Бүгін Қызылордада «Панабек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жиһаз фабрикасы ашылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Қызылорда қаласының әкімі және бірқатар ардагер қатысты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат таратты.
«Панабек» серіктестігі – жиһаз өндірісі саласында 20 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Компания сапалы өнімдері мен кәсіби шеберлігі арқылы өңір тұрғындарының сеніміне ие болып, облыс экономикасының дамуына тұрақты үлес қосып келеді.
Өндіріс қуатын арттыру мақсатында кәсіпорын өңірлік инвестициялық орталық арқылы 59 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Жоба аясында қала аумағынан 1 гектар жер телімі сатып алынып, өндіріс процесі толықтай автоматтандырылды. Қазіргі уақытта фабрика жылына 35 мың данаға дейін кеңсе, асхана, мектеп парталары мен өзге де жиһаз түрлерін өндіруге мүмкіндігі бар.
Кәсіпорын өнімдері облыс тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие. Биыл «Панабек» ЖШС «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып отыр.
Сонымен қатар, компания Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 мектепті сапалы жиһазбен қамтамасыз етіп отыр, бұл оның әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорын екенін көрсетеді.
Жаңа жиһаз фабрикасының іске қосылуы өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, отандық өнім көлемінің артуына және шағын әрі орта бизнестің дамуына оң әсерін тигізуде.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!