Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балауса балғындар қуанышы

01.06.2022, 11:30 345

HALYQLINE.KZ 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Қызылордада бірқатар іс-шара өткізілді. Солардың бірі – «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастырылуымен өткен салтанатты іс-шара. Балалар жылына орай облыс көлеміндегі медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін мүгедек балалары бар мамандарға қайырымдылық көмек көрсетілді. 20 балаға 100 мың теңгеден барлығы 2  миллион теңге көлемінде сертификат табысталды. Бұл іс-шара тек балалар күні ғана емес, жыл бойы ары қарай жалғасын табады.

 Маусым айының алғашқы күнін балалар мерекемен қарсы алады. Балғындардың тыныштығы мен болашағын бүкіл әлем болып қорғалатын күн ретінде мерекелейді.

Міне, елімізде де жыл сайын «1 маусым – Халықаралық балалар күні» мерекесі тойланып келеді.  Мемлекет тарапынан балалармыздың бақытты да баянды өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда. Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды іс-шараның бірі.  Өздеріңізге белгілі биыл балалар жылы жарияланып, балаларға түрлі қамқорлық шаралары көптеп ұйымдастырылуда.

– Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ерекше азаматтарға көптеген бағдарлама жасақталып, жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, мұндай балаларды қоғамға бейімдеу мен сауықтыруда ерте диагностикалау мен түзету маңызды. Қызылорда облысында бұл тұрғыда көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Биыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, балаларға қалтқысыз қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің кәсіподағы тарапынан түрлі қамқорлық шарасын ұйымдастырып келеміз. Соның бірі – бүгінгі іс-шара, – дейді Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов.

Қала бойынша 35 өтініш түскен. Комиссия мүшелері денсаулық жағдайларына қарай отырып,  20 балаға қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар ойыншықтар беріліп, балалармен әртүрлі ойын ойнатылды. Бүлдіршіндердің тұлымшағы желбіреп,  жүздері қуанышқа толды.  Өйткені бала бағбанына айналған аниматорлар еріксіз күлкі сыйлап, бақытты етті.

Ақерке КЕНЖЕБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: