Ғасырлық тарихы бар аурухананың әрбір кірпіші адам тағдырымен қаланды деуге негіз бар. Осы қабырғалар арасында сансыз жан үміт пен сенімге ие болып, талай өмірге араша табылды. Ақ халатты абзал жандар үшін қызмет жай ғана мамандық емес, ар-ождан алдындағы үлкен жауапкершілік саналды. Осындай биік ұстанымды өмірлік мұрат еткен жандардың еңбегі аурухананың рухани өзегін қалыптастырады.
Сол рухани сабақтастықтың айқын көрінісі саналатын тұлғалардың бірі – ардагер дәрігер Әлайдар Әбдуайтов. Оның өмір жолы мен кәсіби ұстанымы 120 жылдық тарихы бар Қызылорда теміржол ауруханасының даму кезеңдерімен тығыз астасып жатыр.
Сыр елі халқының денсаулығына дәнекер бола білген Әлайдар Әбдуайтұлы 1942 жылдың 5 қаңтарында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы қазіргі Жаманбай батыр ауылдық округінде дүниеге келген. 1959 жылы №54 «Октябрь» орта мектебін бітіріп, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында 6 жыл емдеу ісі мамандығын меңгерген. Алғашқы еңбек жолын 1965 жылдың 17 тамызында Жаңақорған аудандық туберкулез диспансерінде дәрігер-фтизиатр болып бастайды. Одан бөлек 1967-1970 жылдары Шиелі станциясындағы теміржол ауруханасында дәрігер-хирург, кейіннен жоғарыда атап өткен ғасырлық тарихы бар Қызылорда теміржол ауруханасында 1970 жылдың қазан айынан бастап еңбек жолын әрмен қарай бас дәрігердің орынбасары қызметімен жалғастырады. Осы тұста ауруханада арыз-талап көп түсіп, дәрігерлер бірауыздан «бізге Әбдуайтовтай бас дәрігер керек» деп, 1973 жылдың ақпанында қалалық партия комитеті Әлайдар Әбдуайтовты бас дәрігер етіп бекіткен. Айта кету керек, сол жылдан бастап артылған үміт пен сенімді абыроймен алып жүріп, 37 жыл бойы абыройға дақ түсірмей зейнетке шығу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Әрине, бұл ретте темірдей тәртіп, талап, шыдам мен салаға деген адалдық ауадай қажет. Осы қасиеттер мен қабілеттер ардагер дәрігер атамыздың тұлғасынан көрініс тапқан.
БАСҚАРМА БАСШЫЛЫҒЫНАН БАС ТАРТҚАН БАС ДӘРІГЕР
Әділдік айнасы, ұлт саулығын алдыңғы орынға қойған, темірдей тәртіпті ту еткен тұлғаның өмір-тарихын зерделей отырып, ақ халатты абзал жанның адал да, әділ қызметіне тағы бір мәрте тәнті болдық. Олай деуімізге себеп, Әлайдар атамыздың «Ақиқат – ар өлшемі» атты кітабындағы мына бір оқиға үзіндісі.
«Мен қызметке қызыққан жоқпын. 1981, 1983 жылы Ақтөбеге екі рет Батыс Қазақстан теміржолы медицина қызметі бастығы болуға шақырды. Екеуінде де бармадым. 1996 жылы мамыр айында Бердібек Сапарбаев облысқа әкім болып тағайындалды. Бір күні бір кісімен бірге Пазылбек ағам үйге келді.
– Әй, Әлайдар, егер «иә» десең, Сапарбаев сені облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы етіп тағайындамақшы, — деді.
– Аға, Сапарбаев өзі солай деді ме? — дедім.
– Өзі айтқан соң келіп отырмыз, оның атынан жалған сөйлей алмаймыз ғой.
– Мен ол қызметке бармаймын.
– Істей алмайсың ба?
– Қазір бас дәрігер болғаныма 26 жыл. Неге істей алмаймын? Мен облыста барлық аурухананың бас дәрігерін білемін, барлығымен де қатысамын. Кімнің қалай, кім арқылы келіп отырғанын да білемін. Сондай-ақ, өзімнің мінезімді де білемін. Әділеттілік – басты ұстанымым. Бір айтамын, екі айтамын, тыңдамаса, мойнын бұрап жұлып аламын. Сосын мені ол лауазымда ұстап тұра ала ма?
Пазылбек ағам үндемей қалды да:
– Мынауың дұрыс екен, — деді».
Енді ардагер атамыздың еңбек жолындағы ерен ерлігі мен жетістіктеріне жол берейік. 1973 жылы Қызылорда теміржол ауруханасында медициналық көрсеткіш, оның ішінде аурушаңдық, туберкулез, ана мен балаға көмек, екпе жұмыстары Қазақ теміржолы бойынша ең соңғы 16-орында болса, Әлайдар Әбдуайтов бас дәрігер болғаннан кейінгі 9 айда екінші орынға, 1974 жылдың көрсеткішімен 1-орынға шыққан. Осылайша, 20 жыл бойы 1-2-орынды алып отырған. Одан бөлек, Одақ бойынша 3-орын, ВЦСПС ауыспалы қызыл туын жеңіп алған. Ардагер дәрігерлік қызметтен бөлек, әлеуметтік жұмыста да белсенді. 1973-1992 жылдары Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты болып, әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене араласты.
1976 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», 1986 жылы «Құрметті теміржолшы» атағын алып, ҚР «Алтын дәрігері», «Еңбек ардагері», Қызылорда облысы әкімдері Б.Сапарбаев, Б.Қуандықов, Қ.Көшербаевтың «Көліктік медицина қызметі» және басқа да ірі мекемелердің алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, көпшіліктің қалауымен Сыр еліне жасаған адал қызметі мен кейінгі жас буынға берген білімі еленіп, Қызылорда қаласының, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілген. Қызметі мен еңбегі 4 томдық «Қазақстан теміржолдары медицина тарихы» жинағына еніп, 1-томның редакциялық алқа мүшесі болған. Бұнымен қоса, есімі «Қазақстанның элита дәрігерлері», «Жол бойындағы жұлдыздар» жинағына енген.
ҚЫЗЫЛОРДА ТЕМІРЖОЛ ДӘРІГЕР-АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ ҚАЙТА ОРАЛДЫ
Құрметті еңбек демалысына шыққан 2010 жылдан бастап 2022 жылға дейін «Қызылорда теміржол ауруханасы» ЖШС-де ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде біршама қоғамдық-әлеуметтік өмірге белсене араласты. Кейіннен бұл ұйым жабылып, 2025 жылдың 1 шілдесінде қайта ашылып, қолға алынды. Қазіргі уақытта ардагер Әлайдар Әбдуайтов – осы ардагерлер ұйымының төрағасы. Толығырақ мақаламызға арқау болсын деп осы ұйымның төраға орынбасары Мұхит Ешмұрат апамызбен тілдескен едік.
– Ағай қызметтес кезімізден өте белсенді. Өзім теміржол ауруханасының перзентхана бөлімінде аға мейірбике қызметін атқардым. Қоғамдық жұмыстарда ағаймен бірге зейнет жасына дейін де, кейін де белсене ат салыстым. Кейіннен жекешелендіру пайда болып, қазіргі теміржол емханасы жекеге өтті. Сол сәттен бастап ардагерлер ұйымы белгісіз себептермен жабылды. 2024 жылдың бір айларында ағаймен кезігіп қалдық, қазір мен де жасым жетпістен асқан, немере бағып отырған зейнеткермін, маған ардагерлер ұйымын қайта ашуды тапсырды. Содан аяғым жүріп, көзім көріп тұр, неге қолға алмасқа деп, теміржол ауруханасында жұмыс істеген ардагер дәрігерлерді іздестірдім, нәтижесінде 96 ардагерді тіркедім. Осылайша ұйым қайта ашылды, 40 жыл үлкен аурухананы басқарған Әлекең ағайды төраға етіп сайладық. Десе де, кәсіподақ ұйымының ауруханада жоқтығына байланысты, әр ардагердің мерейтойында, мерекелерде өз қаражатымызбен, сондай-ақ қазіргі Қызылорда теміржол емханасының директоры Бахтияр Сүйіновтің қолдауымен елеп-ескеріп, назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Биыл да аурухананың 120 жылдық тарихын жаңғыртып, құрылтайшының қолдауымен емхананың 4-қабатына фото-суреттеріміз бен аурухана тарихы жазылған стендті қойдырдық.
Енді алдымызда 2026 жылдың 5 қаңтарында Әлекең ағайымыз 84 жасқа аяқ басады. Осы ретте, ардагерлер ұйымының атынан ізгі тілегімізді жеткіземіз. Деніне саулық, жанына амандық тілейміз, — деп ыстық ықыласымен тамамдады Мұхит апамыз.
Әлайдар Әбдуайтұлы бүгінде «қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, үлкен шаңырақтың қазынасы боп, жұбайы Ырысты Әлиакбарқызы екеуі 1 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп, қызығын көріп отыр.
ТҮЙІН. Мақаламызды Әлайдар Әбдуайтұлының «Ақиқат – ар өлшемі» атты авторлық кітабындағы тарихшы В.Янның «Егер кісі орайы келіп, бір таңғажайып оқиғаны көзімен көрсе, оның бәрін қағаз бетіне түсіруі тиіс» деген қанатты сөзімен қорытындылағанды жөн көрдік. Мұнымен не дегіміз келді? Сыр елінің қай саласы болса да еңбегі еленген біршама тұлғасы бар, бірі тарих беттеріне жазылса, енді бірі көзге ілінбей, қазірге дейін ел жадында сақталмайтыны рас. Осыны ескере отырып, тамыры тереңге жайылған елім деген елеулі, халқым деген қалаулыларды осылай ертеңге өнеге болсын деген ниетпен дәріптеп, еңбегі мен өмір жолын еске салғанды жөн деп санадық.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!