Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүгінмен өмір сүр!

06.04.2023, 16:00 361

Оқырман хаты

Брайль қарпі

Адамзат дамуының үздік жетістіктерінің бірі – көз жанарынан айырылған адамдарға арналған Брайль қарпі. Оның көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандар кез келген жазбаларды оқып, өзара байланыс та орната алады.  Бұндай мүмкіндікке жол ашқан рельефті нүкте жазуын 1824 жылы 15 жастағы француз Луи Брайль ойлап тапқан. Ол әкесінің шеберханасында етік тігуге арналған бізбен көзін жарақаттап алған соң, 3 жасында көру мүмкіндігінен айырылған еді. Кейін тек әскери адамдар қолданатын Шарль Барбье ойлап тапқан «Түнгі қарпі» жүйесін негізге ала отыра, 1837 жылы Брайль өз қарпін ұсынды. Содан бері еш өзгеріссіз қолданылып келеді.

Луи Брайль үш-үштен екі бағанадан тұратын алты рельефті нүктеден құрастырылған өз әліппесін ойлап тапты. Алдымен жазу үшін оңнан солға қарай, оқу үшін солдан оңға қарай саусақтарыңызбен жанап өту керек. Алғашында бұл жүйе арқылы тек әріптермен жұмыс істеуге болатын, кейін сандармен бірге 64 түрлі символы да белгілейтін әдіс енгізілді. Осы қаріппен басылып шыққан алғашқы кітап «Франция тарихы» 1837 жылы жарыққа шыққан.

1892 жылы Фрэнк Хейвен Холл Брайль қарпімен жазатын жазу машинасын ойлап тапты. Сіз елестеткендей, машина 6 нүктеден ғана тұрады.

Статистика бойынша әлемдегі 37 миллион адам көру қабілетінен айырылған. Тек оның 7-10%-ы ғана Брайль қарпін біледі екен. Дегенмен, бұл жазу ерекше танымалдылықты иеленуде. Қазіргі таңда еліміздің қоғамдық көліктері мен орындарында да осы қаріп бойынша жазылған белгілерді байқай аласыздар. Ендеше, көз жанарынан айырылғандарды «мүмкіндігі шектеулі» санатына жатқызуға бола ма?

Бүгінмен өмір сүр!

Айлы түнгі аспанда жұлдыздардың көптігі сонша құдды бір шашылып жатқан асыл тастар секілді шағылысады. Айнала тып-тыныш, бәрі маужыраған ұйқыда. Тек Берік қана өз ойымен күресіп, төсекте дөңбекшіп, әлі жатыр. Ұйқы жоқ. Осылай бірнеше тәулік жалғасқан. Бүгін ғана дәріханаға соғып, ұйықтатын дәрі сатып алды. Әйтпегенде ұйқысыздық, тіпті, жұмысы мен денсаулығына әсер ете бастады. Бастығының күнделікті ұрысынан мезі болған Берік көп ойланбай дәрінің бірден екі данасын сумен бір-ақ ішті. Оның әсері өң бойына тарап, қалай ұйықтап кеткенін білмей қалды. Бұл түні Беріктің ұйқысы шынымен тәтті болды. Күні бойы сергек жүріп, жұмысын көңілді әрі жылдамырақ атқарды. Енді дәрі ішіп жатуды әдетке айналдырған. Алғашында екі данасынан бастап ішкен еді. Алайда күндердің бір күні оның да әсері әлсіреді ме, түн ортасында оянып кетуді шығарды. Содан әрі көз ілмей, таңды күнмен бірге атыратын. Сол үшін келесіде дәрінің санын арттырды. Үш-үштен, бес-бестен… Жұрт қатарлы ояну үшін дәріханалардағы ұйықтатын бұл дәріні қораппен сатып алуға көшкен. Уақыт өте келе, Берік енді бір бөтелке дәріні бір мәрте жұтатындай халге жетті. Соған сай, денсаулық та өз дегенін жасап, сыр бере бастады. Берік дәрігерге қаралуға шешім байлады, бірақ аса бір көмек күтпеді. Себебі, дәрігерлердің де тек дәрі жазып қана шектелетінін білді. Ал Беріктің күші тек екі дәрінің біреуін ғана ішуге жетті. Ол, әрине, «тәтті» ұйқыны таңдады.

Бүгін жаздың соңғы жұмыс күні болатын. Ертеңнен бастап Берікті жаздық демалыс күтіп тұрды. Бірақ Берікті қатты мазалаған денсаулығы еді. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, соңғы жұмыс күнінен шаршап келгені сонша, өз қалауымен маужыраған ұйқының құшағына енгісі келді. Бір жұтым сумен әдеттегідей дәріні жұтты да, төсегіне барып құлай жатты.

Берікті құстардың әні мен таң шапағаты оятты. Көзін ашқаны сол еді, бөлмесінен бастап бүкіл әлем жаңа түске енгендей әсем болып көрінді, оның үстіне, ұйқысы да қанған. «Мүмкін, бұның бәрі ұзақ күткен демалысымның әсері шығар» деп ойлады ол. Шынымен, енді оған жұмысқа тез киініп, асығыс тамақ ішіп, автобусының соңынан жүгіру керек емес. Берік жымиған күйі телефонынан әсем әуен қойды да, үй ішін ретке келтіре бастады. Билеп жүріп, ұзақ уақыт жемеген таңғы асын пісірді. Қызық, Берік жаңа туылғандай. Кешегі жанын жегідей жеп, шыдатпаған денесіндегі ауруынан түк қалмаған. Берік бұны тек тамақпен қарнын тойдырғанда бір-ақ байқаған. Өзін жеңіл сезінгендіктен, бұл күні үйінде отырғысы келмеді. Әдемі киімдерін киіп, саябаққа енді. Бұл жолмен жұмысқа күнде баратын. Алайда «бұл жер осындай әдемі ме еді?» деп өз-өзінен сұрап келеді. Айнала жап-жасыл, ағаштар гүлдеп те үлгерген, тынық ауаны жұтқанда, жаныңды тазалайтындай. Берік үшін бұл құдды бір жұмақтай болып көрінді. Енді өз көңілін аулау үшін әрі қарай фильм көруге барды, кейін қымбат жерде тамақтанды. Ас кезінде Берік неліктен осы уақытқа дейін дәл осылай өмір сүрмегеніне қынжылды. Өз жасын есептегенде, тіптен ұялды. Тек жұмысты ойлай беріп, жеке отбасын құруды да естен шығарыпты. Бүгінгі күн Берікке өмірді қалай сүруді үйретті. Ертеңнен бастап, әрбір сәтті соңғы күндей қабылдауға өз-өзіне уәде берді. Дегенмен, уәдесінде тұра алмады. Себебі Беріктің соңғы күні кеше болған. Жұмыстан шаршап келген күні қабылдаған дәрісінің дозасы белгіленген мөлшерден асып кеткен екен. Ал бүгінгі көргені жай елес болып шықты. Алайда Берік өз қалағанын тапты. Енді ол оянбастай, мәңгілік ұйқыда. «Тәтті» ұйқыда…

«Бақытсыз» жан

«Енді не істеймін?!» деді де қолындағы жұлынған шашқа қарап, көзінен ыстық жас бұрқ етті. Әр маңызды күнде Арунаның жолын осылай кес-кестейтін нәрселер көбейіп кетеді. Сол үшін де өзін «жолы болмайтын бақытсыз» сезінетін. Бүгін осы бір «бақытсыз» жанның туған күні еді. Тіпті осындай күні өзінің туылғанына өкініп, кінәлай бастаған. Оған себеп – таң атпай бүкіл жоспарының астан-кестенінің шығуы.

Таңмен таласып оянған Аруна азаңғы шайын көңілді отырып ішті. Бүгінгі күннің қалай өтетінін көз алдына елестетіп, өз-өзіне дән риза. Жылына бір келетін жеке мерекесін достарымен өткізу үшін үйіне қонақ етуді ниет еткен. Әдейі ата-анасы болмайтын күнді таңдап та алған. Алайда оның дамылсыз жымиып күле беруіне себеп ол емес. Шақырған достарының арасында оған ең жақыны, сезімі бөлек бір жанның болуында еді. Оның келетінін ойласа болды жүрегі елжіреп, істегелі тұрған ісін ұмытып кетеді. Осы бір жарқын көңіл күймен отырды да, туған күніне дайындалуға кірісті. Алдымен, «Қыз көркі – шашы» деді де, жуынуға қамданғаны сол еді, судың тоқтап қалғанын байқады. Аруна еш қаймықпастан, дүкеннен су алып, қайната бастады. Кейде өзін «ақылдым» деп еркелетіп те қояды. Шашын біріңғайлаған ісі біткен соң, үстелге асқа қажетті ыдыстар мен тағамдарды орналастырды. Есіне анасының жаңадан алған тәрелкелері түсіп, алу үшін биік сөреге қолын созды. Қалай екені белгісіз тәрелкелер қолына ілікпей қалды ма, жерге бірінен соң бірі  тарс етті де, бөліктер жан-жағына ұша бастады. Арунаның көзі жасаурады. Алайда көзі кешке ісіп кетпеуі үшін өз-өзін сабырға шақырып, тәрелке сынықтарын жинай бастады.  Кешегі өзі дайындаған түрлі тәттілермен үстел үстін жайнатты. Ендігі кезек – сырт бейнесінде. Айна алдына анасының бет бояйтын бір сөмке құралдарын әкеліп қойды да, бірінен соң бірін пайдалана бастады. «Болдым» деген соң нәтижесін көруге айнаға қараған. Орнынан атып тұрып, қол жуатын бөлмеге барды да, бетін ысқылап жуа бастады. Ұнамағаны сонша қайтадан боянуға зауқы соқпады. Уақыт та тым аз қалып еді. Іштей ашуға булыға бастады. Кейін киімдерінің арасындағы ең көзтарлық әсем көйлегін қолына алды. Бұл анасымен бірге ұзақ іздеп жүріп, әрең таңдап алған киімі болатын. Енді оны үтіктеуге кірісті. Бірақ оның бұраушысы әдеттегіден бөлек күйде тұрғанын байқамап еді. Көйлегіне басқаны сол-ақ екен, білек жеңін толықтай күйдіріп алды. Қолына үтігін ұстағалы күйде сол орнында қатты да қалды. Әрине, бұл Арунаның жылауына үлкен себеп болған. Бірақ сол сәтте анасынан қоңырау түсті. Арғы жақтан: «Қызым, бәрі жақсы ма?» деген дауысты естігенде, күшін қайта жиғандай болды. Әлі де бәрінің ойдағыдай екеніне өзін көндірді. Анасымен сөйлесіп болған соң бөлмесінен басқа киімін алып киді. Бұл жолы үтіктемеді. Достарының келуіне уақыт сәл қалыпты. Енді кепкен шашын әдемілеп тарап, бұйралай бастаған. Сол арада телефонына бірінен соң бірі түскен хабарландыруларға көзі түсті. Келген хаттарға жауап бермек болып, телефонын қолына алған. Қалай ұзақ отырып қалғанын байқамады-ау шамасы. Тек күйген иісті сезгеннен кейін ғана шашындағы бұйралағышты тартып қалды. «Енді не істеймін?!» деді де қолындағы жұлынған шашқа қарап, көзінен ыстық жас бұрқ етті.

Бұл жолы өз-өзін ұстай алмады. Бүгіндікке болған сәтсіздіктері кезек-кезек есіне түсіп, жасын тоқтата алмады. Ішіндегісін шығарып алғаннан кейін, орнынан тұрып, сағатқа қарады. 15 минут. «Үлгеремін» деді де, беті-қолын жуып, түрі мен шашын ретке келтіре бастады. Үй қоңырауы. Достарының келгенін сезді. Қызарған көздерімен есікті ашып еді, орнында қайта қатты. Бір қолында гүлі, екіншісінде торт ұстаған «достарының ішіндегі ерекшесі» тұр екен. Аруна оны шақырса да, келеді деп ойламаған. Алайда есікті ашқанда, алғаш көргені ол болды. Қалғандары ысқырып, құттықтап, бірінен кейін бірі үйге кіре бастады. Көш соңында қалған ол Арунаға қарап тұрып: «Сен боянбасаң да, әдемісің» деді. Бір ғана сөз Арунаның бүгінгі сәтсіздіктерін ұмыттырды. Ішкі әлемін төңкеріп, жанына жайлылық орнатты. Таңғы күлкісі жүзіне бірден оралды. Бұл оның өміріндегі естен кетпес әрі қайталанбас күні болды. Енді Аруна өзін «жолы болмайтын бақытсыз» сезінбейді.

Ел болашағын бірге жасайық!

Қазақстан Республикасы 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бастап, алға қадам басудан ешқашан сескенген емес. Биыл еліміздің «Егеменді ел» болғанына тура 32 жыл. Осы аз уақыт ішінде еліміз көптеген белесті бағындырып келе жатыр. Алайда тарихы тереңде жатқан қазақ дейтін ұлттың болашағы қандай болмақ? Біз кейде «жарқын болашақ» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Бұл дегеніміз – елдің өз тұтастығын сақтай отыра, мемлекеттің ешқашан «өлмейтінін» ұғыну. Ал біздің болашағымыз жарқын бола ала ма?

Қазақ жұрты өзге елдің боданына бұғауланбай, өз тәуелсіздігіне аса қиындықпен қол жеткізді. Ал оны сақтап қалу үшін әлі де күресіп келеді. Ендеше осындай рухы биік, керегесі берік ұлт қашанда мәңгі өмір сүруге лайық деп есептеймін. Еліміздің ертеңі жарық деп толық сеніммен айта аламын. Ал енді сәл қиялға ерік беріп, Қазақстанның келешегі жайлы сөз қозғап көрейік.

Тіпті «болашақ» деген сөздің өзі құлаққа жағымды естіледі. Барлық жақсы сол бір болашақта секілді. Оны естігенде, әрине, көз алдымызға елестейтіні – аспанда ұшатын көліктер, көшеде емін-еркін жүретін адам қалпындағы роботтар, айналамыз қоршалған әйнекті, зәулім ғимараттар және тағы басқалары. Аталғандардың басым көпшілігі елімізде бар және әлі де даму үстінде. Демек, біз сол «болашаққа» жақынбыз.

Әрбір адам «Отан маған не берді деп емес, мен Отаныма не бере аламын?» деп ойланса, мемлекет келешегіне алаңдамауға болады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел болашағы – әр азаматтың қолында. Сол себептен, мен де «өз елімнің дамуы мен көркеюі үшін не істей аламын?» деген сауалға жиі ойланамын. Болашақ қазірден басталатынын ұмытпау керек. Дәл осы сәтте жай ғана оқушы болсам да, білімге көз тігу дейтін өзіме берілген басты міндетті орындай отыра, мен елімнің ертеңіне үлес қоса аламын. Талмай оқып, өз мамандығымды түбегейлі меңгеріп, Отаным мен ондағы халыққа адал қызмет етуді мақсат етемін. Онымен қоса, айналамдағы жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өзімнен кішілерге дұрыс бағыт-бағдар беріп, жүрген жерімде табиғаттың тазалығын сақтау арқылы мен ел болашағын жасаймын. Әрине, бұл ұсақ-түйек нәрсе болып көрінуі мүмкін. Алайда үлкен жетістіктер кішкентай қадамдардан тұрады. «Жарқын болашақ» дейтін жоспарлаған үлкен мақсатымызға бірге жетейік! Дәл осы қарқынмен кездескен қиындықтарға қарамастан, тоқтамай жұмыс істейтін болсақ, ел болашағының жарқын болуына кепілдік бере аламыз.

Аружан САДЫҚБЕКОВА,

№136 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: