Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Директор

14.11.2022, 10:30 593

HALYQLINE.KZ

Ғибрат

Күні кеше Нұрлан Қанат атты інім үйге келіп, Ертілеу Жалғасбаевтың сәлемдемесін әкеліп тапсырды. Қандай сәлемдеме дейсіз бе? Бала күннен бергі досым Ертілеу Шынтасұлы қалың мұқабалы, шұрайлы тілде әкесі Шынтас аға туралы жазылған «Директор» деген тақырыбы санаңа ой салатындай кітап пен жайнамаз, ұлттық нақыштағы шапан мен бөрік беріп жіберіпті. Кітаптың сыртқы бетіндегі Сыр өңіріне есімі танымал болған ағамыз, марқұм Шынтас Жалғасбаевтың айбынды бейнесін көргенде жүрегім шым ете түсті. Жайнамазға маңдайымды тигізіп тәу етіп, шапанды иығыма іліп, бөрікті басыма киіп, белімді жібек белбеуімен буғанда бойымды алапат күш кернегендей күй кештім.

Қызылорда қаласында жуырда Шынтас ағаның бала-шағасы, ұрпақтары бас болып, туған-туысты, көзін көргендерді, қызметтес болғандарды жинап, ағамызға арнап үлкен ас берген болатын. Сол асқа мен де шақырылған едім. Алайда, белгілі себеппен қатыса алмадым. Соны ескерген Ерекең маған осы сәлемдемені арнайы беріп жіберіпті. «Ата көрген оқ жонар» деген осы ғой» деп іштей тебірендім. Тағатсыздана кітапты қолыма алдым. Шынтас аға туралы жүрек жарды лебіздер мен естеліктер топтастырылған кітапты Ертілеу Жалғасбаев, Жанділдә Баймұратұлы, Еркін Әбіл құрастырып, жоғарыдағы азаматтарға қоса редакциялық алқа мүшелерінің қатарында Қуаныш Оразбаев, Ерлан Шынтас бар екен. Шәкең туралы әрбір естелікті оқып, кітаптың әр бетін ашқан сайын ағамыздың қарамағында жұмыс істеген жылдарым көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты.

Шынтас Жалғасбаев аға басшылық жасайтын атақонысым, қазіргі Жанқожа батыр атындағы ауылға, сол тұстағы Қазастанның 40 жылдығы атындағы савхоздың қоймашысы болып құрылыс бөлімінің жолдамасымен келгенде небары 20 жаста болатынмын. Кеңседегі мәжілістің аяқталуын ұзақ күттім. Тағатым таусылды. Ақыры… есік қағып, ішке ендім. Адамға лық толы екен. Мүлгіген тыныштық орнады. Директордың өткір жанары қанжардай қадалды. Суық раймен басымнан аяғыма дейін шолып өткенде маңдайымнан суық тер бұрқ ете түсті. Сасқалақтап жолдамамды ұсындым. Сабыр ет оқырманым. Сондағы кескін-келбетімді шама-шарқымша суреттеп берейін. Сексенінші жылдардағы сән үлгісі есіңізде болар. Ұзынтұра, шашы иығын жапқан, балағы жарты кез шалбар, тар жиде, самбреро шләпі киген, жалтыраған көзілдірік ілген бозбаланы мен деңіз. Ашуға булыққан Шәкең «Бұл жын-перінің мекені емес. Көзіме көрінбе. Жалбыраған шашыңды алдыр. Адам сияқты киініп кел» деп қуып шықты. Мұндай қысылмаспын. Қимағанмен амал қанша. Шаш қысқарды. Киім реттелді. Бұл жаңалыққа бәрінен бұрын марқұм әжем қатты қуанды. Жұмысқа қосылып кеттім. Бірде Шәкең кабинетіне шақыртты. Сәл бұрын жиналысқа түсіп, есеңгіреп шыққанмын. Неге дейсіз бе? «Көше шайқасында» тым белсенділігіммен көзге ілігіппін. Есіктен жүрексініп кірдім. Бастығым «Ауданнан жасақталған Сібірден құрылыс материалдарын әкелетін топтың құрамына қостық. Күш-қайратыңды пайдалы шаруаға жұмса» деп қысқа қайырды. Үн-түнсіз басымды изедім. Сол сапардан алған әсерім бертін келе «Сағыныштан сарғайған Сібір» тақырыбымен жарық көрді.

Сібірден олжалы оралдық. Қайтар жолда серіктерімнен бөлініп, Қызылордадан түсіп қалдым. Облыстық материалдық-техникалық базаға соғып, ауылға құрылыс материалдарын алып қайтуды ұйғарған едім. Жолым болды. Облыстық базадағы Нұрия Исабекова есімді апайға жолығып, Сібірден іссапардан келе жатқанымды айтып, көмектесуін өтіндім. Нұрия апай тілге келген жоқ. Қолымда зат алуға сенімхат (доверенность) болмаса да ауданға арналған кітапшаға жазып, құрылыс материалдарын босатып, адамгершілік танытты. Бұл мәселе шешілді. Енді алынған заттарды ауылға жеткізетін көлік қажет болды. Біреулердің сілтеуімен Өркендеу ауылының тумасы (аты-жөнін ұмытып қалыппын) автокомбинатта жауапты жұмыс істейтінін естіп, сонда бардым. Мәрт жігіт екен. Ләм-мим деместен тіркемесімен қос бірдей КАМАЗ көлігін босатып берді. Ертеңіне заттарымды тиеп, ауылға жеттім. Гараждың есігінің алдында Шынтас ағам тұр екен. Құрылыс заттары толтыра тиелген КАМАЗ-дан түскенде ағамның жүзі түнеріп кетті. Сұстана қарап «Сен Сібірге бармағансың ба?» – деді қатқыл үнмен. Мен жөнімді айттым. Шәкеңнің өңі бұлттан шыққан күнше жадырап, арқамнан қақты. Ал, менің көңілім сол кезде сонау көкте шалқып тұр еді. Көп ұзамай Шынтас аға мені «Бесжылдықтың жас гвардияшысы» (Молодой гвардеец пятилетки) деген төсбелгіге ұсынды. Міне, тәрбиенің шыңы. Мініңді шыжғыртып бетіңе басып, жетістігіңді елеусіз қалдырмайтын Шәкеңнің қасиетіне қалайша сүйсінбессің.

Шынтас Жалғасбаевтың басшылығымен Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшар республиканың, одақтың ауыспалы қызыл туын 27 (!) мәрте иеленді. Есімі одақтың «Алтын кітабына» енді. «Озат тәжірибе» мектебіне айналды. Өзі «Ленин», екі «Еңбек қызыл ту», «Халықтар достығы» ордені, көптеген медальдармен марапатталды. Қазақстан компартиясының Х-ХІІ-ХVI съезінің делегаты атанды. Екі мәрте облыстық, ұзақ жылдар бойы үзіліссіз аудандық кеңестің депутаттығына сайланды.

Қазіргі таңда өзі маңдай терін төккен ауылда Шынтас Жалғасбаев атындағы іргелі көше бар. Бұл – асыл азаматқа деген ел-жұртының шексіз құрметінің нышаны.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданының  құрметті  азаматы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: