Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық ер адам бір жылдан бері комада жатыр

22.01.2026, 16:50 66

Қызылордада өкпесіне салқын тиіп, ауруханаға өз аяғымен барған 49 жастағы Ержан Әзенов бір жарым жылдан бері комада жатыр. Науқастың оянатынын не оябайтынын дәрігерлер де нақты айта алмай отыр.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның  “Информбюро”  бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды, деп жазады halyqline.kz тілшісі.

Мәселенің мән-жайын әйелі Қарлығаш Сақтапбергенова былай деп айтып берген. Оның айтуынша, 2024 жылы күйеуі пневмонияға шалдығып, ауруханаға барған. Алайда ыстық бөлмеде ауа жетпей қиналған азамат бір күннен кейін “үйден ем қабылдаймын” деп дәрігерден өзі сұранып шығыпты. Осылайша таксиге мінген бойда Ержан Әзеновтың бірнеше сәтке жүрегі соқпай, миы жұмысын тоқтатқан. «Содан бері ес-түссіз күйде жатыр»,– дейді ол.

Қарлығаш Сақтапбергенова күйеуінің денсаулығына дер кезінде тексеріп, тиісті ем жүргізбеген медицина мамандарын кінәлі деп отыр.

«Ішкі құрылыстары бәрі істеп тұр. Жүрегі 10-11 минут тоқтап тұрғанда миы да жұмысын тоқтатқан. Емделемін деп өз аяғымен келген адам мынадай жағдайға ұшырады. Бүгін 1 жыл 7 ай болды жатқанына. Мына жаққа келгенде неге емі дұрыс жасалмады сол күні. Неге жасамады, ол адамды аман алып қалуға болатын еді ғой», – дейді Қарлығаш Сақтапбергенова.

Ауруының  асқынғаны соншалық науқас бәрін көріп жатса да, әйелінің сұрағына жауап қатпайды. Ауруханадағы дәрігерлер науқасқа тиісті көмек көрсетілді деп ақталады.

– Негізгі науқастың шағымдарына байланысты, сол кездегі тексеру нәтижесімен оған пневмония диагнозы қойылып, терапия бөліміне жатқызылып, пульмонолог дәрігер тексерді. Стандартқа байланысты ем-шаралар тағайындалған. Ол жерде емде ауытқушылық болды деген нәрсеге негіз жоқ. Бір жарым жылдан бері бақылап отырмыз. Өзгеріс байқалып тұрған жоқ, – дейді Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлсім Бержаппарова.

Болған жағдайға байланысты аурухана басшылығы ауырып келген адамды үйіне жіберген дәрігерге сөгіс беріпті. Ал полиция «міндетін тиісінше орындамау» бабымен тергеу жүргізіп жатыр. Науқастың әйелінің айтуынша, Ержан Әзенов өмір бойы спортпен шұғылданған, денсаулығына шағым айтпаған. Әйелі мен екі қызы отағасының сауығып, үйге қайта оралғанын асыға күтіп жүргендерін айтады.

Фото: Видеодан скрин

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: