Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылда балалар алаңы бой көтерді

05.05.2022, 12:40 675

HALYQLINE.KZ

Балаларға арналған ойын алаңы ауылдық елді мекендерде қат. Тіпті жоқтың қасы десе де артық емес. Балғындардың «бос уақытта бой сергітетін ойын алаңы болса» деген армандарын осыдан қырық жыл бұрын алтын ұядан қанат қаққан Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылының түлектері орындады. Сан салада табысты еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі кәсіпте, бірі ұстаздық жолда, ал енді бірі мемлекеттік қызметте саналы ғұмырларын арнап келеді. Қат-қабат тіршілікте түлектер ұйымдасып, ақылдаса келе балалардың қуанышын еселеуге шешім қабылдайды. Осылайша Ақтөбе ауылында балалар алаңы бой көтеріп шыға келеді. Жаңа алаңның ашылу рәсіміне ауыл әкімі Данияр Ахметов, ардагерлер Тәби Қойшығұлов, Ысқақ Күшікбаев, Тойтан Көбегенова, ардагер-ұстаздар Кәрібай Байғараев, Қарлығаш Ермағанбетова және ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты жиында сөз алған ауыл әкімі Данияр Ахметов ел игілігі үшін жасалған іс ел мерейін үстем еткендігін алға тартып, алғысын жеткізді.

Туған жерін ұмытпай, елге еңбегін сіңіруді парыз санайтын азаматтарымыз жетерлік. Осы уақытқа дейін осы ауылдан түлеп ұшқан түлектер азаматтық парыз деп, біршама шаруалардың бітуіне мұрындық болды. Мысалы, былтыр 1964 жылғы түлектер ауылға ақ боз үйді сыйға тартса, биыл 1965 жылғы түлектер кішкентай бүлдіршіндердің игілігі үшін үлкен іске ұйытқы болып отыр. Туған жерге жанашыр азаматтардың арқасында ауылдың жағдайы жақсарып келеді. Бұл көңіл қуантады, – деді ауыл әкімі.

Ал балдырғандардың қуанышына сеп болған ауыл түлектері «балалар жылында ауыл бүлдіршіндеріне осындай сый жасаймыз деп шештік» дейді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген. «Бала – болашағымыз» деп білген елге жанашыр азаматтардың қатары артса, сүйсінеміз де.

Ә.НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: