Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаш ардақтылары аңсаған болашақ

23.02.2023, 10:20 1620

Бүгінгі  тәуелсіздігіміздің негізі, Алаш серкелері Ә.Бөкейханов, А.Байтұр­сын­ұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев   сынды  ардақтылар  ғұмыры­ның   соңғы  күндерін  қазақтың   елдігі  мен  тұтастығын   сақтауға  арнады. XX ғасырдың  басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын  алға тартқан  рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойында­рына алды. Олар қоғамның түрлі тарапынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. Алаштың ардақты ұлдарын ажал құштырған  опасыз дәуірде, жазықсыз жалаға ілініп, ұлт жолында өзде­рін құрбан еткен  ұлы даланың боздақтарына туған жерінің топырағы да бұйыр­мады. Заманының  қатыгездігіне мойынсынбай, М.Дулатов «Оян, қазақ!» деп жар салса, А.Байтұрсынұлы «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай, хәм, күшті болу керек»  деген еді «Қазақ» газетінде. Алаш ардақтыларының тағдыры қиын,  бірақ кісі қызығарлықтай еді. Ғұмырлары ащы арманға толы, алайда өзгеге өнеге боларлық ғұмыр. Мақсат-мұраттарының мазмұны  кей тұста  қайшылықтарға  соқтырса  да  өте  терең.

Қазағым, қақтықпа, қамалма,

Ел болар халыңды  амалда!

Кетті туы, атты таң, шықты күн,

Сал малды, сал жанды аянба!

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған  атақ елім үшін өлгенім.

Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін, – деп бір-біріне қажымас қайрат, таусылмас күш беріп отыр­ды. Күрескер қайраткерлер  бір  шаңырақ  астына  бірігіп, «Алашорда»  үкіметін  құрды.

Сонда Ә.Бөкейханов: «Азаттық­тың  таңы атты. Тілекке  Құдай жеткізді. Кешегі күні құл едік, бүгін теңелдік. Қом көңілде қояудан арман қалған жоқ. Қанша ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған  жауыз  үкімет өзгеге қазған оры болып қайтпас  қара сапарға кетті. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген  жақсылықты  өңімізде  көріп, төбеміз көкке жетіп отыр», – деді. Дегенмен, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Кеңес  үкіметі  өз  озбырлығын жалғастыруды тоқтатпады. Бірақ  Қайрат, Ләззат, Ербол сынды жалынды жастар өз өмірлерін құрбан етіп, келер ұрпаққа баға жетпес тәуелсіздікті сыйға тартты. Алаш зиялылары аңсаған тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Алаш ардақтылары мемлекеттің  алғы  шартын  жасап  кетті.

Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев «Алаш» зия­лылары арманын іске асырды. XX ғасырдың 90-жылдарының басын­да тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланды. Көк байрағымыз желбіреп, әлемді мойындаттық. Өз тіліміз, дініміз бар. Алаш арманда­ған  болашақ – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан. Алаш ардақтылары көтерген ұлттық идеялардың жүзеге асқанының дәлелі – «Мәңгілік ел идеясы». Демек, «керегеміз – ағаш, ұранымыз – алаш» дейтін біз үшін қазақ идеологиясының темірқазығы болып келді, әрі қарай бола береді де. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден»  деген Ә.Бөкейхановтың бұл нақыл сөзін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бойынан көріп келеміз. Елі үшін аянбай тер төгіп жатқан, кемел де білімді саясаткер «Жаңа Қазақстан» бастамасын қолға алып, еліміздің қайта жандануына, кеткен олқылықтардың орнын толтыруға, жаңаша дамуға бетбұрыс жасады. Алаштың аманатын орындап, ұмытылып бара жатқан ел ардақтыларының есімін қайта жаңғыртуда. Ел үшін елеулі партия атауын да алмастырып, қазақылық нақышты қалпына келтіруде. «Аманат» сөзінің мағынасы да терең. Халқымыз­дың мәдениеті мен тарихында айрықша орынға ие. Ол алашордашылардың өсиет еткен тәуелсіз елдің мәңгі арманы, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың ұлан-ғайыр еліміздің  құндылығы  ретінде  сипатталады.

      Ресейдің боданына бұғауланған ата-бабамыз келер ұрпақ үшін қасық қаны қалғанша күресіп, қой үстінде бозторғай жұмырт­қалаған заманды сыйлаған, көгінде қыран құсы еркін қалықтаған қазақ елі – осы күні бізге аманат. Бұл баға жетпес асыл мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Ол – біздің ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Алаш зиялылары аңсаған тәтті арман орындалып, дамыған елдермен тереземізді теңестіріп, кемел  болашақты  қалыптастыру  үстіндеміз.

            Аянат КЕМЕЛБЕК,

Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған

мектеп-лицей-интернатының  8 «Ә» сынып оқушысы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: