Мынау ғазиз дүние», Б.Сарыбайдың «Ақтабан», Е.Тоқтарбайдың «Өмір қандай керемет!» секілді шығармалыры енген.

Көптомдық 2021 жылы «Әдебиет» баспасынан жарық көрді.

Әдебиет сүйер қауым! Қазақ кітап өндірісінде тұңғыш рет жарық көріп отырған «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясымен» танысып, оқуға шақырамыз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: