Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адалдық пен ізеттіліктің эталоны

12.01.2024, 10:50 673

HALYQLINE.KZ

МЕМЛЕКЕТ  ЖӘНЕ  ҚОҒАМ  ҚАЙРАТКЕРІ  ДІНМҰХАМЕД  ҚОНАЕВ  ТУРАЛЫ

Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі елімізде, алыс шетелде де кеңінен белгілі. Біздің дәуіріміздің дара тұлғасы болған абзал жанның өмірден озғанына 31 жыл толса да, оның есімі баспасөз беттерінен түсер емес. Д.Қонаевтың өмірі мен өсиеті, әсіресе, біздің жастарымызға өшпес тарих.

Д.Қонаев республиканы оңай кезеңде басқарған жоқ. Ол бірінші бесжылдық құрылыстарында үлкен өндірістік шынығудан өтті, оның алдында ол 1936 жылы Кеңестер Одағындағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірін, Мәскеудің түсті металл институтын аяқтаған болатын.

Т.Рысқұловтың жары Әзиза апайдың айтуынша (қызы Сәуленің маған айтқан сөзі), Д.Қонаев университетте оқып жүргенде жазған арыздан соң басына туындаған проблема бойынша Т.Рысқұловтың үйіне барған. Ол министрге айтып, Д.Қонаевты университетте қалдырған. Осы жерде тарихқа болжам жасасақ, егер сол уақытта Т.Рысқұлов Д.Қонаевқа көмектеспесе, онда Д.Қонаев Қазақстанды 30 жыл басқарар ма еді, екіталай? Мүмкін жақсы маман, жақсы ғалым болар. Ал енді Д.Қонаев Н.Назарбаевқа қол ұшын бермесе, Н.Назарбаев Қазақстанды 30 жыл басқарар ма еді? Бұл да – үлкен сұрақ белгісі. Шындық осы.

Егер республиканы басқаруды Д.Қонаев Н.Назарбаевқа емес, сәл ертерек А.Асқаровқа, Ж.Тәшеновке не С.Такежановқа бергенде біздің республиканы бүгінгідей болмас па еді. Қаңтардың қанды оқиғасы да болмас еді. Бір жыл өтсе де, әлі саяси-қоғамдық баға берілмеді. Бақ жана ма, бап жана ма деген осы.

Қызметті өндірісте бастап (Балқаштағы қорғасын алыптың құрылысына қатысу, Риддер кен орнын басқару), жас Қонаев шыңдалып шынықты. Ол мемлекеттік өсу жолына, одан кейінгі уақытта республика басқаруға дайын болды.

ҚКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған кезеңде, ел басқару кезінде Д.Қонаев қыруар іс атқарды?

Оның кезінде көпсалалы индустрия мен ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда болды. Жоғары және білім беру мектептерінің, денсаулық сақтау, ғылым мен мәдениет мекемелері, сауда және тұрғындарға коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының материалдық базасы айтарлықтай күшейді. Тұрғын үй салу ісі де кең жолға қойылды. Жылына 5-6 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілетін.

Қазақстан дамуының осы және басқа да жетістіктері туралы Д.Қонаевтың өзі 80 жасқа толған туған күнінде айтқан болатын. Ұлттық ғылым академиясында болған Д.Қонаевтың 80 жылдығында мен Жоғарғы Кеңестің президиумының мүшесі ретінде қатыстым. Әлі есімде, Д.Қонаев 1 сағатқа жуық қағазға қарамай Қазақстанның 30 жылда дамуы туралы баяндама жасады. Барлық деректерді, жетістіктерді жатқа айтты. Есімде Д.Қонаев: «Мен 3 формацияда да өмір сүрдім. Феодализмде тудым, социализмде еңбек еттім, енді капитализм туды, алды бұлыңғыр, көк тұманды сендер сейілтесіңдер», – деген еді.

Мыстың жалпыодақтық көлемінің үштен бір бөлігі, мырыштың 40%-дан астамы, қорғасынның 70%-дан астамы Қазақстанда өндірілетін. Елдегі хромит және уран кендерінің, сары фосфордың негізгі жеткізушісі болды. Жалпы қуаты 16 млн кВт төрт Екібастұз ГРЭС-інен Ресейдің орталық аудандарын жабдықтау үшін арзан электр қуатын жіберу жоспарланған. Сол кездегі ең ірі Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаты 8 млн тоннадан астам темір кен орамын шығаратын. Осы байлық қайда қазір? Сіздер үштік миллиардері білесіздер, Машкеевич, Шодиев, Ибрагимов және Т.Құлыбаев, Б.Өтемұратов, т.б. қолында кетті. Таланған шаш етектен байлығымызды ұлт меншігіне айналдырып (национализация), халыққа қайтаруымыз керек. Мысалы, мұнай көлемінің 27%-ы – бізде, 73%-ы – шетел компанияларында. Мұндай сұмдық ешбір елде жоқ.

Ауыл шаруашылығына да ерекше көңіл бөлінетін, оған жан-жақты қолдау көрсетілетін. Біздің бидайымыз өте жоғары бағаланатын, 28-35 пайыз ұлпасы бар қазақстандық бидайды тың жерлерді игеру басталғаннан бері қарай республикада әрқашан өзі өндіретін тұқым есебінен өзін-өзі қамтамасыз ететін. Жем қоры өз көлемінде қалатын, жақсы қыстатуға кепілдік берілетін. 2011 жылы бұрын-соңды болмаған бидай астығы жиналды: 30 млн тонна. Тек оны сақтайтын орынның болмауы өте өкінішті! Қаншасы қар астында қалды, ысырап болды.

1916 жылы қазақ жерінде 18 млн 364 мың қой болған. Кейінірек олардың саны күрт азайды. Егер 1955 жылы Қазақстанда қойдың саны 17 миллионнан сәл асатын болса, 1983 жылы 36 млн болды, ірі қара малдың басы 4 млн шамасында болса, ол 9 миллионнан асты. Құс фабрикаларын салу нәтижесінде құс және жұмыртқа өндіру бірнеше есеге өсті. Республика өзін-өзі осы өнім түрімен толық қамтамасыз ететін болды. Сонымен бірге, сүт және ет өндірісі де ұлғайды. Мысалы, 1955 жылы ет өндіру деңгейі 530 мың тонна болса, 1986 жылы ол 1 млн 300 мың тоннаға жетті. Сол уақытта ауыл шаруашылығының ЖІӨ үлесі 27-29% болатын, ал қазір 5-ақ %.

Тыңайған жерлерде жаңа элеваторлар салынды, 2 мың совхоз жаңадан қайта ұйымдастырылды, үйлер мен мәдениет сарайлары, мектептер, балабақшалар, интернаттар, ауруханалар салынды, газ, электр және су құбырлары жүргізілді.

Тың жерлерді игеру өнеркәсіптің қарқынды дамуына алып келді. Осы жылдары тек Қазақстан картасында 43 қала пайда болды, оның ішінде, Рудный, Теміртау, Екібастұз, Кентау, Жаңатас. Ірі экономикалық аймақтар қалыптасты: Павлодар – Екібастұз, Қарағанды – Теміртау, Шығыс Қазақстан және басқалары. Егемендік алғалы Астанадан басқа жаңа салынған қала бар ма?

Егер 1955 жылға дейін республикада 26 жоғары оқу оны болса, кейіннен оның саны 56-ға жетті, көптеген ғылыми-зерттеу және жобалау институттары ұйымдастырылды. 1955-тен 1986 жылға дейінгі кезеңде республика өз тарихында ең қарқынды дамуды басынан өткізді. Кейінгі 30 жылда бәрі ұрланып, талан-таражға түсті.

Қазір кейде әдейі Д.Қонаев туралы теріс пікірлер, әйтпесе Ж.Тәшеновке қарсы, т.б. айтылады. Мен соларға айтарым, өз жөндеріңізді жөндеп алыңыздар. Т.Рысқұловқа, Д.Қонаевқа, Ж.Тәшеновке сын айту үшін солардың деңгейіне жақындау керек. Жалпы, қазақта осы көре алмайтын жаман әдетті тастау керек. Мына қасымыздағы өзбек халқы сияқты бір-бірін көтермелеп өсу керек. Тағы да тарихқа келсем, бізде Т.Әшімбаевты академиктікке 2 рет өткізбей, үшінші ретте өткен. Ал академикке өту санын Мәскеуде белгілейтін, егер өтпесе күйіп кететін. Сол уақытта өзбектер бір-бірін қолдап үш академик сайлап алды, ал біз 1-ақ академик сайладық.

Билік басына Ш.Мирзиёев келгелі өзбек ағайынның экономикалық дамуы алға кетуде. Өзбекстан әлемнің ең үздік Nike, Adidas, Apple, Inditex компанияларымен келісімге тұрып, үздік өндіріс салаларын ашып дамуда. Орта Азияда бәсекелестіктің аламан бәйгесі Өзбекстанның қолына өтіп кетуі де мүмкін.

Егер 1986 жылы Қазақ КСР ОСБ мәліметтеріне сүйенетін болсақ, онда 1956-1986 жылдары республикада жалпы алғанда жалпы ішкі өнім – 8,7 есеге, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 6,2 есеге, өнеркәсіптік өндіріс 8,9 есеге өскен. Осы кезеңде экономикалық әлеует бойынша қосымша 5-7, ал өнеркәсіптік өндіріс бойынша 8 кеңестік Қазақстан құрылған.

1957 жылы Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаев «Қазақстанның экономикалық және әкімшілік аудандары» баяндамасында 9 әкімшілік аудан құрылғаны туралы айтады.

Алматы ауыр машина жасау зауыты (АЗТМ), оның өнімі тек республика қажетіне ғана емес, елдің басқа да экономикалық аудандарына, сонымен қатар, экспортқа Индияға жіберіледі; Жамбыл облысындағы «Қара-Тау» тау-химия комбинаты тек Қазақстанның ауыл шаруашылығына ғана емес, елдің басқа да аудандарын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етеді; Текелі полиметалл комбинаты Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының кәсіпорындарына қорғасын және мырыш қоспаларын жіберіп тұрады.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың баяндамаларын оқи отырып, республика басшылығы мен Қонаевтың өзінің де өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, көлікті басқарудың көптеген қайта ұйымдастыру жағдайында республиканы басқару бойынша қандай маңызды жұмыстар атқарғанын көруге болады.

1986 жылы 19 тамыздағы бірінші хатшы Д.Қонаевтың баяндамасында былай делінген: «Бізде мал шаруашылығы саласында алдымызға қойылған жауапты міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті нәрсенің барлығы бар. Қазіргі уақытта республика шаруашылығының барлық түрлерінде 47 млн шамасында: қой мен ешкі – 35,5 млн, ірі қара мал – 9,6 млн, жылқы – 1,6 млн, шошқа – 3,3 млн, түйе – 141 мың, құс 62 млн бар.

Ауыл шаруашылығы, оның ішінде, мал шаруашылығына республикада үлкен көңіл бөлінді. Бұл туралы мәліметтерді Д.Қонаев өз кітабында келтіреді.

Республикададғы  мал  шаруашылығының  даму  динамикасы

Бас саны (млн)1953 ж1986 ж2010 ж2020 ж
Қой мен ешкі18 03835 48517 98816,9 қой 3 млн ешкі
Ірі қара мал4 4599 4656 1757,4 сиыр, 2,8 жылқы
Шошқа4002 9681 344933
Өндіріс тірі салмақта (мың тонна)
Ет5961300937150
Сүт1 5935 0405 3816 000
Жұмыртқа5374 0963 7205 млрд дана
Жүн, мың, тонна3410437,635

Егер Д.Қонаевтың өсиетімен жүргенде біз қазір шикізат елі емес, ауылшаруашылық державасы болатын едік. Әлі де кеш емес. Мұнай-газ бітеді. Біз азық-түлікке аса мән беруіміз қажет. Жұмысшы табы сан жағынан да, сапа жағынан да өсті, оның салмақ үлесі 70 пайыз болған. 30 жыл ішінде республикадағы ұлттық табыс 7,4 есеге ұлғайды. Қаладағы және жұмысшылар поселкесіндегі баспана қорының жалпы өлшемі 5,5 есеге өсті.

Қазақстан кейінгі 30 жылда жұмысшы табынан айырылды десе болады. Бұл – саналы түрде әдейі жасалған «идеологиялық диверсия», сананы өсірмеу. Жұмысшы табы, инженерлер қай елде болса да ұлттық қозғалыстың өзегі, прогресс жасайды. Оны кішкентай Жаңаөзеннен де көрдік.

Республиканы Д.Қонаев басқарған жылдары қандай нысандар салынды?

Алматыда Республика сарайы, Жоғарғы партия мектебі (қазіргі КИМЭП), ҚКП ОК мұрағаты (қазіргі КИСИ), М.Әуезов, М.Ю.Лермонтов атындағы драма театрлары, Орталық стадион, «Қазақстан» қонақүйі, Мемлекеттік цирк, «Медеу» мұз айдыны, «Арасан» сауықтыру кешені. Көптеген облыс орталықтарында драма театрлары, обком, облисполком ғимараттары салынды. Алматыда жалпы көлемі 100 мың м3 Орталық комитеттің жаңа ғимараты тұрғызылды, бұл партияның қаржысына салынған ғимарат болатын және Д.Қонаевтың қатысуымен және басқаруымен салынған соңғы нысан – партия аппараты үшін Қалқаман ауылындағы «Алатау» санаторийі. Бұл санатория қазір кімнің қолында?

Сол кезде ол құрылыс саласындағы әлемдік стандарттар деңгейінде салынған заманауи ғимарат болып саналатын. Д.Қонаевтың жасаған еңбектері сан жеткісіз және ол әркімнің қолынан келмейді. Ең бастысы, ол әр нысан үшін жаны күйіп, құрылысқа қажетті қаржыны іздеп, қажет болса қорғап қалатын. Мәскеуге барып, бесжылдық жоспарға осы нысандарды енгізетін. Осы нысан авторларының көбі КСРО сәулет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері болды («Қазақстан» қонақүйі, «Медеу», Ленин сарайы және т.б.).

Д.Қонаев өз қызметінің басты қағидаты – еңбекші халықпен тығыз және үнемі байланыста болу деп есептейтін, яғни, халықты үйрету ғана емес, жергілікті жұмысшылардың тәжірибесіне сүйене отырып, олардан үйрену.

Ол өз кітабында былай деп жазған екен: «Кез келген іске ұқыптылық танытуға тырыстым, маңызды шаралардың барлығын белгіленген күні мен сағатында, кейінге қалдырмай өткізуге тырыстым».

Д.Қонаевтың жанында оның әріптестері, коммунистер Ж.Шаяхметов, Ж.Тәшенов, Б.Әшімов, А.Асқаров, Қ.Аухадиев, С.Тәкежанов, Ш.Есенов, Е.Әуелбековтер бірге еңбек еткенін де айтып өту керек. Кеше ғана өмірден озған К.Аухадиев 47 жасында жұмыссыз қалды, бұл қиянат емес пе?

ҚазКСР Ғылым академиясында жұмыс істеген кезінде ол академик Қ.Сәтпаевпен тығыз қарым-қатынаста болды. Ол Қаныш Имантайұлының бірегей ғалым-геолог, ғалым-энциклопедияшы ретіндегі Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесін түсінді және бағалады, Министрлер Кеңесінің Төрағалығына кетерінде ол Қ.Сәтпаевты екінші рет ҚазКСР Ғылым академиясына президент етіп сайлауды ұсынды.

Бірде бұрынғы қаржы министрі Бацоламен сөйлескенімде, ол Қонаевқа «Сіз академик жалақыңызды ал» деп айтып едім, ол «бәрін балалар үйіне жіберіңіз» деп, талай жылдар бойы академияның стипендиясын алмағанын айтты.

Қарапайымдылық, адалдық, ұстанымдылық – міне, Д.Қонаев артық көрген қасиеттер, ол өзі де қарапайым және кішіпейіл адам болған. Бағбан, жай қарапайым жұмысшыға дейін тоқтап, амандасып хәлін білетін.

«Димаш Ахметұлы әрқашан адалдық пен ізеттіліктің эталоны болып қала бермек… Оның мінез-құлқы нағыз саяси күрескерге тән болатын. Оның ерік-жігері мен шыдамдылығы өлшеуге келмейтін», – деп жазады М.Акуев.

Оның өнер, ғылым және әдебиет өкілдеріне деген қарым-қатынасы да ерекше болатын, деп жазады Асанбай Асқаров. Ол нағыз қамқорлық танытып, олардың қажеттілігі мен сұраныстарына бірден жауап беретін. Біз мәдениет, ғылым мен өнердің дамуынсыз бірде-бір ұлт өзін өркениетті деп тани алмайтынын естен шығармауымыз керек.

Бірде 2000 жылдары мен Астанада А.Асқаровқа сәлем беріп кірдім. Ол маған: «Қайда бара жатсыңдар, неге Нұрсұлтан Әбішұлына айтпайсың?», – деді. Мен айттым, құлақ аспайды. Мен егемендік алғалы 30 жылда Тұңғыш президентке Қазақстанды дамытуға байланысты 45 ұсыныс беріппін. Олардың Түркістанды жаңғырту сияқты кейбіреуі іске асса, көбі өз кезегін күтуде. Себептері белгілі: коррупция, бюрократия, т.б. Ал ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа 6 ұсыныс бердім.

60-жылдардың басында Н.С.Хрущевтың озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерлерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы – Д.Қонаевтың қазіргі Қазақстанның болашағын сол кезде ойлаған батылдығының айқын дәлелі.

Ол КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, бірнеше рет КСРО ЖК депутаты болған кезде бар күшін Қазақстанды өркендетуге салды.

Д.Қонаевтың саяси ұзақтығы мен өмір сүру қабілетін көптеген саясат зерттеушілері оның Л.И.Брежневпен жеке дос болғандығымен байланыстырады. Дегенмен, мінезінің, ақылының, психологиялық қалыбының, интеллекті мен терең білімділігінің айрықша ерекшеліктері оны сол тоталитарлық кезеңдегі саяси басшылардың арасынан ерекше етіп көрсетеді. Қонаев өз келбетін жоғалтпастан халық арасында өз беделін сақтап қалды, халық оны қолдады және сыйлады.

Колбинді қойған, Қонаевты қолдаған Желтоқсан оқиғасын білесіздер. Сол Желтоқсанда халық Қонаевты келсін десе, Алматының қанды оқиғасында сол халық Назарбаевты кетсін деді. Айырмашылық осында, жер мен көктей.

Д.Қонаевты жерлеу кезінде Опера театрынан бастап Кеңсайға дейінгі барлық көшеге халық лық толды. Орыстың кемпірлері қолдарына орамал алып, жылап тұрды. Оны шығарып салғанда өз көзіммен көрдім.

Бір сөзбен айтсам, «Д.Қонаев кім?» дегенде, ол Қытайдың Ден Сяопин, Индияның Дж.Неру, Түркияның К.Ататүрік сияқты халықаралық деңгейдегі көсемдерінің бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын Д.Қонаевтың мәртебесі биіктей береді.

Қаңтардағы қанды оқиға қазақты оятты, сана өзгеруде, біз де өзгерейік. Енді қазақ бассыздықты, мұндай шарықтаған жемқорлықты, бір адамның басына табынуға төзбейді. Мен жақында ғана Қазақстанға «мәдени революция» керек деп, қалай жаңа Қазақстан құрудың тетіктерін Президентке 9 беттей жазып жібердім.

Көрнекті мемлекет қайраткері, ұлы тұлғаның есімін есте сақтау үшін:

Д.Қонаевтың еңбектерін бірнеше тілде жарыққа шығару, тек тау-кен саласындағы еңбектерін ғана емес, Үкімет жиналыстарындағы, Қазақстан Компартиясы ОК съездеріндегі, ҚКП ОК мен КОКП ОК Пленумдарындағы сөйлеген сөздерін басып шығару;

– Бізде әл-Фараби, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтар бар. Міне, сол сияқты Д.А.Қонаев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын тағайындау керек. Бұл – президенттің жарлығымен болатын Мемлекеттік сыйлық;

– Келешек үшін Д.Қонаев туралы «Д.Қонаев және Қазақстан» деген атпен 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) энциклопедия шығаруға мемлекеттік тапсырыс керек. Жаңа деректі фильм жасау қажет;

– Астанада Ж.Тәшеновке ескерткіш тұрғызды, өте жақсы. Ал Д.Қонаевқа да Астанада және Түркістанда ескерткіш тұрғызу керек.

Оразалы  СӘБДЕН,

Қазақстан ғалымдар одағының президенті,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

э.ғ.д., профессор, академик

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: