Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап – айнымас асыл дос

07.07.2023, 16:03 305

Кітап – айнымас асыл дос. Себебі кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз. Білімнің көзін ашып, ең алғаш ғылым саласын таңытқан, оқытып-үйреткен – кітап.

Кітап бізді қайырымдылыққа, адалдыққа, әділдікке үйретеді. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Күнделікті қарапайым өмірде кітап оқитын кісі мен оқымайтын кісінің айырмашылығын тез аңғаруға болады. Кітап оқыған адам ақыл-парасат, таным, білім, жұртпен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мәдениеттілігі сияқты ізгі қасиеттерімен ерекше болып тұрады. Олай болса, кітап оқуды дағдыға айналдыру керек деп білемін.

Мен өзім мектеп кезінен кітап оқығанды ұнатамын. Әдебиет сабағында үйге берілген тапсырмаларды орындап, көркем шығармаларды оқу арқылы көп нәрсені білдім десем болады. Қазақтың ұлы тұлғалары Абай, Мұқағали, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа оқысам, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов сияқты қаламгерлердің шығармашылығына тәнті болдым. Өзімше жоспар құрып, алдағы уақытта айына бір кітапты толық оқуды мақсат етіп қойдым. Әрі қарай әлем әдебиетін оқу ойымда бар.

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген екен Ғабит Мүсірепов. Кітапты таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. «Артық ғылым кітапта, Ерінбе оқып көруге» деп, Абай атамыз айтқандай, білімнің қайнар бұлағы – кітап екені анық. Сондықтан да әрқайсысымыз бір-бірімізге білгенімізді айтып, кітап оқудан жарысайық демекпін.

Дилназ МОЛДАБАЕВА,

Қазалы ауданы,

Ақсуат ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: