Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дарынды баланың дені сау болғаны дұрыс

10.08.2022, 16:15 613

HALYQLINE.KZ Ата-ана баласының дарынды болғанына қуанып, қатарларынан әлдеқайда қабілетті екендігін мақтанышпен айтып жүргенді жақсы көреді. Кезінде аса дарынды болып барлығымызды таң қалдырған балалардың болашағы қалай болғандығы жайлы біле білмейміз, себебі оларды ұмытып кеттік.

Кезінде аса дарынды апалы-сіңілі Диана мен Анжела Князевтер 10 және 11 жсында Москвадағы халықаралық шеттілдер институтының экономика факультетіне оқуға түсті. Қос қыз ұстаз болған ата-анасының арқасында мектеп бағдарламасын қалай тез меңгергені сияқты, институтты да екі жыл ішінде бітіріп 12 және 13 жасында халықаралық экономист мамандығын алып шықты. Екі қызды ешқандай мекеме мамандығы бойынша жұмысқа ала алмайтын болып шықты. Еңбек Кодексі бойынша жұмысқа тек, 16 жасқа толған жасөспірімді, онда да ата-анасының  рұқсатымен ғана алынатындығы заңмен бекітіленгенді.  Диана мен Анжела екінші жоғары оқу орнына оқуға түсіп, оны да бір жыл ішінде бітіріп юриспруденция мамандығын алғанымен, мектеп жасындағы юристер тағы да бірде-бір мекемеге керек болмай шықты. Ресейдегі жоғары оқу орындарының ректораттар Кеңесі қыздарды Стэнфорд университетіне оқу үшін АҚШ-қа жолдамамен жіберді. Оқу бітіріп Ресейге келген 19 және 17 жастағы ғылым кандидаттарын еш мекеме жұмысқа алуға асықпады. Қайтадан екеуі АҚШ-қа кетіп, докторлық диссертация қорғады. Қазіргі уақытта Диана мен Анжела Князевтер Нью-Йорк университетінде оқытушы болып лекция оқып жүр.

Брюс Хлебников 4 жасында өзінің штангадан жаттықтырушысын көтергенін теледидардан көріп барлығымыз таң қалғанбыз. Содан бастап кішкентай Брюсті анасымен барлық телехабарлар көрсете бастады. Қабырғаға ілетін 400 беттік қалың күнтізбекті қолымен жыртты, медициналық резеңке грелканы шар сияқты үрлеген Брюс өсіп жігіт болған соң, барлығымыз ұмытып кеттік.

Талантты пианист қыз Полина Осетинская 10 жасында П.И.Чайковский атындағы халықаралық конкурста бас жүлдеге ие болғанда, бүкіл әлем таң қалды. Бұған қанағат тұтпаған музыкант әкесі қызын одан да жоғары көрсеткішке жеткізем деген жақсы ниетпен қатаң күн тәртібін орнатты. Бұған шыдай алмаған 15 жастағы Полина үйінен қашып кетті.

Ника Трубина 4 жасынан бастап өлең шығара бастағанда қуанған анасы өлеңін қағазға түсіре бастады. Анасы қызының арқасында әр түрлі телехабарларға түсіп, Ресейге танымал болды. Тіпті әр хабарға қызы екеуі  арнайы көйлек тіктіретін болды. Ника бойжеткесін өлеңге деген құштарлығы басылып «кішкентай ғажайып поэтесса» атанудан қалды. Атақ пен даңққа үйреніп қалған Ника бұған көнгісі келмей депрессияға ұшырап шарап пен нашаға үйір болып, ақыры терезеден секіріп өлді.

Жас математик Павел Коноплевтің де тағдыры қайғылы аяқталды. МГУ-дің аспирантурасын 18 жасында аяқтаған Павел жас кезінде жүйкесіне түскен эмоциялық пен интеллектуальдық күштен жүйке ауруына ұшырап, ақыры психиатриялық ауруханада көз жұмды.

Вундеркиндтерді зерттеген ғалымдардың сөзіне қарағанда дарынды балдардың тек 10 пайызы ғана нәтижелерге жетіп, қалғаны кейін қалыпты жағдайға түседі екен.

Генетик ғалымдардың жазуына қарағанда адам өмір бойы алатын білімінің 75 пайызын 10 жасқа дейін алып болады екен. Соған қарағанда қазақтың: «Баланы жастан үйрет» дегені дұрыс екен.  Мысал келтіретін болсақ, Мендельсон, Шуберт, Моцарт 5 жасынан бастап музыкалық шығарма шығарған, Лермонтов пен Пушкин 9-жасынан өлең шығарған, Рафаэль мен Ван Гок 8-жасынан сурет салған. Кімнің дарындылығы ерте басталса, солардың ғұмыры да қысқа болғаны тарихтан белгілі. Лермонтов-26, Шуберт-31, Моцарт-36, Рафаэль, Ван Гок, Мендельсон, Пушкин-37 жас қана өмір сүрген. Осыған қарап «Ерте жанған от, ерте сөнеді» дегендей Қытайдың ғұлама философы Конфуцийдің: «Алға түссең көз тиеді, артта қалсаң сөз тиеді, алтын ортада жүрген дұрыс» деген сөзі еске түседі.

Дарындылық сөз жоқ ген арқылы ата-анасынан даритындылығын білеміз. Кейде оны да жоққа шығаруға болады. Пушкин, Паскаль, Ломоносов, Энштейн, Ландау, Билл Гейтс өздерінің еңбекқорлығы арқасында атақты адамдар қатарына қосылды. А.С.Пушкиннің арғы атасы араб-эфиоп Ганибалды І Петр патша құлдықтан құтқарып Ресейге әкеліп оқытқан, М.Ломоносов 15 жасында сауатын ашып, 19 жасында Санк-Петербургке оқуға түсуге келгенде күлмеген адам қалмаған. Қатарларының өзінің көш ілгері озып кеткенің көрген А.Эйнштейн өзі жайлы: «Менің ешқандай да дарын жоқ, менде есектің қиқарлығы мен әр нәрсені білсем деген қызығушылық ғана бар» деп түңіліп жазған.

Дарынды бала, яғни супер-сәби болу ең алдымен баланың жүйкесіне әсер етеді. Ең бірінші салмақты ата-анасы түсіретінің білмей қалады. Баласының қатарларына қарағанда қабілеттілігін бірінші байқаған ата-ана баласы үшін қаржысы мен уақытын аямайды. Баласын өрге сүйреп, көрсеткіш қуып оған қуанып жүргенде, баласының алаңсыз қатарларымен доп қуатын балалық шағынан айырады. Ол ең алдымен баланың физикалық өсіп – жетілуіне кедергі келтіреді. Бұл жерде ата-ананың  барлығына кінә тағудан аулақпыз. Баламның ең алдымен дені сау болып өссін деген ата-аналар басым. Кезінде КСРО-да, ерлі-зайыпты дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Никитиндердің балаларына жасаған тәжірибесін барлығымыз білеміз. Никитиндердің 7 баласы, 3 жастарынан оқу мен жазуды игеріп, 4 жасында Менделеев таблицасын жатқа біліп, қатарлары мультфильм көріп жүргенде, химия мен физикадан тәжірибе жасаумен қатар, денешынықтырумен айналысып қысты күні қар үстімен жалаң аяқ жүріп елді таң қалдырды. Атақты педагог Никитиндердің балалары қалай қалыптасты дегенде, Алексей-дизайнер Лондонда тұрады, Антон-химия пәнінің мұғалімі, Ольга-заңгер, Анна-медбике, Юлия-кітапханашы, Иван-кәсіпкер, Люба-үй шаруасында. Бәрі де қарапайым мамандық иелері, кезінде тәжірибе алаңына айналған отбасының балаларының барлығын да 2-4 тен балалары бар. Бұл тамаша емес пе? Бұл жерде айтарым дарынды баланың ең алдымен дені сау болғаны дұрыс дегім келеді.

Педагогика ғылымының докторы Елена Авдотьина дарынды балалар туралы мынадай пікір айтады: «Дарынды балаларға аса сақтықпен қараған жөн. Оларды сыныптан-сыныпқа аттатып көшіріп, ерте есейтуге мен қарсымын. Ерте есейген балалар қатарларынан озып кетіп, кейін олармен тіл табыса алмай қалады, достары аз болады. Қатарларынан озып тұрған вундеркиндтер, өз ортасымен тіл табыса алмай алшақтап қалып , жеке өмірінде жолы болмайды. Мен оқып жаза алатын 3 жастағы сәбиін көрсеткен ата-аналарға, «Сәбидің өмірін қор қылмаңыз» деп жауап беремін».

Адам организімінде қандай сарқылмас күштер мен мүмкіндіктер барын спорттан айқын көруге болады. Спорт адамның физиологиялық қана емес, психиологиялық  жағынан да дамытып болашаққа нық сеніммен қарауға үйретеді. Болашаққа жан-жақты білімді адамдармен қатар дені сау ұрпақ қажет.

Жазира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қызылорда «Өркениет» медицина колледжінің

«Мейіргер ісі» факультетінің 3-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: