Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аңдарды үркіткен тышқан

26.07.2020, 15:00 1251

 HALYQLINE.KZ Жолбарыс тасада тығылып отырып, жемтігін күтіп жатты. Жылдам жүгіріп келе жатқан сілеусінді көрді.

– Неден қалдың, қайда барасың? – деді сосын. Сілеусін сәл демалып жан-жағына қарап: “Мені арыстан қуып келеді. Сен де жем боласың, қаш!”.

Мұны естіген жолбарыс та сілеусінмен қабаттаса қашып келе жатып, түйеқұсқа кезікті.

– Сендер неге атша шауып келесіңдер? – деді түйеқұс.

– Арыстан аш екен, аңның бәрін қуып келеді.

Бұларға сеніп түйеқұс қарасын көрсетпей кетті. Алдынан басы қазандай ақырып арыстан шыға келді.

– Кімнен қашып келесіңдер? – деді ол. Қорыққаннан ешқайсысы үндемеді. “Ареке, сізден қашып келеді” деп түлкі мазақ етті. “Мен сендерді қуып келе жатқам жоқ, өзім пілден қашып жүрмін” деп арыстан арсылдап бір күліп алды.

Аңдар түсінбей аң-таң. Ақ шаңды бұрқыратып піл келіп жетті. Тұмсығын лақтырып, жерді тепкілеп, шыңғырды. Талды тамырымен жұлды. Пілге жақындауға қорқып, бәрі жиналып керікті жіберді. Бойын керіп, өткір көзімен қарап, жалын тарап, мойнын бұрып, тілімен жапырақ жалап, пілге қарап: “сіздің бір жеріңіз ауырды ма?” деді.

Піл: «мен су ішіп тұрып бір тышқанды көрдім. Ол менің үстіме өрмелеп, құлағыма кірді».

Піл тағы шу шығарды. Сол кезде кішкентай тышқан пілдің құлағынан атып шықты. Күні бойы бір-бірінен қашып, шаршаған жолбарыс, сілеусін, түйеқұс, арыстан ашуы кеп, тышқанды қуа жөнелді. Ал, тышқан болса, сол жердегі бір інге кіріп кетті.

Алтынай АЙБЕКҚЫЗЫ,

“Ертегілер” және “Ертегілер елінде”

кітаптарының авторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: