Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір жыл кешіккен жақсылық

12.01.2023, 11:00 182

II тоқсанды аяқтап, қысқы демалыстан келген бастауыш сынып оқушылары үшін қуанышты жаңалық болды. 9 қаңтардан бастап аймағымыздың мектептерінде бастауыш сынып оқушыларының барлығына тегін ыстық тамақ беріліп жатыр. Шынын айту керек, осыған дейін тек әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардың ғана балалары мектептен тегін ас ішетін. Тұрмыстық жағдайы төмен отбасының балалары тегін тамақты жеуге намыстанатын да жағдайлар кездесті. Ал, бұл жаңалық көпшілікті сөзсіз қуантты. Қызылорда облысы бойынша қанша оқушы тегін тамақтанады? Оған қаражат қайдан және қанша бөлінді? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

– Әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың балаларын балабақшаларда тегін тамақпен, ал барлық бастауыш сынып оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етеміз. Ниет білдірген әрбір баланың спорт секцияларына немесе шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуына мүмкіндік беріледі, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде өзінің  сайлауалды  бағдарламасында.

Осыған дейін бір мезгіл тегін ыс­тық тамақ тек әлеуметтік жағдайы­на қарай берілген болса, енді мемле­кет­тік мектептердің 1-4-сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылды. Бұл мүмкіндік облыстағы мемлекеттік білім беру ордаларындағы 70863 бастауыш сынып оқушысына беріліп отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекті қажет ететін отба­сында тәрбиеленетін 5-11-сыныптағы 17382 оқушы да тегін тамақтанады.

– Бүгінгі күні бір мезгіл тамақтану құны орташа есеппен 557 теңгені құрайды. Осыған сәйкес, 1-4-сыныпта білім білім алатын 70863 оқушы, 5-11-сыныпта қолдауды қажет ететін 17382 бала, барлығы 88245 бала тегін тамақпен қамтылуда. Бұл мақсатта бөлінген қаржы 7,6 млрд теңгені құрап отыр, – деді Қызыл­орда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет.

Мектептерде перспективалық маусымдық екі апталық мәзір жасалған. Ас мәзірін әзірлеу барысын­да оқушылардың мектепте болу ұзақтығы және балалардың жас ерекшеліктері ескерілген. Сондай-ақ, мектептерде қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен тамақтану сапасын мониторингілеу бойынша комиссиялар құрылған. Айта кете­йік, тамақтардың сапасы сала мамандарының күнделікті орга­нолептикалық бақылауынан өткізіліп  отырады.

– Бізде күнделікті ас мәзірі бар. Онда бастауыш сынып оқушыларының жас айырмашылығына сәйкес қандай тамақ берілетіні туралы толық жазыл­ған. Ол e-ashana жүйесіне орна­ластырылды. Яғни, ата-аналар бала­ларының күнделікті қандай тамақ жейтінін бақылай алады. Біз облыс­тағы алғашқы мектептердің бірі болып бұл жүйені енгіздік. Тамақ ішкен оқушылар арнайы бейдждегі QR-код арқылы базаға енгізіледі, – дейді №264 Т.Есетов атындағы мектеп-лицейі­нің  директоры  Бек  Тумурзаев.

Аталған жаңалыққа орай  әлеу­меттік желіде қуанышын  жарыса  жазып жатқандар көп. Бәрінен бұрын балалардың  қуанышында  шек  жоқ.

– Тұрмысы  төмен, жоғары деп бөлмей, бастауыш сынып оқушыларына жаппай тегін тамақ беру – өте жақсы жаңалық. «Палау жедік, компот іштік» деп балаларымыз қуанып келді. Балалардың көңіл күйінің көтеріңкі болғаны – ата-ана үшін зор мәртебе! Бұл  мектепте 3-4 баласы бар отбасыларға  көп  көмек. Рақмет айтамыз!, – деген сарында жазған  ата-ана­лардың  көбі.

2022 жыл елімізде «Балалар жылы» болып жарияланған еді. Сол кезде осындай жағымды жаңалық­тарды ел-халықтың күткені сөзсіз. Десе де, жақсылықтың ерте не кеші жоқ. Мамандар «оқушылар­ға берілетін тағамдарды «Қазақ тағамтану академиясының» ұсынысына сәйкес дайын­даған» деп отыр. Маусымына қарай 4 апталық ас мәзірінің құрамына біз де көз жеткізіп көрдік. Тағамның атауы, құрамы, өлшемі толық жазылып, жас айыр­машылығына қарай берілетіні де анық  көрсетілген екен. Сондай-ақ, ыстық тамақ бас­тауыш  сынып оқушыларына арнайы реттілікпен, оқу процесіне кедергі келтірмей, үзілісте беріліп жатқанға ұқсайды. Әрине, алғашқыда кем-кетік­тердің де болуы заңдылық. Десе де, уақыт өте келе жағдай бірізге түсіп, ата-ананың да, оқушының да қуанышы еселене түседі деп  ойлаймыз.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: