Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халің қалай, балалар әдебиеті?

06.05.2025, 8:20 86

Жақында бір баспасөз бетінен «Балалар әдебие­тінің бағы ашылмай тұр» деген қатқылдау пікірді оқып тіксініп, «шынында да солай ма?» деген ойға қалдым. Себебі, өмірім оқытушылықпен өткен менің де осы салаға, бала тәрбиесіне қатысым бар, балалар әдебиетінің жанашыры, әдебиет саласының маманы болмасам да, «Балаларға базарлық», «Танысайық төлдермен», «Мен мектепке барамын» атты балаларға  арналған  кітаптардың  авторы  едім.

Бала тәрбиесінде көркем әдебиеттің атқарар ролі ерекше екені еленбей, бұл тақырып келешек қамын ойлар азаматтар, әсіресе, өнер адамдары – ақын-жазушылар, театр артистері шын  жанашырлықпен қолға  алар келелі мәселе болса да, неге екені белгісіз, өте сирек сөз болып жүр. Біз, үлкендер, бала деген үлкен әлем бар екенін ескеріңкіремей, олардың рухани дамуына терең үңілмей, жан дүниесінің кемелденуін екінші сатыға қалдырып, қысқасы, кітап оқуға тәрбие бере алмай, тек олардың тамағын тоқ, киімін бүтін еткенімізге тоқмейілсіп жүрген сыңайлымыз. Өйткені, көптеген жастың келеңсіз қылығы бәсеңсімей, керісінше  өршіп бара  жатқанын көргенде қатты қынжылып, ыңғайсыз күй кешеміз. Негіз­гі өміріміз балалар, жастар арасында өткендіктен бе, әйтеуір, ұрпақ тәрбиесіне құлағымызды түріп, табыстарына қуанып, келеңсіздіктеріне кәдімгідей ренжіп  жүретін  жағдайдамыз.

Кейбір ата-ана «өмір өзі үйретеді» пәлсапасын малдануда. Иә, өмір үйретеді! Бірақ, нені, қалай? Өмір желі талшыбықты қалай қарай иеді? Мәселенің осында екеніне мән берілмегендіктен балаларымыздың біразы бетімен кетуде, ұрпақтарымызды қуатты күш кітап оқуға баулу арқылы тәрбиелеу – ықылым заманнан бері айтылып келе жатқан, бәріміздің басымыз­да  бар  таусылмайтын  әңгіме.

Балаларға қазақы тәрбие берудің бастау бұлағы отбасы десек, оның шыңы балабақша мен мектеп, ал ұшар басы оларға арналған балалар көркем әдебиеті екенін  өмір  әлдеқашан  дәлелдеген.

Көркем әдебиет арқылы берілетін ұлы тәрбиені жасөспірімдер  санасына сәби шағынан сіңіре бермесек, ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қала­ры­мыз хақ. Олай  болмаса  «тәрбие – тал бесіктен» деген  аталы сөз  ықылым заманнан бері үстемдік құрып келмес еді ғой? Бұл күндері қалада өсіп тәрбие­ленген балаларымыз түз тағылары түгілі, өзіміздің төрт түлігіміз­ді танымай бара жатқан жоқ па? Бала­лар оларды тек хайуанаттар бағынан ғана көруге мәжбүр. Олар төрт түлікке, мал шаруашылығына, саятшылыққа, әдет-ғұрыпқа, ұлттық жол-жорал­ғыларға байланысты  сөздерді (мысалы, жерошақ, мосы, уық, шашбау, шолпы, мес, күбі, атан, бура, қошқар, т.б.) білмейді. Себебі, күнделікті тұрмыста, тіршілік жағдайында көзімен көріп, қолымен ұстамайды, үйде ондай сөздер айтылмайды. Осындай қазақы сөздермен қанықтырылған мақал-мәтелдер, ертегі, әңгімелерді жариялайтын баспасөз аз ба, әлде балалар ақын-жазушысы аз ба, әйтеуір, балалар әдебие­ті үлкендердің әдебиетіндей  қанат жаймай келе­ді (мүмкін, насихатталмай  келеді).

Еліміздің ертеңі – бүгінгі бүлдіршін жас балалар, олар – біздің болашағымыз. Келешегіміз жарқын болуы үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесі қанымызбен бірге ағып, жадымыз бен жанымызда жүрмесе, есе­йіп кеткен соң бәйтеректей майыспай, қолымызды кеш  сермеп, опық  жеп  қалуымыз  әбден мүмкін.

Жасыратыны жоқ, өткен ғасырда балаларға арналып өз тілімізде, қазақи ұлттық рухта жазылған балалар әдебиетінен тапшылық көрдік, барлары алыс ауылдарға жетпегендіктен балабақшалар мен мектептердегі ертеңгіліктерде, ауыл клубтарындағы мерекелік кештерде балалардың жас деңгейіне лайық емес, ұстанымы мен салттары өзге елдер тілдерінен аударылған тақпақ өлең, ертегіні пайдаландық. Жүрегі балалар деп соққан жанкешті ұстаздар қауымы жаңа жыл, наурыз, әліппемен қоштасу, т.б. іс-шаралар­ға өзіміз жиналып алып, қолма-қол дайын­дап алуға мәжбүр болдық. Онымыз сәтті шығып, балабақша  бүлдіршіндері мен оқушылар қауым  жылы қабылдап, сүйсіне тыңдап та, орындап та жүрді.

Орыста бұл жайлы «Учитель и жнец, и на гитаре игрец» деген әдемі әзілі аралас шындық сөз бар. Иә, жиырмасыншы ғасырдың ұстаздары ел жұрттың есігі­нің алдын тазалап, ағашын әктеп беретін патриот, әрі ақын, әрі әнші, әрі биші болдық, ертегі жазып, тақпақтар шығаруға үйрендік. Тіпті, әртүрлі жастағы жеткіншектердің қабылдауларына жеңіл, қазақтың байрығы да дана тілімен байытылып, тақырыптарына сай суреттермен безендірілген, оқуларына тартымды, олардың кітап оқуға қызығушылық­тарын арттыратын «Балаларға базарлық» жинағын құрастырдық.

Әрине, аузымызды қу  шөппен сүртуге болмас, балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушыларын, жас жеткіншектерімізді адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, ата-ананы сыйлап, құрбыларын қадірлей білуге, өзін-өзі және табиғатты танып қорғай білуге, айналаға зерделі оймен қарай алуға баулыған көркем әдебиеттер жазылып та, таралып та жатты. Алайда таралымы аз, алыстағы ауылдарға жетпеді, кітап­ханаларға  кезекке  тұрдық.

Жалпы, бізде балалар әдебиетіне лайықты көңіл бөлініп жүр ме? Үлкендер әдебиетінен гөрі «кішкентайлар» әдебиеті тапшылау екені де шындық. Балалар көркем әдебиетіне жеңіл-желпі қарауға болмайтыны да рас. Өйткені, олардың психологиясы, дүние танымы, қабылдап-зерделеу қабілеті әлі де жетіле қойған  жоқ  қой.

Біздің аймақта балаларға арнап өндіріп жазып жүрген Рахат Наурызбаева, Ділдахан Торғаева, Ержеңіс Әбдиев, Қуат Адистен (марқұм Адырбек Сопы­беков) басқа кішкентайлардың әдебиетшілері жоқтың  қасы.

Көз  алдыңызға келтіріңіз:  мектеп  сахнасында 10-12 жастағы  қыз  бала  өзбектің сүйіспеншілік  жайлы әнін егіліп, езіле орындап тұр. Неге қазақтың әні емес? Неге отан, мектеп, ана, ұстаз, еңбек, таби­ғат жайлы емес? Себебі, бізде балалардың жас ерекшеліктеріне  лайықталған ән де, өлең де жоқ есеп.

Менің  айтпағым:

Құрметті әдебиетші қауым, бізге балалардың тілі мен ой-өріс қиялына лайық, тез түсініп қабылдау­ларына  жеңіл, қазақи ұлттық рухта жазылған балалар  әдебиеті  керек.

Құрметті ата-ана, балаларымыздң жас кезінен бастап кітапқұмарлығы мен көркем әдебиетке қызығу­шылығын  дамытуға  қажеттінің бәрін жасау­ға  жұмылайық.

Құрметті ұстаздар, балаларды кітап оқуға, газет-­журналға жазылуға, кітапқұмарлыққа бастайтын алуан түрлі іс-шараны атқаруға күш-жігерімізді аямай­ық.

Құрметті баспасөз құралдарының редакторлары, газет-журналдарыңызда мектепке дейінгі балаларға, мектеп жасындағы жастарға арналған тұрақты бөлім (бұрыш)  ашсаңыздар, игілікті іс болар еді.

Осы бағыттағы, яғни балаларды кітап оқуға қызық­тыру, оларды кітап оқуға, кітапқұмар болуға баулитын іс-шараларға, барлық облыстық, аудандық, қалалық және мектептер мен балабақшалардағы кітап­ханаларға артылар жүк те, қойылар талап та үлкен. Тіпті, олардың негізгі жұмысы деп ойлаймын.

– Иә, балалар әдебиетінің өкілдері, Сіздер, бізге жақсы кітап жазып берсеңіздер, оларды насихаттау, оқырмандарды, әсіресе, студент жастар мен мектеп оқушыларын, балабақша бүлдіршіндерін кітапханаға көптеп тартуға бар күш-білімімізді жұмсауға дайын­быз және солай істеп те келеміз. Бұл – біздің міндетіміз. Қай заманда да ғылым мен білімсіз өмір ілгері жылжымайтынын, оған тек кітап оқу арқылы жету мүмкін екендігін, «Сен кітапты ашсаң, кітап сені ашатынын» жас оқырманға кітап оқу конференциясы мен балаларға арнал­ған журналдармен таныс­тыру, балалар ақын-жазушыларымен кездесу сағаттары мен мектеп оқушылары шығармаларының бәйгесін ұйымдас­тыру арқылы өткізіп жүргенімізге өзіңіз де куә болып жүрсіз, – дейді қаладағы Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы  директорының  орынбасары  А.Жанғабылова.

Балаларға  арналған көркем әдебиеттерді наси­хаттап, жас балғындар санасына «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» екендігін қажымай-талмай егіп жүрген балабақша, мектеп, аудандық және ауылдық кітапханалары баршылық. Олардың қатарындағы немерелерім оқитын С.Толы­беков атындағы мектеп-лицей (лицей директоры Л.Әбенова, кітапханашысы Л.Жақсылықова), немерем тәрбиел­еніп жүрген қаладағы «Сириус» балабақшасы (меңгерушісі П.Сәрсенбаева), Жаңақорған аудандық А.Сопыбеков атындағы орталықтан­дырылған кітапханасы (меңгерушісі Ә.Тілеубергенова), т.б. істері  көңіл  сүйсінерлік.

Оразбай  ҚОСАНОВ,

ҚР  Білім  беру  ісінің үздігі,

ҚР  Журналистер  одағының  мүшесі,

Қызылорда  қаласы

Коллаж: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: