Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сахнаға арналған ғұмыр

21.12.2025, 16:40 51

Оның тағдыры сахнадан басталған жоқ. Шаң мен тастың арасында, шахтада жас жігіттің маңдай тері тамды. Жер астындағы ауыр еңбек оның мінезін шыңдады, үнсіз төзім мен қайсарлықты үйретті. Сол шахтада жүріп-ақ жүрегінде жарыққа,өнерге деген құштарлық оянды. Қара көмірдің арасынан болашақ сахна шырағы көрінді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «ІІ дәрежелі БАРЫС» және «Құрмет» ордендерінің иегері Әмір–Темір Хұсейн Жүсіпұлы еңбек жолын шахтер болып бастаған. Ол шахтердан — актерға, актерден — режиссерға дейінгі еңбек жолы, шеберлігі, және ең бастысы, сахнаға деген махаббаты әрқайсымызға үлгі боларлықтай.

Кеше 85 жасқа толуына орай, театр сахнасында “Сахнаға арналған ғұмыр” атты мерекелік кеш болып өтті. Кеш барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Жанмұрат Сейілов арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, экран арқылы басқа облыстағы әріптестері арнайы құттықтаса, театр артистері әннен шашу шашып, ерекше көріністермен кешті жалғастырды.

Сондай-ақ, күні кеше ғана Алматы төрінде Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Сыншылар жүлдесінде» Хұсейн Жүсіпұлы «Ұлттық сахна өнерінің абызы» номинациясын иеленді. Осы жоғары марапатқа ие болғаныңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

Қадірлі Хұсейн Жүсіпұлы! Сіздің еңбегіңіз — біз үшін үлкен мектеп, өнегелі жол. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: