АҚШ Президенті Трамптың Украинаға 28 баптан тұратын шарттың жобасын тықпалауы Зеленскийді састыра қойған жоқ. Оның дереу өз халқына арнап үндеу жасауы, еуропалық маңызды одақтастарының оны бір ауыздан қолдауы, америкалық жобаға балама ретінде 24 баптан тұратын жаңа жоба ұсынуы тараптардың соғысты аяқтауға деген құлшынысын аңғартады. Оны түсінеміз. Жоба екі жақтан да мақұлданса, атыс майдан шебі бойынша тоқтатылмақ. Яғни даулы Қырым, Донбасс пен Луганск тағдыры атыс тоқтатылған соң АҚШ-тың араласуымен асықпай шешілмек. Біз бұрын соғыс Украинаның жеңісімен аяқталса, аузы-мұрны қан болған Ресей енді қайтіп көршілеріне көз алартпас дейтінбіз. Қазір енді соғыс тепе-теңдіктен гөрі Ресейдің басып алған аумақтық басымдығымен аяқталғалы отыр.
Енді үш айдан кейін Ресейдің Украинаға кең көлемді соғыс ашқанына төрт жыл толмақ. Бұл мерзімі жағынан 1941-1945 жылдардағы совет-герман соғысының мерзімімен парапар. Путин бұл арнайы соғыс операциясы аяқталса да, Ресейдің қарулы Күштерін дамыта беретінін айтты. Яғни халқының жағдайын ойлап отырған жоқ. Оған президенттік тағын сақтап қалу үшін тағы жаңа соғыс керек. Қақтығыс өрті кез келген уақытта бұрқ ете қалуы әбден мүмкін. Яғни Қазақстанға да жайбарақат қарап отыра беруге болмайды. Өздері бауырмыз, туысқанбыз дейтін Украинаны аяған жоқ, ал Қазақстан – олар үшін дайын майшелпек. Соғысып үйренген армиясы бар. ТВ тәрбиелеген соғысқұмар халқы бар. Одақтасымыз екен деп оларға сене беруге болмайды.
АҚШ-тағы Соғыс зерттеулері институтының (ISW) сарапшысы Джордж Барростың пікірінше НАТО-ның Ресеймен қақтығысқа дайындалып үлгеруіне осы соғыс аяқталған күннен есептегенде небары 12 ай ғана мүмкіндігі бар екен. «Ресеймен жасалған бірде-бір шарттың құны оған қол қойылған қағаздың бағасындай да құны жоқ!» деген неміс канцлері Отто фон Бисмарктің сөзінің жаны бар. Олар берген уәдесінде тұра бермейді. Ресей келешек соғыстарында кибершабуылдар, диверсия, дезинформациялық кампаниялар және НАТО елдеріндегі жағдайды тұрақсыздандыру тактикасын кеңінен қолдануы әбден ықтимал», — делінген Defence News жарияланымында.
Ресейдің қазірдің өзінде экономикасын ұзақ соғысқа ыңғайлап дамытуы, соғыстың гибридтік түрлеріне басымдық беруі оның оңай тынши қоймайтындығын байқатады. АҚШ-тың 48-ші президентін сайлауға дейін әлі үш жыл бар. Осы мерзім ішінде екі жақ та күш жинап, жаңа соғысқа дайындалатыны сөзсіз. Енді Ресейден алынған әр санкция жаңа қақтығысқа жақындата береді. Ең қорқыныштысы, адамзатты алда үлкен соғыс күтіп тұрған сияқты.
Қазақстанға айырықша сақтық керек!
Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист
(Әлеуметтік желідегі парақшасынан)
Фото: f.azh.kz/news-kaz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!