Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дос туралы толғаныс

17.01.2023, 10:00 247

HALYQLINE.KZ

Жаңа 2023 жылдың алғашқы күндері қуанышты хабармен басталды, бала күнгі досым, ауданға белгілі азамат Қонысбек Аппазұлы Оразалы «Қазақстанның Құрметті азаматы» атағымен марапатталып, кеудесіне төсбелгі тақты. Мектепте бірге оқып, арамыз үш жас болса да аға-іні ретінде араласып жүріп, достығымыз жоғары оқу орнын бітіріп келіп, білім саласында қызметке тұрған соң басталды. Оған да қырық жылдан астам уақыт өтіпті ғой, уақыт неткен жылдам еді. Осындай қуаныш кезінде, дос туралы толғаныс өзінен-өзі туады екен.

Орыс халқының «Алма өз ағашынан алысқа түспейді» деген мақалы Қонысбекке арнап айтылғандай, себебі ол айтулы азамат Аппаз Оразалиевтің ер балаларының үлкені болып дүниеге келді. Аппаз әкей бұрынғы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхозда, қазіргі Жанқожа батыр атындағы ауылында бас есепші болып қызмет істеді. Аппаз әкеміз көкірегі ояу, көзі ашық белгілі сөз шебері және шежіреші әрі өнерлі жан еді. Балаларының да өнерлі болып өсуіне бар жағдайды жасады. Бірде іссапармен облыс орталығынан қайтарда базарлық ретіне ұлына сырнай әкеліп берді. Кішкентай Қонысбектің бар ермегі сырнай болып, ақыры оны өздігінен тартуды үйренді. Аппаз әкей қызметі көтеріліп, «ДСУ-8» мекемесіне бас экономист болып аудан орталығына қоныс аударғанда, Қонысбекті сол кезде жаңадан ашылған музыка мектебінің баян сыныбына оқуға берді. Баян сыныбынан сабақ берген ұстазы Анатолий Валентинұлы Цой мен сол кездегі музыка мектебінің алғашқы директоры болған, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, Халықаралық педагогика білім академиясының корреспондент мүшесі, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Жеңіс Сағиұлы Өтемісовті мамандық таңдауыма әкем Аппазбен қатар тілекші болған адамдар деп әлі күнге дейін құрмет тұтады.

1972 жылы Жанқожа батыр атындағы №70 мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың музыка факультетіне оқуға түсіп, студент атанды. Институт қабырғасында үздік студент болумен қатар Қонысбек «Сыр сұлуы» ансамблінің белді мүшесі болып жеке және хормен ән салып, бишілер тобымен де, оркестр құрамында да және жеке баян аспабымен де өнер көрсетіп елге танылды. «Сыр сұлуы» ансамблінің мүшесі болғанда сол кездегі 19 облыстың барлығында концерттік гастрольде болды. 1979 жылы Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында өткен «Қазақстанның онкүндігінде» Қонысбек «Сыр сұлуы» құрамында өнер көрсетіп, бауырлас халықтың қошеметіне ие болды. Осы сапар кейін жеке кітап болып шығып, Қонысбек суретімен енді.

Сол кездің өзінде қызылордалықтар Қонысбекті «вертоуз баяншы» ретінде мойындап өнеріне риза болды, инститтутты бітірер жылы «Сыр сұлуы» ансамблінің көркемдік жетекшісі, белгілі сазгер Мүлкаман Қалауов Қонысбекті Қызылорда облыстық филормониясында қызметке қал деп талай үгіттеді. Осы институт қабырғасында оқып жүргенде, әскери кафедера болмағандықтан Қонысбек 1976-1978 жылдары кеңес әскері қатарында өз борышын өтеді. Әуе күштеріне қарсы Қорғаныс (ПВО) әскерде болып, «саяси және жауынгерлік дайындық үздігі» атанды, Қонысбектің Қазалыдағы ата-анасына әскердің саяси жетекшісі «Алғыс хат» жіберді.

1979 жылы институтты бітірісімен Қонысбек Аппазұлы музыка мектебіне баян сыныбына мұғалім болып қызметке тұрды. Теориялық жағынан сауатты, баян аспабында ойнаудың шегіне жеткен оған ұстаздық қызметке үйреніп кетуі қиындық туғызған жоқ, оның үстіне қасында баяннан сабақ берген ұстазы Анатолий Цой болды.

Күнделікті шәкіртерге баяннан сабақ берумен қатар, ауданда өтетін мәдени іс-шаралардың барлығына қатысып, концерттік бағдарламаның «қазығы» болды. Аудандық «Қорқыт сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, «Мырза» атындағы ұлт-аспаптар оркестрі мен орыс аспаптары музыка ансамблі құрамында баянда ойнап, талай облыстық, республикалық фестивальдеріне қатысып лауреат атанды. Қазақ телевизиясының жарты сағаттық телефильміне түсті, оны сол 80-жылдары жиі көрсететін.

Ауданымыздағы өнерпаздардың көшбасшысы болып өнер көрсеткен Қонысбек Оразалының еңбегі әр кезде әділ бағаланып келді. Облысты әр жылдары басқарған әкімдер С.Шаухаманов, Б.Сапарбаев, С.Нұрғисаев, И.Адырбеков, Б.Қуандықов, М.Құл-Мұхамед, Қ.Көшербаевтың қолынан Құрмет грамотасын алса, облыстық білім депертаментінің басшылары Ә.Мүсілімов, М.Өтемұратов, М.Шермағанбет, Ж.Жонтаева, А.Мұхимов, Б.Сайлыбаев, А.Қасымованың да осындай марапаттарына ие болды.

1995 жылдан бері жоғары санатты мұғалім, 1997 жылы ҚР Білім беру ісінің үздігі төсбелгісімен марапатталды. Осындай марапаттарға ие болған ұлағатты ұстаз Қонысбек Оразалының шәкірттері облыстық, республикалық өнер байқауларының талай жүлдесін алды. Атап айтсақ, ЖОО бітіріп келіп, өзімен бірге музыка мектебінде баян сыныбында оқытушы болып жүрген Талғат Маханбетжанов, Серік Отаралиев, №249 лицей мен №204 мектеп мұғалімдері Ғани Алғашбаев пен Гүлдана Бисембекова, Тасбөгет пен Жалағаш кентіндегі мұғалімдер Айнұр Қосманова мен Күләш Кеулімжаева, Қызылордадағы Қазанғап атындағы колледж мұғалімі Назым Есмаханова, «Ақмешіт» фольклорлық ансамбль мүшесі Нұрғиса Нұрбаев, болашақ музыка маманы болатын студентер Нұрмұхамед Хамитұлы, Ербол Талғатұлы, т.б. атауға болады.

Қонысбек туралы сөз қозғалғанда ерекше шәкірті Серікбол Шайықов туралы айту парыз. Тоғыз жасында аурудың салдарынан зағип болып қалған баласының тағдыры әкесі, Бөзкөл ауылында дәрігер болып қызмет істейтін Сержан Шайықовты қатты ойландырды. Зейнетке шыққасын аудан орталығына көшіп келіп, баласы Серікболды аудандық музыка мектебінің сол кездегі директоры Раманқұл Әуезовқа жолығып, мектепке қабылдауын айтып өтініш білдіргенде, досым, марқұм Раманқұл Махамбетұлы бірден жауап бере алмады. Бұл 50 жылдық тарихы бар мектепте болмаған жағдай еді. Зағип баланы оқыту тек Қонысбектің қолынан ғана келуі мүмкін деген сеніммен Раманқұл мен Серікболдың әкесі, марқұм Сержан жеке өтініш айтты. Қонысбек бұл істі қолға алуға жүрексінсе де, тәуекелге барды. Нотаны зағиптарға арналған Брайл жазуындағы әріп бойынша түсіріп үйретті, 3-4 оқушыға кететін уақытын жұмсағанмен Қонысбектің еңбегі қайтты.

Серікбол Шайықов 2003-2008 жылдары музыка мектебінде оқып бітірді, тіпті дені сау балалармен бірге облыстық жас музыкантар байқауына қатысып жүлделі орын алды, облыстағы қазылар алқасындағылар да сирек кездесетін жағдай екенін біліп Қонысбектің ерекше еңбегіне таң қалды. Өнер адамдары сезімтал келеді ғой, тіпті қазылар алқасы өз қаражаттарынан Серікболға арнайы сыйлық ұйымдастырды. Осы музыка мектебінде оқып жүргенде Серікбол өзінің алғашқы баян аспабына арналған «Шаттық вальсі» шығармасын шығарды, оны ұстазы Қонысбек нотаға түсірді.

Қазіргі уақытта Серікбол Шайықов – «Әнімсің ару дүние» атты шығармашылығын өткізген, 20-дан астам ән шығарған белгілі сазгер, ақын әрі әнші. «Біз бәріміз бірдейміз» атты әні облыс зағиптарының әнұранына айналды. 2018 жылдың қыркүйегінде Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткізілген «Жүрек жылуы» байқауына қатысып, «Сыр – Алаштың анасы» атты әнімен 2-орынды жеңіп алды.

Сөз арасында Серікбол: «Ұстазыма өмір бойы ризамын, баян аспабын тартуды үйретіп қана қоймай, сазгерлікке де бейімімді байқап, шындала түсуіме көмектесті. Алғашқыда нота үйреткенде көрмесем де қатты шаршайтынын сезетінмін, қазір есейген соң біліп отырмын, ұстазымдай адам бұл өмірде өте аз кездеседі» – деген болатын.

Осы жерде менің айтайын дегенім, Қонысбек су қараңғы зағиптарға арналған Брайл альфавиті арқылы Қазақстан тарихында бірінші рет зағип балаға баян тартуды үйреткен ұстаз, екінші рет досымның бұл ерлікке пара-пар еңбегін ешкім қайталай алмауы да мүмкін. Себебі, шыдамы жетпейді.

Қонысбек әкеден сегіз ағайынды, бәрі де өнерге жақын болса да, музыка пәні мамандығын апасы Зәуре мен қарындасы Мөлдір таңдады. Мөлдір Аппазқызы Алматыдағы қыздар пединститутында доцент болып қызмет етеді. Педагогика ғылымының кандидаты, орта мектептегі 1-4-сыныптарға арналған ән-әуез оқулықтарының авторы. ҚР Білім министрлігінің грантын жеңіп алып, 5-7-сыныптарға арналған оқулықтар жазу үстінде.

Зайыбы Айдынкүл туралы сөз болғанда, Қонысбектің анасы Нағима есімімен тығыз байланысты болғандықтан, ене мен келін арасындағы ерекше сыйластықты атап айтқым келеді. Нағима анамыз жұмысшыларды жабдықтау бөлімі «ОРС-6»-ға қарасты нан дүкенінде сатушы болып істеді, Нағима анамызды көпшілік «Нан апа» деп атаушы еді. Осыдан 6 жыл бұрын 88 жасында дүние салған енесін күтіп, бар жағдайын жасағанын, қай кезде барсақ та көріп жүрдік. Жарықтық жарық дүниеден өтерінде келіні Айдынкүлге батасын беріп кетті. Сол кезде Қонысбек те науқастанып ота жасатқан болатын, бір үйден екі науқасты күту тегі мықты жанның қолынан келетінін өз басымыздан өткізгендіктен білемін.

Ұзақ уақыт ауырғандықтан ба, Қонысбектің жүрегі сыр беріп, 2018 жылы өлім аузынан аман қалды. Астанада жүрегіне өте күрделі ота жасатып қатарға қосылғанда қуанбаған адам қалған жоқ десем де болады. Бұл жерде, біріншіден, жаратқан иеміз жар болып, екіншіден, Айдынкүлдің алған алғыс пен батасының арқасы ма деп ойлаймын.

Айдынкүл Қожантаева да ерекше жаратылған жан. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педколледжде оқып жүргенде Қонысбекпен қатар «Сыр сұлуы» ансамблінің жүргізушісі болды. Москвадағы Бүкілодақтық халық шаруашылығының жетістіктері (ВДНХ) көрмесіндегі концертке қатысып, ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасын орыс тлінде көркем сөз жанры бойынша жырлап, елдің таңдайын қаққызған болатын. Педколледжді қызыл дипломмен бітірген Айдынкүл Қонысбекпен бірге музыка мектебінде қызмет істеп жүріп, сырттай оқып жоғары білім алды. Көркемсөз оқудың шебері атанған Айдынкүл жергілікті «Серік ТВ»-да диктор болып қосымша қызмет істеді, кеңес заманындағы 1 мамыр мен 7 қарашадағы шерулерді жүргізіп трибунадан талай естіген ашық та, нық дауысы әлі де есімізде. Осы дауысы үшін Айдынкүлді «Қазалының Сауық Жақановасы» деп халық лайықты бағасын берді.

Қонысбектің үлкен қызы Айгүл болашағынан үлкен үміт күттірген болатын. Музыка мектебінде «фортепиано» сыныбы бойынша 7 жыл оқып бітірді, сазгерлікке де бет бұра бастаған болатын, «Анашым», «Әкем», «Соңғы қоңырау» әндерін тыңдап қуанған болатынбыз. Мектепте Айгүлді тақтаға тегімен шақырмай: «Қонысбектің көшірмесі, сабақ айт» дейтінмін, әкеге ұқсайтын қыз бақытты болады деген ырым бар, сол ырымның қырын кеткені бәрімізге өкініш болып қалды. Айгүл Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университетінің 2-курсын бітіріп, жазғы демалыста жүргенде қайғылы жағдайға ұшырады. Қонысбектің ұлы Айбек жоғары білімді маман, басшылық қызметте, келіні Айгүл де жоғары білімді ұстаз, немерелері Ясин мен Ясир №266 мектеп-лицейдің үздік оқушылары. Қызы Меткүл №204 мектептің мұғалімі, бір әулеттің үлгілі келіні.

Барлығымыздың жанымызда Қонысбектей сөйлесе қалсаң жанынды жадыратын жайсаң жандар жүргеніне не жетсін.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: