Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Балалар жылы» – бала болашағының іргетасы

12.05.2022, 10:00 902

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаев Қазақстан халқына арналған Жолдау­ында отандық білім беру жүйесінің сапасын жақсартып, дарын­ды балаларға жан-жақты қолдау көрсету керектігін және адами капиталды жетілдіруге тапсырма берген болатын. Сондай-ақ, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осы мақсатта елімізде талапты балаларға біршама қолдау көрсетіліп, жарқын жобалар қолға алынып жатыр. Білім аясында балаларымыз қарқынды нәтижемен көзге түсіп, біліктіліктерін арттыруда. Тек бойында таланты тасыған өрендерге үнемі демеу беріп, оларға деген сенімімізді үзбеуі­міз керек. Осы орайда, биыл балалар үшін жаңа жоспарлар бекітіліп, бірқатары жүзеге асырылуда. Ең алдымен ауыл, аудан орталық­тары мен қалаларда балалар үшін 300 мектеп және мектеп-интернат салыну көзде­ліп отыр. Одан кейін, 1 жасқа дейінгі сәбилердің мерзімі мен бөлінетін жәрдемақы мөлшерін көбейту жоспарлануда. Еліміздің барлық аймақтарын инновациялық даму орталық­тарымен қамту қолға алыну­да. Сондай-ақ, балалар емханалары мен мектеп асханаларында балалар үшін ерекше жағдайлар жасалмақ. Сонымен бірге, ең алғы мәселелердің бірі орындалып жатыр. Ол – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған цифрлық құжатты енгізу сертификаты. Бұл арқылы ата-анасы, қамқоршылары, дәрігерлер бала­ға қандай әлеу­меттік қолдау шара­ларына құқық берілгенін біледі. Онымен қоса тастанды бала­лар үшін де жағдай жа­салуы аса маңызды. Сондықтан да ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке жәрдемақы түрі енгізіледі. Тағы да балаларға білім, спорт, өнер, ғылым салаларында және түрлі бағытта өркендеуіне жол ашылатын болады. Міне, осындай сүйемелдеудің арқасында барлық бүлдіршіндердің жүздеріне күлкі ұялатып, бақытты балалық шақ сыйлай аламыз деп ойлаймыз.

Балалар жылы деп тек өткі­зі­летін іс-шаралар мен жиындарды атап өту емес, жасалып жатқан бағыттардың аяғына дейін жетуі аса құнды. Сонымен қатар, сұранысқа түскен балалардың ұсыныстарын қапыда қалдырмай, қарапайым халық үшін жасалып жатқан жүйенің бағдарынан таймауының маңызы зор. Сондай-ақ, балақайлардың әрдайым құқығын қорғау басты парызымыз болып табылады. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, біздің ұлт үшін балалардың амандығы басты орында. Себебі болашақ еліміздің өркендеуі осы жас ұрпақтың қолын­да  екені  белгілі.

Иә, биыл «Балалар жылымен» қатар, «Балалар әдебиеті жылы» да бірге қолға алынып жатыр. Бұл бастама балаларды ұлттық құндылықтарын жоғалтпауына, дәріптеуіне, жаңғыртуына, дүние­танымын кеңейтуге, қазақ тұлғаларының тағылымды шығармаларымен танысуға және балалар әдебиетін насихаттауға негізделген. Осы тұрғыда көптеген зиялы қоғам қайраткерлері мен зерделі ақын, жазушыларымыздың қазақ әдебиетіне қосқан еңбектеріне үгіт-насихат іс-шаралары жүргі­зілді. Атап айтатын болсақ, Роза Бағланованың туғанына 100 жыл, Күләш  Байсейітоваға 110 жыл, Ахмет Байтұрсынұлының туға­нына 150 жыл, Мұхтар Әуезовке 125 жыл, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинге 120 жыл толуы­на байланысты әр өңірде түрлі кітап көрмелері мен жиындар жасалып, мерейтой  аталып  өтілуде.

–  Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің былтырғы бастамасы «Балалар әдебиеті жылы» биыл да жалғасын тауып отыр. Осындай бастамалардың септігі «Балалар әдебиетінің» қарыштауына үлкен әсерін беріп жатыр. Дегенмен бала­лар ақындары мен жазушыларына ерекше көңіл бөлініп, жарық көретін дүниелеріне қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Себе­бі біраз ақын-жазушының жақсы туындылары мемлекеттік баспаға ілінбей қалып жатыр. Мектеп оқушылары балалар ақындары мен жазушыларын жіті тануы керек. Сондықтан, балаларға арналған әдебиет пен өлеңдер жинақтарын көбейтуіміз қажет. Сонымен бірге, мектептерде балалар ақын-жазушыларымен кездесуді үнемі үзбей ұйымдастырғаны жөн. Өйткені жүздесу барысында балалар өзіне рухани құндылыққа толы ілім алады деп білемін, – деді балалар ақыны Ержеңіс Әбді.

Әрине, әр баланың дұрыс қалып­тасуы үшін баланың білімі мен біліктілігін арттыруымыз керек емес пе? Ол үшін барлық баланы кітап оқуға жетелеп, қызық­тырып, құлшынысын ашуға еліміздің ба­лалар ақын-жазушыларына айрықша  арқа сүйегеніміз  абзал.

Бала бақытты болса, ата-ан­а, түгел ел бақытты. Сондықтан еліміздің атын әлемге танытып жүрген қазақтың қарадомалақ жеткіншектері қашанда мемлекеттің қаперінде екені белгілі. Қорыты­ндылай келе, биыл «Балалар жылы» қарсаңында жүргізілетін жобалардың барлығына сәттілік тілеп, балалардың қуанышына  бірге  ортақтасайық!

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: