Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмабек  балуан  туралы  толғаныс

12.12.2025, 8:50 70

HALYQLINE.KZ

КІРІСПЕ

2025 жылдың 25 қазанында Республика күніне орай «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағы Қазақстан мен шетелге танымал бокс жаттықтырушысы 45 жастағы Бақытбек Құлыбаевқа берілгенде, көпшілік «марапат нағыз иесін тапты» деп ризашылығын білдіріп жатты. Орда бұзар отызында «ҚР-на еңбегі сіңген бокс жатықтырушысы» деген атақты алып, айды аспанға бір-ақ шығарған болатын. Ондай жоғары атаққа 30 жыл жаттықтырушы болғандардың өздерінің қолы әрең жетіп жатады.

Бақытбек – менің көз алдымда өскен бала, ЖОО бітіріп келгеннен бастан 23 жылдан бері ауданда бокстан жаттықтырушы болып жемісті еңбек етіп келеді. Дүниежүзінде бокстан өтетін жарыстың барлығына қатысып, шәкірттері топ жарып, Қазақстанның атын шығарып жүр. Шәкірттерінің бірі 2012 жылғы олимпиаданың қола жүлдегері, Азия чемпионатында 1 чемпион, 2 күміс жүлдегерін шығарды. ҚР чемпионатының жастар арасындағы 4 чемпионы, әйелдер арасындағы ҚР чемпионаттарында 7 жүлдегер, әйелдер арасындағы Азия чемпионатында 2 чемпион, 5 жүлдегерді жаттықтырып шығарса, Халықаралық турнирлердегі жүлдегерлерді санасақ, он саусағымыз жетпейді. Азия балалары чемпионатында 3 шәкірті топ жарды. Шәкірттерінің біреуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері болса, 9 шәкірті спорт шебері, ал спорт шеберлігіне үміткерлер өте көп.

«Қазақ баласын бәйгеге қосса, үйдегі ата-анасы тақымын қысып отырады» деген қанатты сөз бар. Топ жарған бағыланды «кімнің баласы екен?» деп сұрап жатады. Бүгін сол мүмкіндікті пайдаланып, Бақытбектің әкесі, есімі кезінде бүкіл елге танымал болған, күрестің 4 түрімен айналысып, жоғары нәтижелерге жеткен, аты аңызға айналған балуан, ауданымызда күрестің самбо мен дзюдоның негізін қалаған, сондай-ақ бокс, штанга көтеру спортының секциясын алғаш рет ашқан Жұмабек Әлиұлы Құлыбаев туралы толғанысымды бастаймын.

ЖҰМАБЕК БАЛУАННЫҢ КҮРЕС пен ӨНЕРДЕГІ ЖЕТІСТІКТЕРІ

1. Қазақша күрестен спорт шебері. 1977-1978 жылдары Республиканың екі дүркін чемпионы.

2. Дзюдо күресінен спорт шеберлігіне кандидат. Дзюдодан 1976 жылы Қазақстан біріншілігінің чемпионы. 1979 жылы Ереван қаласында өткен СССР біріншілігінің жүлдегері.

3. Самбо күресінен спорт шеберлігіне кандидат. 1982 жылы Орал қаласында өткен Қазақстан біріншілігінің жүлдегері.

4. Қызылорда облысының 4 рет түйе Балуаны атанды.

5. Күрестің 4 түрін меңгерген облыстағы жалғыз Балуан және Күрестен облыстың құрама командасының капитаны болды.

6. 1976 жылдан бастап, яғни 19 жасынан 14 жыл бойы күресті. Студент кезінде Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі болды.

7. ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің 30 жылдық мерекесіне байланысты Қазақстан спортына айрықша еңбегі сіңген спорт ардагері ретінде Тимур Құлыбаев қол қойған Алғыс хатпен марапатталды.

8. Бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені және «Қазақстан спортын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгі иегері.

9. «Спортшылар маршы» өлеңіне сазгер Нұрмаш Алғашбаев ән шығарған еді. Қазір бұл ән облыс пен республикалық спорт жарыстарының ашылу мен жабылу салтанатында орындалып жүр.

10. Қазақстан спорт тарихы туралы алғаш рет қазақ тілінде «Саңлақтар» кітабын 2005жылы баспадан шығарды.

11. Сыр бойының спорт тарихы туралы «Спортымен атағы асқақтаған Ақмешіт» атты кітабын 2006 жылы баспадан шығарды.

12. Қазалы ауданының кезінде атын шығарған балуан Қ.Бакенов туралы «Қазақтың Қуандық балуаны» кітабы да 2006 жылы жарық көрді.

13. «Спорт әлемі» атты республикаға тарайтын газетін шығарып, спорт жаңалықтарының жаршысы болды.

14. Жұмабек қазақ сөзінің шебері, аяқ астынан «суырып салма» айтқыштығы бар. Оның айтқандары аудандық және облыстық газеттерде кезінде «Деген екен» айдарымен тұрақты жарияланып тұрды.

15. Арал одаққа белгілі криминальды қала болғаны белгілі, өзге ұлт өкілдерін басындырмау үшін 12 жігіттің басын құрап, жастардың бас қосатын би алаңында төбелес болмауын бақылауда ұстады. Кейін институтта оқып жүргенде де Алматы қаласында да топ жігіттің жетекшісі болды. Жас кезінде Қазалыда 15 жігіттің жетекшісі болып, тентектерді тезге салып отырды.

16. 1979-1982 жылдары Қызылорда облысы бойынша қазақша күрестен аға бапкер болды.

17. Белгілі профессор-ұстаз Ерали Мұхтаров «Қазақ күресі» деген кітабында: «Күресте тобықтан шалу әдісін тиімді пайдаланған талай рет табыстан-табысқа, жеңістен-жеңіске жеткен ҚР спорт шебері Жұмабек Құлыбаев болды және шалу әдісін игерген нағыз балуан» деп атап көрсетті.

ЖҰМАБЕКТІҢ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ЖОЛДАРЫ.

БЕКБАУЫЛДАҒЫ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

Болашақ балуан Жұмабек Әлиұлы Арал ауданы, Ақирек ауылдық Кеңесіне қарасты Бекбауыл станциясында 1957 жылдың 9 ақпанында дүниеге келді. Әкесі Әли теміржолда бригадир болса, анасы Ақыл үй шаруасын жүргізді. Анасы тапсырған үй шаруасын бітірген Жұмабек ауыл балаларымен көлге түсіп жүзсе де, күрессе де, жүгірсе де, қатарларымен жарысуға құмар болды. Қыста қатқан көл бетінде хоккей ойнады, жазда төбе басына шығып күресетін. Ауыл балалары төрт командаға бөлініп футболдан өз чемпионаттарын өткізетін. Барлық қазақ балалары сияқты күрескенді ерекше жақсы көрді. Бекбауылдағы барлық баланы жеңіп жүрді. Жазғы демалыста әкесінің інісі Рахат Өтегенов парторг болып қызмет істейтін «Қазалы» совхозына алып кететін, ол жақтағы қатарларының барлығының жаурынын жерге тигізетін болды.

Бекбауылдағы мектеп 8 жылдық болғандықтан, 9-10-сыныптарды Арал қаласындағы №15 мектепте оқыды. Осы жерде жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатысып, 100 метрге жүгіруден ІІІ разряд, волейболдан ІІ разряд алды. 1-3-5 күндері еркін күрес секциясына барса, 2-4-6 күндері ПМК мекемесіндегі спорт залында бокс секциясын ашқан Жеткерген ағайына барып жаттықты. Демалыс күні «Балықшылар» сарайының спорт залындағы Қазақ ССР-нің чемпионы, спорт шебері, жаттықтырушы Павловтың ауыр атлетика секциясына барып жаттығатын. Бір жағынан мектептің футбол командасының қақпашысы болып көзге түскеннен кейін, Қазалы аудандық қол добынан (гандбол) ересектер командасының қақпашылығына қатынас қағаз арқылы сұрап алынып, облыстық біріншілікке қатысқанда, облыс бойынша «ганболдан үздік қақпашы» бағамына ие болды.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ СТУДЕНТТІК ЖЫЛДАР

Жоғарғы сыныптарда аудан мен облыстық спорт сайыстарына қатысып жүрсе де, барлық пәннен «4» және «5» деген баға алып, сабақ үлгерімі жақсы болды. 1974 жылы мектеп бітіру бойына Алматы қаласындағы мемлекеттік физкультура институтының қазақша күрес бөліміне студент болып оқуға түсті. 1975 жылы Қазақстанға алғаш рет жапон халқының дзюдо күресінен секция ашылып, ұстаздар қазақша күреспен қатар дзюдо күресін де қосып оқытты. Орталық стадионда самбо күресінен де секция барын естіген бойда оған да барып өз еркімен жаттығып жүрді. Соның арқасында күрестен, жүгіруден, жүзуден, штанга көтеруден, коньки тебуден, волейбол, баскетбол, қол добы, жеңіл және ауыр атлетика сабақтарынан сынақ пен емтиханан еш қиналған жоқ. Сабақтар орыс тілінде өтеді, мұғалімдердің барлығы да орыс ұлтынан. Кешке қазақша күрес пен дзюдодан жаттығулар басталады, студенттердің құр сүлдері ғана қалып жатақханаға келген соң төсектеріне құлап түседі. Бірте-бірте оған да төзіп үйренісіп кетті. Студент кезінде қазақша күрес пен дзюдодан Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша чемпион атанды, самбодан қала чемпионы болды.

Ең алғашқы қатысқан ірі жарыс Шымкент облысының Қажымұқан жерленген Темірлан селосында өткен Қазақстан мен Орта Азия біріншілігіне салмағы 68 келі болса да, 70 келі салмақта екі балуан болғандықтан, жаттықтырушысы Металбек Хусайынұлы Балғымбаев: «Сен анадан мықтылаусың. Сондықтан 75 келі салмақта күресесін» деді. Ннәтижесінде күміс медальды жеңіп алды. Бұл көзсіз батылдық еді, қарсыласынан 7 келі жеңіл болса да, жүлделі орынға ие болды. Алматы қаласында алғаш рет дзюдодан Қазақстан біріншілігінде 70 келі салмақта чемпион болды. 1977 жылы Рудный қаласында өткен қазақша күрестен Қазақстан біріншілігінде чемпион болып, Қазақстан Ұлттық құрама командасына қабылданды.

Құрама команда «Алматау» санаториясында Жақсылық Үшкемпіровпен бірге жаттығып жүрді. 1978 жылы Қызылордада өткен Қазақстан чемпионатында Жұмабектің қарсыластары мүйізі қарағайдай атақты балуандар болды. Орта Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Болат Рақымжанов, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы, қарағандылық Қайрат Мусин, кейін самбодан Еуропа чемпионы болған, Қырғызстаннның 17 дүркін самбо, дзюдодан чемпионы болған Марат Бексейітов, т.б еді. Б.Рақымжанов екі рет жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Барлығы 70 келі салмақтағы 17 балуан күресті. Жұмабек 5 балуанды таза жеңіп, чемпион болды. Сол кезде Қазақстан құрама командасында 70 келі салмақтағы Қазақстанның №1 балуаны болып тұрды. Келесі 1979 жылы Ашхабатта өтетін Орта Азия біріншілігіне дайындала бастағанда, жеке жаттықтырушысы Металбектің бауыры қатты ауырып, Жұмабекпен шаруасы болмай қалғасын 1978 жылы институтты бітіріп диплом алған соң Қазалыға кетіп қалды. Жеке жаттықтырушысы Металбек ағайы 1982 жылы қайтыс болғанын ауылға келгеннен кейін естіді. Егер жатықтырушысы ауырмағанда Жұмабек Алматыда қалып, одақтық және бозкілем үстінде күресіп, өзін көрсете алатын мүмкіндік туатын еді…

Қазалыда жүргенде 1979 жылы қараша айында арнайы шақырғасын  Ереванда дзюдодан өткен СССР турниріне қатысып, қола жүлде алды.

ҚАЗАЛЫДА ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН ЖЫЛДАР

Институтты бітіріп келген жас маман Жұмабекті №216 мекктепке мамандығы бойынша мұғалім қылып жіберді. Мектепте қазақша күрес, самбо және дзюдодан секция жүргізді, ауданда бұрын болмаған күреске қатысушылар легі сұмдық көп болды. Алғашқы шәкірттері Нажмадин Шамұратов, Мұрат Тілеуімбетов, Талғат Қожаназаров, Әділ Карбозовтар болды. 1980 жылы облыстық спартакиада аясындағы қазақша күрестен өткен жарыста Қазалы ауданы бірінші орынды жеңіп алды. Қазақша күрес, самбо мен дзюдоны ауданда негізін салып, екі жыл ішіндегі еңбегінің жанған сәті еді. Күрестің осы үш түріне қызығушылық өте жоғары болды, бір мектептегі спорт зал жетпейтін болғандықтан және ауқымын кеңейту үшін аудандық спорт комитеті, «Қайрат» спорт қоғамы, ГПТУ мен СПТУ басшылары өтініш жасағасын, олардың ғимараттарындағы спорт залдарында балуандар дайындады. Бұрын күреспен айналысып қойып кеткен жігіттерді жинап, ересектер командасын құрды. Өзі де облыстық жарыстарға он жыл бойы қатысып жүрді. Он жыл ішінде 70 келі салмақта Жұмабектің жауырыны жерге тиген жоқ. Осы жылдары Жұмабек Қызылорда облысы бойынша 4 рет түйе балуаны атанды. Сосын 70 келі салмағын шәкірті Әділ Карбозовқа беріп, өзі 74 келі салмақта күресті, бұл салмақта да Жұмабекті ешкім жеңе алмады. Жыл сайын жеңіс тұғырына көтеріліп жүргесін, облыс жанкүйерлері «Жеңілмей кеткен нағыз балуан» деп атап кетті.

Жұмабекті облыстық спорт комитетінің басшылары 10 жыл бойы облыстың құрама командасынан жіберген жоқ. Себебі, Қазақстан біріншіліктеріне қатысатын балуандар болған жоқ. Республикалық жарыстарда Жұмабек жеңген балуандарды атап өтсем, жазған мақаламның  мақсаты ашылады деп ойлаймын.

Олар: 1. Махамбетов Жағыпар – СССР спорт шебері, дзюдо, самбо, қазақша күрестен Қазақстан мен халықаралық жарыстардың чемпионы. Салмағы – 100 келі.

2. Әбілдаев Өмірзақ – Қызылордадан шыққан алғашқы самбо жаттықтырушысы. СССР спорт шебері. Қазақстан және халықаралық жарыстардың жеңімпазы.

3. Әбдилаев Әбдіхалық – салмағы 100 келіден жоғары жаңақорғандық балуан. ҚР спорт шебері.

4. Өлментаев Қайрат – 81 келі салмақ бойынша жалағаштық балуан. Қазақстан чемпионы.

Жұмабек жалпы 14 жыл бойы күресті, бұл күрескен балуандар үшін екі есе мерзім еді, көп балуан өз салмағын ұстап тұру үшін үнемі жаттығулардан шаршап кетіп, 7-8 жылдан кейін күресті тоқтататын.

Міне, қарсы алдымда Жұмабекпен сөйлесіп отырмын.

— Жұмеке, ұзақ жыл бойы бозкілемде ешкімнен жеңілмеуінің сыры неде?

— Бақытжан, қазіргі кезде түйе балуандардың жекпе-жегін көріп отырғанда төрт мәрте облыстың түйе балуаны ретінде өзімді қоярға жер таппаймын, бір-бірін итеріп жүріп жеңеді. Біздің кезімізде басқаша еді. Әр белдесу он минуттан тұратын, үзіліс бір минут. Сосын кішкене тұрып қалсаң, бірден ескерту беретін. Үш ескерту алсаң, жеңілді деп есептеп, қарсыласының қолын көтереді. Біз бірден әрекетке көшетін едік. Сондықтан болар кілемнің ортасындағы төреші ортаға шақырған кезде өз бұрышымда тұрып екі аяқпен бір секіремін де, сол қапталмен бастап жүгіреңкіреп баратынмын да, шабуылға көшетінмін. Қарсыластарымның бәрі менен қашып күреседі. Қуып жүріп қарсыластарымның жауырынын кілемге тигізіп, таза жеңетінмін. Менде ұпай санымен ұту болмайтын. Кейін күресті қойғаннан кейін, «қарсыластарым менен неге қашып жүріп күресті?» деп ойлайтын болдым. Сол кезде маған күрес өнері балуандық арғы атам-Досаннан дарығанын білдім, Досан атам балуан әрі әулие адам болғанын үлкендерден естідім. Екіншіден, анам Ақыл Жанқожа батырдың өте жақын немересі болатын. Советтің атеистік заманы кезінде ол менің есіме де келмепті. Әйтпесе 70 келі салмақта 50-ден астам балуанмен күресіп, бәрін де жеңуім осы екі әулие және батыр аталарымның арқасы екен ғой деп ойлаймын. Сосын барып күресте «обвив» әдісін көп қолдануымнан болды, қарсыласымның қолын ұстап арқадан асырып және белбеуінен ұстап, тобықтан қағып, астыма жығып тастайтынмын. Осындай әдісті әлем чемпионы Қанат Байшолақов, жамбылдық Серғали Жақсылықбаев, аралдық Көлбай Данабаев та көп қолданатын.

ЖҰМАБЕКТІҢ БІР БҮЙРЕГІ БЕКБАУЫЛҒА БҰРЫП ТҰРАДЫ

(Біз білмейтін бір қыры)

Жұмабек ағамыздың өз көзіммен көрген еліне жасаған еңбектері:

Негізгі мамандығы білім мен спорт болғандықтан, ауыл мектебінне түрлі инвентарлық спорт құралдарын алып берді. Бокс секциясын ашып, жеті ай бойы жаттықтырушысына айлығын өзі төлеп келді. Сосын мұнымыз ұят болар, деп Арал ауданы әкімі Абзал Мұхимовке Рашид Қосанов ағамыз жиналыс үстінде тікелей талап қойып, бокстан бір жаттықтырушыға штат аштырып бергізді. Қазір бокс секциясының балалары түрлі жарысқа қатысып, орын алып жүр.

Екі рет республикаға белгілі әншілерді Бекбауылға шақырып, концерт қойғызды.

Ауылға қажетті құны 360 000 теңге тұратын шлюзді әкеліп қондырып берді.

Ауылдағы «Тағзым» алаңын саларда бастан-аяқ араласып, қаржылай 800 мың теңге берді.

Ауыл мешітін жөндеуге де 800 мың теңге қаржылай көмек беріп, Қазалыдан қызыл кірпіш жеткізіп, ұсталарды өзі әкеліп өргізіп берді.

Бекбауылда болып жатқан іс-шаралардан қалмайды. Той-садақалардың ішінде болып жүр. Елге қамқор Жұмабек ағамызға ауыл тұрғындары атынан мың алғыс.

ЖҰМАБЕК ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ БАСШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕГІ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫ

Жоғарыда Жұмабектің еңбек жолы №216 мектепте мұғалім болып басталғанын айтқанмын, небәрі екі жыл ішінде шәкірттері де, өзі де облыс пен республикалық сайыстарда орын алып жүргендікен, аудандық оқу бөлімінің бастығы Досмайыл Бекішев шақырып алып, «Жұмабек, ауданда «Жастар» балалар спорт қоғамы ашылды, төрағасы мен, орынбасарым сен боласың. Бір жағынан аудандық білім бөлімінің дене тәрбиесі пәндерінің әдіскері әрі алғашқы әскери дайындық пәннің инспекторы боласың» деді. Содан қызу жұмыс басталып кетті. Аудандағы 32 мектепте 68 дене тәрбиесі пән мұғалімі бар екен, олардың 95 пайызының арнайы білімі жоқ екен. Ол кезде әскер қатарынан келгендерді мұғалім етіп ала береді екен. Аудандағы мектептерде арнаулы білімі бар Салима Байкөбекова, Марат Мамаев, Мұхтар Сәлменов, Мұрат Қуатбаев, Өтеген Балымбетовтар сабақты өз дәрежесінде ғана бере алады екен. Қалған мұғалімдер сабақта орталарына бір допты бере салады екен. Бағдарлама бойынша сабақ беруді білмейді. Күнделікті сабақ жоспарын жазуды екі бастан білмейтін болып шықты. Сол мұғалімдерді екі жылда бағдарламамен сабақ беруді, жоспарларды қалай жазу керектігін үйретіп шығарды. Тоқсан сайын аудандық семинар ұйымдастырды. Аудандық атқару комитеті арқылы қаражат бөлдіріп, жыл сайын аудандағы мектеп оқушыларының спартакиадасын өткізуді жолға қойды.

1989 жылы қараша айында аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, марқұм Мұнарбай Қожахметов шақырып: «Жұмабек, №234 мектепке директор боласың. Жасырмаймын, мектепті о баста сапасыз салғанын аудан басшылары біледі, жұмысы басынан асып артылады. Бұған дейін аудандағы мектептерде дене тәрбие пәнінің мұғалімі директор болған жоқ, сен бірінші директорсың» деп көтермелеп те қойды. Қараша айы болғасын мектеп мал қора сияқты салқын, оқушылар мен мұғалімдер де сыныпта бас киім мен сырт киіммен отырады екен.

Мұғалімдерге бірден бас киіммен сабақ беруге тыйым салды да, өзі шаруашылық жұмыспен айналысып кетті. Сол кездегі мекеме басшысы Имандосов Самұрат ағасына барып жағдайды айтқасын, үш күн ішінде сыртқы жылу жүйесін жаңалап жасап берді. Қазалы қаласындағы СПТУ-да запастағы «Энергия-3» бу қазандығы бар екен, директоры Жанаев Рүстем ағасы бергесін қосымша бөлме салып үлкен бу қазандығын қосты. Аңғал-саңғалы шығып жылу ұстамайтын есік-терезелерді жаңартқасын мектеп салынғаннан бері 9 жыл бойы жылымаған мектеп 10 күнде үйдің іші сияқты жылып, мектеп қалыпты оқу процесіне көшті. Мектептің үлкендері кабинетіне келіп, «мектеп ашылғалы мұрнымыз бір жылымай, тоңып жүретін еді» деп алғысын жаудырып кетті. Асханаға пештер алып, акт пен спорт залдары талапқа сай жабдықталды, оқу кабинеттері мен коридорлар  талапқа сай безендірілді. Бу қазандығының қасынан монша салып, оқушылар мен зейнеткер ұстаздар тегін түсті. Сол күндердегі қарқынды жұмыстарды қазіргі кездегі зейнеткер мұғалімдер жыр қылып айтып отырады.

1994 жылы аудандық жастар ісі, туризм және спорт басқармасының бастығы болғандағы қызметіне тоқталмаймын, себебі өзінің тікелей мамандығы болған соң Қазалы ауданындағы спортшылар облыс пен республикаға белгілі бола бастады. Осы тоқсаныншы жылдардың басында Қазалы станциясындағы теміржолға қарайтын мектептер мен балабақшылар, клуб, стадион жергілікті әкімшілік орындарына өткізілген болатын. Сол кезде иесіз қаңырап қалған «Тұлпар» стадионын спорт мектебінің балансына беру туралы аудан әкімі Б.Пұсырмановқа кіріп, спорт мектебіне бергізді. Стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, күрес, бокс, тренажер бөлмелері ашылғасын, спортсүйер жасөспірімдердің жаттығатын орнына айналды. Стадион ауласына талдар егіліп, стадион қалпына келтірілді, қазір аудандағы үлкен іс-шаралар өтетін орын болып отыр.

Зейнет жасына дейін он жеті жыл бойы 2003-2020 жылдары Қазалы қаласындағы №18 балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры болды. Бұл мектеп кеңес заманындағы «К-700» тракторын жөндейтін мекеменің гаражы еді. Оны спорт залына бейімдеп жүргізуді қолға алды. Ол үшін ұжымдағы жатықтырушылар мен техникалық қызметкерлерге жиналыс өткізіп, алдағы атқаратын жұмыс оңайға соқпайтынын ашып айтты да, іске кірісіп, кірпіш басуды өзі бас болып уақытпен санаспай басып шықты. Сол кесектермен жаттықтырушылар мен балалар шешінетін, техқызметкерлер, т.б. мақсаттарға арналған 13 бөлмені өріп шықты. Қазалы қаласынан сайланған облыс депутаттары Самұрат Имандосов пен Ибайдулла Тілеп көп көмек көрсетті. Сабақ процесі тоқтап қалмау үшін №8 кәсіптік лицейдің спорт залынан дэюдодан секция ашып, 11 қыз баланы жаттықтыра бастағанда, дзюдодан аудан мен облыстан топ жара бастаған Марина Вольнова бокспен айналысқысы келетінін айтқанда, Жұмабек: «Марина, мен саған бокс секциясына қатысуға рұқсат беремін. Бірақ менің саған қоятын екі шартым бар. 1. Бокстан әлем мен олимпиада чемпионы болуың керек 2. Осы олимп шыңын бағындырмай күйеуге шықпайсың» деді. Марина сөзінде тұрды. 2012 жылы Лондон олимпиадасында Қазақстан бойынша әйелдер арасынан тұңғыш жүлдегер болса, кейін әлем және Азия чемпионатында да жүлдегер атанып, республика бойынша тұңғыш рет бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері болды. Бокстан жатықтырушысы Бақытбек Жұмабекұлы Құлыбаев екенін  білесіздер.

Күресте балуан болып жас спортшыларға үлгі болған Жұмабектің отбасы да – елге үлгілі отбасы. Зайыбы Айна Мұстафаева ұзақ жыл бойы аудандық аурухананың терапия бөлімінде аға медбике болып қызмет істеп, зейнетке шықты. Үлкен ұлы Бақытбек Құлыбаев – олимпиада жүлдегерін шығарған, ҚР-на бокстан еңбегі сіңген жатықтырушы, қызы Гүлнар – Құлыбаева дәрігер, аудандық ауруханада бөлім басшысы. Кіші ұлы Толыбек Құлыбаев – Ақтөбе қаласындағы облыстық аурухананың қан орталығы директорының орынбасары. 2020-2021 жылдардағы КОВИД кезінде ұстазы шақырғасын, 1,5 жыл бойы осы ауруға қарсы күрескен болатын. Осы еңбегі ескерліп, «ҚР Денсаулық ісіне сіңірген еңбегі үшін» медалымен марпатталды. Өзін шақырған ұстазына ауру жұғып, қайтыс болып кетті. Бір отбасынан үш дәрігер мен екі спорт саңлағы шығып отыр.

Жоғарыда Бақытбек Құлыбаев Қазалы ауданының құрметті азаматы атағын алғанын айтқан болатынмын. Сол кезде осы атақты алдымен әкесі Жұмабек Құлыбаевқа бергенде ғой дегендер болды. «Құрметті азамат» атағынсыз-ақ Жұмабекті аңыз адам десе де болады. Осыдан 50 жыл бұрын 70 келі салмақта күресіп жүргенде қарсыластарын қиналмай-ақ жауырынын жерге тигізгенде, «жеңілмейтін балуан» деген атағы жер жарып тұрды.

Бірде атақты жырау Алмас Алматовпен дастарқандас болғанда: «Сіз балуан Жұмабексіз ба? Сіздің күресу әдістеріңіз керемет еді, қарсыластарыңызды тез жеңетін едіңіз. Күрестен жарыс болады дегенді естісем, «Қазалыдағы Құлыбаев күресе ме?» деп сұрайтынмын. Сіздің күресіңізді көру үшін баратын едім» деп ағынан жарылған болатын.

Жұмабектен институтта кейін оқыған Берекет Құмарбаевтың да Бекбауылдан екенін білген ұстазы Металбек Хұсайынұлы Балғымбаев: «Мен жаттықтырған Жұмабек Құлыбаевты зор болашақ күтіп тұр еді. Мен науқастанып қалғанда диплом алғасын ауылына кетіп қалды. Әйтпесе ол әлемге әйгілі балуан атанып, олимпиада чемпионы да болатын еді» деп өкінішін білдіріпті. Философияда кездейсоқтың өзі заңдылық деген тұжырым бар. Бұл жерде жаттықтырушысының ауырып қалуы өмір заңдылығы болып тұр ғой…

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан және Халықаралық Журналистер одағының мүшесі.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: