Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АЭА: үміт пен шындық

04.12.2025, 12:20 90

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында өңірлерге инвестиция тартуда маңызды рөл атқаруы тиіс арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) жұмысы күткендей нәтиже бермей отырғанын ашық айтты. Әрі бұл бағытта жан-жақты талдау жүргізіп, түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. Индустриялық аймақтар – ел экономикасының ұзақмерзімді даму стратегиясындағы негізгі тірегінің бірі. Себебі АЭА – елдің индустриялық-инновациялық болашағын айқындайтын басты тетік, жаңа өндіріс пен технологиялық серпінге жол ашатын құрал саналады.

Арнайы экономикалық аймақ (АЭА) ұғымы бүгін немесе кеше пайда болған жоқ. Түп-­тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алады. Нақтысын айтсақ, XVII-XIX ғасырда Еуропадағы ірі сауда порттары – Венеция, Триест, Копенгаген, Гамбург және Гибралтар «еркін аймақ» мәртебесін алды. Бұл аймақта шетелдік саудагерлерге кеден­дік және салықтық жеңілдік беріліп, капитал қозғалысын жеңілдетудің алғашқы үлгісі қалыптасты.

XX ғасырда бұл тәжірибе жаңа деңгейге көтері­ліп, Гонконг пен Сингапурде еркін сауда және өндіріс аймақтары құрылып, жаһандық сау­да логистикасының тірегі саналды. Сөйтіп, инвестиция тартудың, экспортты дамытудың және заманауи инфрақұрылым қалыптастырудың  алаңына  айналды.

Алайда қазіргі түсініктегі арнайы экономикалық аймақ тұжырымдамасы алғаш рет 1980 жылы Қытайда пайда болды. Бұл әлемдік экономикалық  тарихтағы  бетбұрыс  кезеңге  айналды.

Қытай басшылығының шешімімен құрылған алғашқы аймақ – Шэньчжэнь АЭА. Бұл шетелдік инвестицияны тарту, экспортқа бағытталған өндірісті дамыту, инновациялық кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ерекше мәртебе алды. Бұл аймақта кедендік және салықтық жеңілдік енгізіліп, бизнес  жүргізу  процесі  барынша  жеңілдеді.

Нәтижесінде бар-жоғы бес жыл ішінде Шэньчжэнь қаласында 4 миллионнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 30 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция келді. Бір кездері шағын балықшылар елді мекені болған Шэньчжэнь бүгінде әлемдегі ең ірі технологиялық және қаржылық орталықтың біріне айналды. Бұл тәжірибе Қытай экономикасының ғажайып серпілі­сін  қамтамасыз  етті.

Кейіннен табысты тәжірибе Азия, Таяу Шығыс және Еуропа елде­ріне кеңінен тарады. АЭА құру елдер үшін тек инвестиция тарту тәсілі емес, ұлттық экономикалық саясаттың маңызды стратегиялық бағытына  айналды.

Дүниежүзілік еркін аймақтар ұйы­мының (World FZO) дерегінше, қазір әлемде 7 мыңға жуық арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Олардың ауқымы мен бағыты әртүрлі  болғанымен, басты  мақсаты ортақ – өндіріс тиімділігін арттыру, инновацияны дамыту және экономиканы  әртараптандыру.

UNCTAD халықаралық ұйымының  сарапшысы  Джеймс Зан:

«Әлем елдеріндегі АЭА-ның барлығы бірдей табысты емес. Шамамен үштен бірі ғана ұлттық экономикаға айтарлықтай үлес қосады. Негізгі фактор – басқарудың тиімділігі, тұрақты заңнамалық орта және инвестор  үшін  болжамдылық», — дейді.

Инновациялық орталықтарды экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналдыру ісінде Қытай, Сингапур, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Кувейт  алдыңғы  қатарда  келеді.

Польшадағы индустриялық хаб­тар – Еуропадағы ең тиімді жоба­ның бірі. 1995 жылдан Польша өндіріс ошақтарына 40 млрд дол­лардан астам инвестиция тартып, 400 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Бұл тәжірибе  елдің өнеркәсіптік инфрақ­ұрылымын жаңғыртып, еуро­палық нарыққа интеграция­лануына  негіз  болды.

1996 жылы Қазақстанда алғашқы АЭА құрылып, елдің индустрия­лық-инновациялық дамуының жаңа кезеңі басталды. Қазір ел бойынша 15 арнайы аймақ жұмыс істейді. Бұл ортал­ықтар өңірдің әлеуеті мен страте­гиялық бағытына сәйкес қалып­тасып,  даму  жолын  іздеуде.

Өнеркәсіп және құрылыс минис­трінің орынбасары Иран Шархан:

– АЭА – мемлекеттің экономикалық қуатын арттырып, ұлттық өндірістің іргетасын бекітетін шешу­ші бастама. Яғни индустриялық дербестік пен технологиялық тәуел­сіздікке қол жеткізудің маңызды баспалдағы. Өйткені, бұл аймақтар инвестициялық саясатындағы ең табысты тетіктің бірі саналады, — деді.

Вице-министрдің сөзінше, құ­қықтық және салықтық ерекше жеңілдікті қамтитын экономикалық аймақтарда 532 жоба іске қосылып, 9,9 трлн  теңгеден  астам  инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде 32 мыңнан  астам  тұрақты  жұмыс  орны құрылып, жалпы 11,9 трлн теңгенің  өнімі  өндірілді. Оның 916,1 млрд теңгесі экспортқа шығарылып, 656,6 млрд теңге салық бюджетке түсті. Бұл көрсеткіш АЭА-ның ел экономикасына нақты үлес қосып отырғанын  айғақтайды.

Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы есебінде бірқатар АЭА табысты жұмыс істеп жатқаны көрсетілді. Бұл қатарға «Оңтүстік», «Ақтау теңіз порты», «Инновация­лық технология паркі» және «Астана – жаңа қала» өндіріс тиімділігі мен инвестициялық тартымдылығы жағынан ілгері тұр. Алайда кейбір аймақта әлеует толық пайдаланыл­маған, бұл өз кезегінде басқару мен ынталандыру тетігін жетілдіру қажет­тігін  көрсетеді.

Индустриялық даму комитеті Арнайы экономикалық және индус­триялық аймақтар басқармасының бас сарапшысы Меруерт Бисенова­ның сөзінше, жеңіл өнеркәсіптің толық циклін қамтитын «Оңтүстік» АЭА – табысты  жобаның  бірі.  Мұндағы «Azala Cotton» ЖШС-нің 7,07 млрд теңгелік жобасы өңірлік эко­номиканы жандандырып, экспорттық өнім көлемін арттырды. Бұл бастама – ұлттық жеңіл өнеркәсіп брендін қалыптастыру жолындағы нақты  қадам.

Павлодар облысында химиялық кластер жүйелі дамуда. Мұнда «Каус­тик» АҚ-ның 16,6 млрд теңгелік жобасы іске қосылып, өңірде толық өндірістік тізбек қалыптасты. Ал батыс өңірлерде мұнай-химия және мұнай-газ кластерінің ілгерілеуі елдің энергетикалық әлеуетін нығайтып, экспорттық  бағытын  кеңейтіп  келеді.

«Қорғас  –  Шығыс  қақпасы»   АЭА – транзиттік  және  гео­экономика­лық  мәртебесін арттыр­ған   страте­гиялық  жобаның  бірі.  36,4 млрд теңгелік құрғақ порт кешені Қазақ­станды Еуразия құрлы­ғындағы  басты логистикалық хабтың біріне айналдыруға мүмкіндік берді. Бұл елдің көлік және сауда дипломатиясын  жаңа  деңгейге  көтереді.

Қазір  жаңа  екі  аймақ – «Ақ­төбе» және «Қорқыт ата» АЭА құрылу үстінде. Бұл бастамалар аймақаралық теңгерімді нығайтуға, ішкі инвестициялық климатты жақсартуға бағытталады.

Қызылорда қаласындағы жаңа халықаралық әуежай терминалына іргелес орналасқан арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы 550 гектарды құрайды. Бұл орталық 2049 жылға дейін өңірге шамамен 150 млрд теңге инвестиция тартуды, соның ішінде 80 млрд теңгеге жуық шетелдік капиталды игеруді көздейді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын орналасуы логистикалық және транзиттік әлеуетті арттыруға жол ашады. Сондықтан тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілсе, мақсатты орындау­ға  әбден  болады.

Қазір Астана қаласында екі АЭА жұмыс  істейді. Біріншісі – «Астана – жаңа қала». Екіншісі – «Астана-Технополис». Басқарушы компаниясы – «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы.

Орталыққа қарасты №1 Индус­триялық паркте жергілікті және шетел­дік инвесторлар қаржы құйған зауыт пен өндіріс орындары жыл сайын ашылып жатыр. Аталған парк­те локомотивтер, электровоздар шығаратын, арнайы киімдер тігетін, оптикалық құрылғылар, жиһаз бен құрылыс материалдары сияқты түрлі отандық өнім шығаратын көптеген кәсіпорын  жұмыс  істеп  тұр.

Біз аталған парктегі бірнеше ірі өндіріс ошағының жұмыс ауқымын өз көзімізбен көргенбіз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы бағытына арналған минералды тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорын мен еуропа­лық сапа стандарттарына сай жиһаз өндіретін зауыттың қызметі және тағы басқасы ерекше әсер қал­дыр­ған-ды.

«Astana Invest» қалалық инвес­тицияларды дамыту орталығының Индустрия­лық аймақтарды әкім­ші­лендіру департаментінің директоры Алмат Әлімбайдың сөзінше, елордада инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және жобаларды қолдауға ерекше мән берілуде.

2025 жылдың 7 айы бойынша Астана экономикаға салынған инвес­тиция көлемі бойынша көш бастады. Нақты өсім 42 пайызды құрап, 1,2 трлн теңгеге жетті. Жеке инвестиция 25,4 пайызға өсіп,  780  млрд  теңгені  құрады.

2024 жылы өңдеу өнеркәсібі өндіріс­інің өсімі 10 пайыздан асып, 2,5 трлн теңгеге жетті. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістерді іске қосу есебінен көлемді 7 пайыз­ға арттыру жоспарлануда. Бұл өсім 2,6  трлн  теңгеге  дейін  жетеді.

Астанадағы №1 Индустриялық парк те тұрақты өсім көрсетіп, айтар­лықтай инвестициялар тартып келеді. Мұнда жалпы құны 336 млрд теңгеден асатын 139 жоба орналас­қан. Олардың ішінде 82 кәсіп­орын жұмыс істеп тұр. Ал алдағы екі жыл ішінде  тағы 57 өндіріс ашылмақ. 2025 жылы 43 млрд теңгеге 21 кәсіп­орынды іске қосу және 1,2 мың жұмыс  орнын  құру  жоспарлануда.

Бірінші парктің табысты тәжірибесін ескеріп, мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік тетігін пайдалана отырып, №2 Индустриялық парк жобасын іске асыру бойынша жұмыс басталды. Оның аумағында 500 млрд теңгеден аса сомаға 100-ден астам жобаны іске асыру жоспарланды. Бұл 8 мыңнан астам жұмыс орнын құруға  мүмкіндік  береді.

Қазір индустриялық аймақтардың дамуы бірқатар жүйелі түйткіл­мен бетпе-бет келіп отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Иран Шарханның айтуынша, ең өзекті мәселе – өндірістік-инновациялық алаңдарды инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету. АЭА құрылған кезден бері инфрақұрылым нысандарын салуға жалпы 427,5 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталған. Әлі осы бағытта жүйелі  жұмыстар  атқару керек-ақ.

Екінші маңызды мәселе – АЭА-­лардың толымдылық деңгейі төмен. Бүгінде олардың орташа көрсеткіші 40 пайыздан аспайды. Тек «Астана – жаңа  қала» және «Павлодар» аймағы ғана өз аумағын 90 пайыздан астам толтыра  алған.

Үшінші түйткіл – жобалардың басым бөлігінде квазимемлекеттік сектордың үлесі жоғары. Бұл жеке бизнестің белсенділігін тежеп, бәсекелестік  ортаны  әлсіретеді.

Төртінші мәселе – Жоғары аудитор­лық палатаның қорытын­дысы бойынша кейбір АЭА басқару­шы компаниялары бюджет қаражатын тиімсіз немесе мақсатсыз жұмсады. Ал жекелеген индустрия­лық  аймақтарда нақты өндіріс орын­дары мүлде жоқ.

Бесінші мәселе – салықтық жеңілдіктің тұрақсыздығы. Соңғы бес жылда оларға төрт рет өзгеріс енгізілді. Бұл инвесторлар үшін тәуе­кел деңгейін арттырады. Осы ретте, көрші елдер Өзбекстан мен Қырғыз­стан ұзақмерзімді жер пайдалану, еркін валюталық режим және шетелдік жұмыс күшін тартудағы жеңілдік арқылы бізден бәсекелестікте озып тұр.

Дүниежүзілік банк сарапшысы, «Африкадағы арнайы экономикалық аймақтар» еңбегінің авторы Томас Фарол бұл туралы былай дейді:

«Арнайы экономикалық аймақ­тар тек салықтық жеңілдікпен шектелмеуі тиіс. Олар индустрияландыру, технология трансфері және жаңа өндірістік тізбектер қалып­тастыруға бағытталған кешенді стратегияның құрамдас бөлігі болғанда ғана та­бысты болады».

Шын мәнінде, Қазақстан АЭА-­ларын тиімді индустриялық хаб­қа айналдыру үшін стратегиялық инвес­торларды тартуға бағытталған нақты индустриялық саясат қажет. Яғни заңнамалық тұрақтылық пен болжамдылық қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, басымдық шағын және орта бизнеске берілуі керек. Ал аймақтардағы инфрақұрылым толықтай аяқталмайынша, жаңа индус­триялық жобаларды іске қосу қиын болады. Әсіресе, тұрақты электр энергиясы мәселесін шешу өзекті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы – жай ескерту емес, АЭА жүйе­сін түбегейлі қайта қарауға бағыттал­ған саяси ерік-жігердің көрінісі. Егер бұл бағытта нақты өзгерістер жүзеге аспаса, Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар қағаз жүзіндегі жоба күйінде қала береді. Ал тиімді шешім қабылданса, АЭА жаңа индус­триялық серпіннің қозғаушы күшіне  айналуы  әбден  мүмкін.

Экономист, қаржы сарапшысы Мақсат Халықтың пікірінше, АЭА-­дың тиімділігін бағалауда тек жалпы инвестиция көлемін емес, шетелдік тікелей инвестицияның үлесін ескеру қажет. Өкініштісі сол, қазір көптеген аймақты квазимемлекеттік компаниялар қаржыландырады. Бұл өз кезегінде шынайы инвесторлар үшін тартымсыздық туғызады.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: