Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бала тәрбиесі – басты мәселе

14.06.2020, 16:30 1315

HALYQLINE.KZ Бала – біздің болашағымыз. Бала – біздің ертеңгі тарихымыз. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарау – қателік. Осыны ескеріп, біз бала тәрбиесі жайында Массагет.кz сайтының кейбір деректеріне сүйене отырып, қарапайым ғана ақыл-кеңестермен бөлісеміз.

Бастысы бала ашуланса, оған ешқашан ашумен жауап бермеу керек. «Енді кәмпит жесең, тісіңді қағып аламын!» деудің орнына, «Балам, кәмпит жесең тісіңе құрт түседі, мен сенің тісің ауырғанын қаламаймын. Одан кейін дәрігерге барып ауырған тісіңді емдетуге тура келеді» деп түсіндіріп бағыңыз.

Балаға шектеу қойған кезде даусыңыздың екпініне көңіл бөліңіз. Ұрысу, жеку ретінде емес, кеңесу, сырласу түрінде білдіріңіз. «Олай етуге болмайды», «ешқашан бұлай жасаушы болма!», «неге олай істедің?» деген қатаң ескертулер баланы мезі етеді. Оған құлақ та аспай қабылдайды. «Мен болмайды дегесін, болмайды!», «айттым бітті!» деген бұйрықтардың орнына, «Олай етпеген дұрыс, себебі…» деп теріс ісінің соңы неге апарып соғарын түсіндіріңіз.

Бастан асатын шаруаңыз, осы күні бітпесе болмайтын ісіңіз кезіксе де, балаға күніне кем дегенде 15 минут арнауды міндетіңіз санаңыз. Бұл уақытты оқуға, тәрбиелеуге жұмсамай, баланың қалауы бойынша өткізіңіз. Ол арадағы жақындықты, махаббатты сездіретін болуы керек. Бірге ойнаңыз, бірге күліңіз, өзін бақытты бала сезінуі үшін аз уақыт та толық жететіндей әсер етіңіз.

Баланың мектепке бару, үйірмеге қатысу секілді істері құрдастарымен қарым-қатынасына жатады. Ойнау мен достық орнатуға да арнайы уақыт бөліп қою керек. Адамдармен дұрыс араласа алмайтын бала тасбауыр, безбүйрек боп өседі.

Бала бірнәрсе бүлдірсе, оның себебін анықтаңыз. Балаға басқа қолданатын еш шара қалмаған жағдайда ғана жазалауға болады. Ол өзін не үшін жазалағаныңызды міндетті түрде түсінуі керек. Басқа біреудің кінәсін балаға жаппаңыз. «Таз ашуын тырнаудан аладының» кебін киіп, себепсіз ұрып-соқсаңыз, баланы тек ызақор, кекшіл етіп тәрбиелейсіз, пайдасынан зияны көп болады. Жазалаудың нәтижесі болады деген жағдайда ғана қолданған абзал.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: