Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өтебикенің өнегелі ісі

01.06.2023, 9:00 446

HALYQLINE.KZ

1  маусым  –  Халықаралық  балаларды  қорғау  күні

Өтебике 1956 жылдың мамыр айында Бекарыстан би ауылында дүниеге келді. Әкесі Төлебай қарапайым шаруа адамы болса да, бес уақыт намазын қаза қылмаған молда болуымен қатар, науқас адамдарды емдеп, халықтың зор ықыласына бөленген ерекше жан еді. Осыдан отыз жыл бұрын мектепке баратын ұлым Бахтиярды «немеремнің денесіне пышақ тигізбеймін» деп шешем осы Өтебикенің үйіне келген Төлебай молдаға апарып, уқалатып сүндетке отырғызған болатын.

Өтебике Төлебаева 1974 жылы совхоз орталығындағы Кеңес Одағының батыры Ү.Түктібаев атындағы № 24 мектепті бітірісімен халқымыздың «жол мұраты – жету, сауда мұраты – ұту, қыз мұраты – кету» деген мақалына сай аудан орталығындағы «Гострах» мекемесінің инспекторы болып қызмет істейтін жас жігіт Мейірімхан Нұрғазиевпен тұрмыс құрды. Мейірімхан екеуі Талғат, Бекболат, Гүлсім есімді балалы болды, кішкентай сәби ауырмай тұрмайтыны белгілі ғой, сол кезде Өтебике басқа келіншектер сияқты дәрігерге бара бермей, молда әкесінен үйренген ем-домын жасап өзі-ақ жазып алатын. Өтебикенің бұл емшілік қасиетін байқаған жақындары, көршілері, тәуір болғанын көрген қызметтестері ем-дом алатын болды. Өтебикенің өзі емшімін деп есептемейді, дегенмен алдына келген науқастарға көмек беруден бас тартпайды, қолынан келгенше көмектеседі. Атап айтқанда баланың таңдай тілін басады, шошыған сәбиге дем салады, бойдағы түрлі кеселді анықтап тамыр үзеді. Сондықтан болар, Өтебикені басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам болмайтын сияқты барлық ағайын-туыс, көрші-көлем, жора-жолдастары ерекше жан деп қадір тұтады, өкінішке қарай күйеуі Мейірімхан көршім 2020 жылы ковид індеті өршіп тұрған кезде қайтыс болды.

Өтебикемен қызметтес және көрші болғандықтан, оның ерлікке жататын бір ісін айтқым келіп отыр. Өтебикенің үлкен ағасы Қанатбайдың қызы Гүлденген қайтыс болғанда қатты қайғырып, артында қалған ұл мен қызының тағдыры не болады деп алаңдаған болатын. Жүрегі босқа сыздамаған екен, қазақтың «жақсы әке жездедей-ақ» дегені рас екен, сіңлісі Гүлденгеннің жұмыссыз жүрген күйеуі екі баланы баға алмайтыны белгілі болды. Мейірімханмен ақылдаса отырып жетім қалған сіңлісінің ұлы Қанқожа мен қызы Гүлсаяны өз қамқорлығына алды. Қазіргі заманғы тілмен айтқанда патронаттық тәрбиені заңды түрде рәсімдеп алуы елдің жүрегін елжіретті, жүрегіне иманы толық орнаған Өтебикенің сауапты ісі басталды, екеуін мектепте, сосын Ақтөбе қаласында колледжде оқытты, ортаға адам салып жұмысқа тұруына ықпал етті. Не де болса өзі өскен қазалылық қызға үйленсін деп Қанқожаны Нұргүл Темірбекқызына құда түсіп, екеуінің тойын өткізіп болғасын Ақтөбеге шығарып салды. Қазір Қанқожадан үш немере сүйіп отыр, Айтұмар бастауыш сыныпта, Ерасылы осы жылы мектеп табалдырығын аттайды, кіші немересі Айлин он айлық болғандықтан бағып отырған Өтебике бүгінде Ақтөбе қаласында. Өткен жылы қызы Гүлсая ақтөбелік Ахмет есімді жігітке тұрмысқа шықты. «Жерде жетім күлсе, көкте періште қуанады» немесе «Бір жетімді жебесең, көкте қырық періште қуанады» деген сөз бұл дүниеде ананың аялы алақанына еш нәрсе тең келмейтінін білідіріп тұрған жоқ па? Анасының жоқтығын білдіртпеген Өтебикенің бұл ісін мен ерлікке тең деп бағалаймын. Мейірімханның қызмет еткен «Госстрах» мекемесі жабылып қалып, бір айлықпен үш баласымен қатар қайтыс болған сіңлісінің екі баласын қосып бағу оңай емес еді, қазір Құдайға шүкір бәрі артта қалды, бұл күнде немерелері үшін Қазалы мен Ақтөбе арасында жортып жүрген Өтебикенің өнегелі ісін үлгі етуді мақсат етіп жазып отырмын.

Өтебике өзі 1976-1995 жылдары тепловоз машинистерін дайындап шығаратын техникалық мектепте қоймашы болып қызмет істеді. 1995 жылы сол кездегі үкімет жүргізген оңтайландыру саясатына байланысты Батыс Қазақстан теміржолына қарасты ең ірі оқу орны болып табылатын техникалық мектеп жабылып қалып, Өтебике Жанқожа батыр атындағы № 70 мектепке техникалық қызметкер болып жұмысқа тұрып осы мектептен зейнетке шыққанда, балалары аудан орталығындағы «Ай-ғасыр» мейрамханасында дүрілдетіп той жасады. Өтебике анаға жасалған қандай құрмет болса да, артық болмайды. Өтебикемен телефонмен сөйлескенде, мектеп бітіргеніне 50 жылдығына байланысты Қазалыға қарай жол жүргелі отырғанын айтқан болатын. Мен де: «Өтебике, тойдан тойға барудан шаршама!» деп өз сөзімді аяқтаймын.

Cуретте: Өтебике Қанқожаның үйінде немерелерінің ортасында.

Бақытжан Абдул-Түменбай,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: