Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиеліде инвестиция көлемі ұлғайып келеді

28.01.2026, 17:15 80

Аудан басшысы Айтбай Жандарбеков Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шиелі ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі артып, ірі жобалар кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр.

– Шиелі ауданында жыл сайын іске асырылатын инвестициялық жобалардың саны көбейіп келеді. Қазіргі таңда жалпы құны 88,2 млрд теңгені құрайтын 10 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру басталды. Бұл жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған, – деді аудан әкімі.

Айтбай Жандарбековтің айтуынша, жобалардың бір бөлігі 2025 жылы іске қосылса, қалғандары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

– Инвестициялық жобалардың ішінде баламалы энергия көздеріне басымдық беріліп отыр. Мәселен, «Тесис» және «VIGOR Holding» серіктестіктері күн электр станцияларын салып жатыр. «Тесис» жобасы бойынша қуаттылығы 40 МВт болатын күн электр станциясының панельдері толық орнатылды. Құрылыс кезеңінде 55 адам уақытша жұмыспен қамтылып, іске қосылғаннан кейін 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді ол.

Аудан әкімі сондай-ақ «Uranus Wind» және «Altyn Dala Energy ltd.» компанияларының жел және күн электр станциялары бойынша жобаларына да тоқталды.

– Бұл жобаларда қазір жел қуатын анықтау, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекет тарапынан жер телімдері бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері қаралуда, – деді Айтбай Жандарбеков.

Өнеркәсіп бағытындағы жобаларға қатысты аудан басшысы әк және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындардың маңызын атап өтті.

– «Табиғи тас Қызылорда» және «Шиелі әк» серіктестіктері арқылы жоғары сортты әк, қиыршық тас және минералды ұнтақ өндіру жолға қойылады. Әсіресе, қытайлық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Шиелі әк» жобасы толық іске қосылғанда 40 жаңа жұмыс орны ашылады, – деді ол.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында да нақты қадамдар жасалып жатқанын айтты.

– «Ақмая» шаруа қожалығының күріш ақтау зауыты қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп келеді. «Таң ЛТД» серіктестігі жүгері дақылдарын кептіру және терең өңдеу зауытын іске қосуға дайындалып жатыр. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдеріне қосымша құн беруге мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.

Логистика және сервис саласындағы жобаларға тоқталған Айтбай Жандарбеков «Эко Энерджи Плюс» газ құю кешені мен «Transshipment 1» сұйық реагенттер қоймасының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын екенін атап өтті.

– Бұл жобалардың барлығы аудан экономикасына серпін беріп, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және Шиелінің инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған, – деп түйіндеді аудан басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: