Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Денсаулығына мойымаған өнерлі балақай

24.06.2021, 9:00 688

Бала балалық шағын мектепке барып, ел балаларымен қатарласа ойнап жүріп қызықты өткізу керек емес пе? Дегенмен, әр адамның тағдыры әрқалай. Біреуіне ерте, енді біреуіне кейін келетін өмір сынағы бәрінің де басынан өтпей қоймайды. Өмір бірде тәтті, кейде ащы. Әлдекім келген қиындықты жеңе алса, өкініштісі кейбіреуі сарыуайымға салынып жатады.

Сондай сынақ 2010 жылы дүниеге келген Бақдәулет Айтбайұлының да басынан айналып  өтпеді. Бақдәулет – Шиелі ауданы, Ш.Қодаманов ауылындағы №158 мектептің 4-сынып оқушысы. Кішкентайынан ауыр сынды арқалаған балақайға дәрігерлер 2011 жылы «жиі қайталанатын күрделі ішінара ұстамалар белгісі» диагнозын қойған. Бақдәулет бұл жағдайға небәрі он бір айлығында тап болған. Ол 2015 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балалар қатарында. Қазіргі уақытта Бақдәулет ақхалаттылардың шешімімен үйден оқытылады және мейірбикелердің бақылауында қадағаланады. Десе де, баланың оқудағы үлгерімі өте жақсы және өнерлі жанның бірі деуге болады. Уақыт өте келе денсаулығына мойымаған Айтбайұлының ән шырқауға деген талпынысы ашылып, сабақпен бірге әуендетуді де қатар алып жүрген көрінеді. Бұл дегеніміз оның өмірді сүйетіндігі және құлшынысының зор екендігін білдірмей ме? Ол білім, өнер саласын бағындырып алған жүлделі орындары мен мақтау қағаз, алғыс хаттарының біршамасын жинаған. Облыстық, қалалық, аудандық сайыстарда бой көрсетіп жүрген дарынды баланың бүгінгі халі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсырақ. Оған өзінің мықтылығы мен шыдамдылығы арқау болып жүрген-ді.

Осындай ынталы балақанның арманы ұшан-теңіз. «Бір арманым – жұлдызым жанған әнші болу» десе, енді бірі «ата-анама зәулім үй салатын құрылысшы болуды қалаймын» деген де мақсат-мұраты бар. Сонымен қатар, Бақдәулет өзін оқу мен өнерде шыңдап жүрген ұстаздарына алғысын білдіреді. Бақдәулеттің өмірін бағалай білетіндігі, өте жақсы ержігіт болып қалыптасып келетіндігін айшықтайды. Жігері жасымаған жас баланың асқақ арманының орындалуына өз үлесін қосар жомарт жандар жолығар, бәлкім. Не де болса, сараңдықтың емес адалдықтың ақ жолын таңдаған, жүрегі мейірімге толы жанашыр жанның кездесетіні анық. Баланың да анасы перзентінің болашағы жарқын, алар асуы биік деп сенеді. Келешегінен үлкен үміт күтетін өреннің денсаулығы жақсы болып, еш қиыншылықты көрмейтін ер болып өсеріне біздің де сеніміміз кәміл. Бақдәулеттің дұрыс жолмен түзу аяқ басып келетініне қуана отырып, ықыласы артқан балаға тек сәттілік, жасымайтын күш-жігер, өнерінің үстем болғанын ізгі тілек арқылы білдіргіміз келеді.

Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың

2-курс студенті

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: