Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкелер әлсізденіп, жігіттер жігерсізденбесін!

27.07.2023, 8:30 249

HALYQLINE.KZ

Оқшау  ой

Бірден айтайын, қазақ жігіттерінің арасында нар тұлғалы азаматтар аз емес. Елім деп еміреніп, жерім деп жанып тұратын жігіттер жетерлік. Бірақ, қоғамда жар таңдауға келгенде жан сұлулығынан бұрын жағдайының барына есі ауып, жалғанды жалпағынан басып жүру үшін ақшалыны таңдайтындар көбейді. Бұл – қазақ қоғамының тағы бір дерті.

Әуелі жігіттерден бастайын, жуырда бір жастардың әңгімесін тыңдадым. Айтатыны, мен дәрігер қызды аламын, мен мұғалімге үйленемін немесе бизнесі бар аруға көз тігіп жүрмінге саяды. Ал, егер арада махаббат болса, кәнеки. Ертең басында үйі, астында көлігі бар арудың етегіне жармасып, жүгенінде жүруді ар көрмейтінін ашық мойындаудың өзі ездік емес пе? Жүсіп Баласағұн бабамыз жас жігіттерге жар таңдауда қыздың қандай қадір-қасиетін сарапқа салуды айтып кеткен. Қыз бала да жар таңдауда болашақ қосағының имани жан дүниесіне терең бойлау керектігіне мән берді. Алланың аманатына қиянат жасағысы келмейтіндерді таңдауға шақырды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе үйленсін. Себебі үйлену – көзді харамнан, абыройдың жоғалуынан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп, отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы екеніне назар аудартады, отбасы құруды дәрежелейді.

Біз ақыл айтудан аулақпыз, бірақ қоғамдағы осы бір мәселе жиілеп бара жатқан соң жазып кетуді жөн көрдік. Тек есеппен деп жүріп, есек секілденіп жүгенде кетпейік.

Екіншіден, бүгінгі қоғамда әлсіз әкелер көбейді. Отбасында отағасы деген киелі атқа кір келтіріп жүрген жас әкелер де жоқ емес. Бұл да – қоғам қаупі. «Келіншегім ақша тауып жатыр, мен үйде бала қараймын» деген сөзді естіп те жүрміз. Қолы бос болса, тек такси қызметіне шығады. «Сонда бұл қоғамға не бересіз, елге жасайтын қандай ісіңіз бар?» деп сұрасаңыз, «Бізге мемлекет не беруде?» деп жекиді.

«Жалқау азаматтардың екі түрі бар, бірі шынында жалқау келеді. Ал, екіншісі – денсаулығында кінәраты бар. Өйткені, денсаулығы тасыған адамның мысықтай үйде жатқанын көрмейсіз. Сондықтан бұл әлсіздік ер-азаматтарға кесел болып жабысуы мүмкін» дейді аға буын.

Сөздің қысқасы, әкелеріміз әлсізденіп, жігіттеріміз жігерсізденіп кетпесін. Қалғанын уақыт таразылап алар.

Әли  ТЕМІРБЕК,

Жаңақорған  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: