Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйелдің орны қайда?

30.05.2024, 11:00 193

Демографиялық дағдарыс. Қазір қоғамда осындай түсінік қалыптасты. Әрі бұған ермен қатар жұмыс істеп, тындырымды тірлік еткен әйелдердің ықпалы зор көрінеді. Яғни, табиғи болмысынан тайып, ана атану миссиясын ұмытуы себеп екен. Негізі «әйел бастаған көш оңбайды» деген жалаң ұран жалған. Сонау заманнан екі елді бітімге келтіріп, елші рөлін атқарған әйел қауымын қайда қоямыз? Тарихты түгендесек, мұндай мысал жетерлік. Сонымен, билік тек еркек кіндіктінің еншісіне бұйырған ба? Ал әйелдің қызметте болуы неліктен үрейді  ұшырады?

ДИСКРИМИНАЦИЯ:  ҚЫЗМЕТТЕГІ  ӘЙЕЛДІҢ  ҮЛЕСІ  АЗ

Бүгінде қыз-келіншектер қол қусырып қарап отырған жоқ. Кәсібилігін көрсетіп, табыс табуға ниетті әрі оны жүзеге асыруда. Соған қарамастан саяси аренада әйелдердің төбе көрсетуі сирек. Бәлкім, бұл – гендерлік теңсіздіктің салдары. Өткен жылғы БҰҰ-ның мәліметіне сүйен­сек, 195 мемлекеттің 36-сында ғана әйелдер мемлекет және үкімет басшылары лауазымын атқарған. Оның 19-ы үкімет басшылығына тағайындалған екен. Ал демократиялық мемлекетте бірдей мүмкіндік қарастырып, теңдікке теріс қарамау анағұрлым маңызды. Былтыр депутат Қарақат Әбден мәселені мәжілісте көтеріп, әйел үні мінбеден естілуі керек деген ойын  білдірді.

– Халықаралық ашық статистика индексінде Қазақстан әлемнің 146 елін қамтитын жаһандық гендерлік теңдік бойынша Оңтүстік Африка, Ямайка, Мозамбиктен кейінгі 62-орында тұр.  Осы орайда, «Ауыл партиясы» барлық жергілікті атқарушы органдар бойынша мәліметтер жинақтады. Мысалы, Түркістан облысын алсақ, әкімнің 5 орынбасары бар, бірақ оның ішінде бірде-бір әйел жоқ. Облыстағы аудан әкімдерінің саны – 17, оның біреуі ғана әйел. Облыста 21 басқарма болса, оның біреуіне ғана әйел жетекшілік етеді.  Бұл көрініс басқа өңірлерге де ортақ деуге болады. Басшы әйелдердің жалпы үлесі 17,8%-ды ғана құрайтынын көрсетіп  отыр, – деді ол.

Шындығында, әйел көтере алмайтын шоқ­парды беліне байламайды. Басқаруда білім-білігі, шиеленісте шешім шығара алатын сенімді болғандықтан  саясатқа  ден  қояды.

– Біз заман талаптарына сай болуымыз керек! Дейтұрғанмен, арамызда «Әйел бастаған көш оңбайды», «Шашы ұзынның – ақылы қысқа» деген архаикалық, патриархалды ұстанымдағылар әлі де көп. Керек десеңіз, статис­тикалық мәліметтерге сүйенсек, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ұлдарға қарағанда, үздік оқитын қыздар көп. Саясат сахнасы білек емес, білімнің сыналар майданы емес пе?! Жалпы халықтың 50%-дан астам үлесін құрап отыр­ған әйелдер неге басшылықта 50% орынды алмайды деген заңды сұрақ туындайды, – деген депутат бірқатар ұсынысты да айтып өтті.

Иә, бүгінгі тенденция әлеуметтік жынысқа қатысты болып отыр. Бірақ қасаң көзқарастан арылатын уақыт келді. Тіпті, әлемдік тәжірибе­лерде әйелдің қоғам мен саясаттағы рөлін айшық­тау қолға алынған. Мемлекет басшысы да саяси лауазымға әйелдерді тарту керегін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Үкімет басшылық органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңімен арттыру  жөнінде  шаралар  қабылдап  жатыр.

– Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн, – деді Президент.

ҚОҒАМ  ҚАЙ  ҚҰБЫЛЫСТАН  ҚОРҚАДЫ?

Әуелгіден, табыс табу – ердің мойнына жүктелген міндет. Ал оны әдемі ұйымдастыру – жанұядағы жаулық иесінің қолында. Ал, қазір әйелдің сүйікті ісімен айналысып, мансап жолында көтерілуі даулы мәселеге айналды. Содан болар, көпшілік ұрпақ өрбімейді деген ұтымсыз ойға ерік береді. Ең сорақысы, ер үйге байланып, әйел түзде жүреді деп шошынады. Жоғары жалақы алатын әйел табысы төмен жолдасын төпейді деу де – теріс түсінік. Түймедейді түйедей етуді қойған жөн. Өйткені, саналы ерлі-зайыпты отбасындағы мұндай олқылықтың алдын  алуға  қауқарлы.

– Мансапта жолым болғаны рас. Шүкір, арманым алдамай, жас та болсам жетістікке жетіп келемін. Енді болашақ жарымнан осындай қолдау күтемін. Төрт қабырғада отырып, уақытты босқа өткізгім келмейді. Қызығушылығымды ысырып қоя алмайды екенмін. Күйеуге шыққан соң да жұмыс істеп, қосымша табыс та тапқым келеді, – дейді  Ә.Рауанқызы.

Үй шаруасын үйлестіріп жүріп, қалаған ісіне көңіл бөліп, өзіне уақыт арнау керек. Қызмет қуалап жүріп, нәзік болмысынан айырылады деу – жаңсақ пікір. Ошақ басынан шықпаса да әйелдің жүнжіп кететінін ұмытпау керек.

– Бұрын әйел үйде отырып бала-шағасын қараса, сол бақыт деп айтатынмын. Бірақ қазір көп әйел үйде отырған жоқ. Егер әйел адам өзін тек бала-шағасына, үйіне арнаса, кейін балалары өсіп, жан-жаққа кеткенде үйі босайды. Үйде бала-шаға жоқ, тек күйеуі екеуі ғана. Сол кезде әйелдер өздерін қоярға жер таппай кетеді. Өйткені, олар өмір бойы, таңнан кешке дейін балаларына қарап, тамақ беріп, сабағына жіберіп үйреніп қалған. Өзін сонымен алдап келген. Балалары өсіп, өз жолдарымен кеткенде ешкімге керек еместей сезінеді. Ары қарай не істерін білмегендіктен, саналы түрде өзіне ауру шақыра бастайды. Яғни, қарайтын бала-шаға жоқ па? Онда өз-өзіне ауру тілеп, сол  аурумен  алысып  жүреді.

Адам  әрдайым  бір  іспен  айналысып  отыруы  керек.  Балалары  есейіп  кеткен,    40-45  жастағы әйелдердің көбі ауырады. Өйт­кені оларда басқа жұмыс жоқ. Менің бұдан ұққаным, әйел адамның бойында бір мамандық, бір іске деген икемділік болу керек. Ол дегенміз – күні бойы 12 сағат мемелекеттік жұмыс істеу деген сөз емес. Баласын бақсын, үйін тазала­сын, күйеуінің бабын тапсын, бірақ күніне 2-3 сағатын сол бойындағы мамандығына арнасын. 1-2 сағат өз ісімен айналысса ол жерде әйел адам ана емес, жар емес, өзін тұлға ретінде қалыптастырады. Адамдармен араласады, тәжірибе алмасады, ең бастысы, өзіне керекті энергияны жинайды. Үйіне келген кезде көңіл күйі көтеріңкі болып, барлығын жақсы көріп тұрады. Ал егер таңнан кешке дейін үй шаруасымен отыра берсе, әйел  жүдеп-жадап, ешкімді көргісі келмейді, – дейді психолог М.Бекайдар  өз  сұхбатында.

ТҮЙІН. Кілтипан қыз-келіншек қауымының іске кірісуінде емес. Мидағы шектеу мен түсінікте. Есті әйел қызметтегі қалпын да, жанұя жарасымын да сақтай алады. Тек өмірдегі миссиясын алға тартып, қоғамдағы белсенділігін белден басудың қажеті жоқ.

Замира  ҚОНЫСЖАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: