Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Асылбек алған асулар

26.11.2025, 10:45 167

HALYQLINE.KZ

2025 жылдың 16 қазаны Халықаралық анестезиологтар күніне орай Қазалы аудандық көпбейінді ауруханасының Жансақтау бөлімінің меңгеушісі Асылбек Жиенбаев «Анестезиологтар және реаниматологтар Федерациясы» атты республикалық қоғамдық бірлестіктің президенті, профессор Е.Миербековтың қолынан «Ардагер анестезиолог-реаниматолог» белгісі» деген медаль алды

Бұл құрметті атаққа лайық екенін мынадан білуге болады. Асылбек Жиенбаев аудандық ауруханада 40 жыл бойы реаниматолог дәрігер болса, 1995 жылдан бастап үздіксіз 30 жыл бойы осы аудандық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет істеп келеді және жас дәрігерлердің ақылшы ұстазы. Бір орында қырық жыл табан аудармастан еңбек ету өз мамандығына адал адам, яғни өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған білікті дәрігердің қолынан ғана келеді. Асылбектің еңбек жолын ашып көрсету үшін, оның бағындырған белестерін асуларға бөліп түсіндіріп көрейін.

Бірінші асу: Шыққан ортасы мен алаңсыз балалық шағы.

Асылбек 1960 жылы 30қыркүйекте зиялылардың отбасында ортаншы ұл болып дүниеге келді. Әкесі Талғатбек Жиенбаев аудандық поштаның «Союзпечать» бөлімінің бастығы болып қызмет істеді. Анасы Айман Панақызы Өтепбергенова 40 жыл математика пәнінің жоғары категориялы мұғалімі және «Қазақ ССР-нің Ағарту саласының үздігі» төсбелгісінің иегері болып, жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Ата-анасынан үлгі алған басты ұстанымы намыс пен шыншыл болуды үйренді.

Талғатбек басшылық қызметте, Айман кезінде Сарыкөл ауылдық Кеңесіне қарасты «Итқырылған» (Новый быт) елді мекенінде мектеп директоры болғанда, аудандық партия комитеті ерлі-зайыптыларды коммунистік партия қатарына өтіңдер десе де, түрлі себеппен өтпей қалған болатын. Мансапқор болса, екеуі де сол кезде КПСС қатарына өтіп алар еді. Мансаптан отбасын жоғары қоя білді. Үш ұлын сол кездегі элиталы отбасылары сияқты орыс мектебінде оқытты және ЖОО оқуына жағдай жасап, мамандық таңдауына ықпал етті. Қазір Қазыбек, Асылбек, Әділбек – үлгілі отбасының иелері, ұрпақ тәрбиесіне бір кездегі ата-аналары сияқты ден қойып жүр.

Екінші асу: Қызығы мен шышығы қатар жүретін студенттік жылдар.

Асылбек Қазалы станциясындағы, қазіргі Әйтеке би кентіндегі Кеңес Одағының батыры В.М.Счастнов атындағы орыс мектебінде оқыды, негізі мектепте білікті ұстаз Л.Дубинина сынып жетекші болса, жоғары сыныптарда математика пән мұғалімі В.Большакова жетекшілік етті, үздік оқушылар қатарында болды.

1977 жылы мектепті бітіргесін дәрігер болсам деген арман жетегімен Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетіне түсу емтихандарынан мүдірмей өтіп, студент атанды. Ата-анасын қуантып үйге келіп, оқу басталар кезде Ақтөбеге аттанар алдында анасы Айман: «Балам, сабағыңды жақсы оқы, келешекте сенен қандай дәрігер шығатыны сенің күнделікті сабаққа қалай дайындалғаныңа байланысты» деп шығарып салды. Институт қабырғасында оқып жүргенде түрлі сайыста да топ жарып жүрді, ағылшын мен латын олимпиадасына қатысып, республикалық турына жолдама жеңіп алған болатын.

Мединституттың 3-курсын үздік бітірген соң, ректорат алқасы Асылбекті келесі оқу жылынан бастап Лениндік стипендиясына ұсынды. Мединституттың 4-5-6-курстарында Асылбек сол кезде пролетарлардың көсемі В.И.Ленин атындағы стипендияның иегері болып, ай сайын 100 сом алып тұрды. Бұл сол кездегі студенттердің стипендиясы 40 сом кезінде бұл өте көп ақша еді. Әркім өз саласы бойынша біледі, мен 80-жылдары мұғалім болып жүргенде институт бітіріп келген жас мұғалімнің бір ставкамен алатын айлығы 90 сом еді.

Асылбек тіпті ауысқан ақшасын анасына да салып тұрғанда, Айман апай: «Балам-ау, о не қылғанын маған ақша салып, өзіңе жетсе болды ғой» деп қарсылығын білдірген болатын. Бұның барлығын неге жазып отырмын? Біздің алаңсыз жастығымыз сол сексенінші жылдардың басынан басталды. Сол кезді қазіргі жастар білмегендіктен СССР кезінде тұрмыс ауыр болыпты, қазақтардың құқығы тапталыпты, т.б. әңгімелерді жиі айтады, олар ол заманды көрмегесін айтады. Иә, одақ ыдырар кезде дүкен текшелері қаңырап қалып, нарыққа өтер кезде қиын заман болғаны рас.

Біздің кезімізде әділдік үстемдік құрды, оны мынадай жағдайдан білуге болады. Институтта Асылбекпен бірге оқыған Күнзира Жолбасқанованың әкесі КПСС тарихы кафедерасының меңгерушісі еді, кейде профессордың қызы зачетты тапсыра алмай құлатып жібергесін дайындалып қайта тапсырып жататын. Сол кездегі мұғалімдердің әділдігі ғой, тікелей бастығы профессор Жолбасқановтың қызы болса да әділ бағалап отырғаны. Қызығы мен шыжығы бірдей студенттік жылдар да өте шығып, Асылбек Жиенбаев пен атыраулық қыз, ол да Лениндік стипендиат Гүлсім Кисынова екеуі медициналық институтты қызыл дипломмен бітіріп шықты. Ол да кезінде селт еткізер оқиға болды, себебі мединститутта славян халқы мен еврей ұлтынан студенттер басым болса да, қазақтың екі студенті ғана қызыл дипломмен бітірген болатын.

Үшінші асу: Дәрігерлік қызметінің басталуы.

1983 жылы жас маман ретінде Қызылорда облыстық ауруханадан тәжірибеден бір жыл өтті. 1984 жылы жас маман ретінде Асылбек Қазалы аудандық ауруханасына жіберіліп, «Жедел жәрдем» станциясына дәрігер болып орналасып қызмет істеп жүргенде, мединститутты қызыл дипломмен бітіргенін естіген Қазалы аудандық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Аманғали Ақбаев 1985 жылы осы жансақтау бөліміне дәрігер болуың керек деп шақыртып алды.

Міне, оған да 40 жыл болыпты, 1995 жылдан бастап жансақтау бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет етіп келеді. 2019 жылы «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Қырық жыл айтуға оңай, қаншама адам осы жансақтау бөліміне түсіп, екі дүниенің ортасында қалықтап тұрғанда жансақтау бөліміндегі дәрігерлердің жанкешті еңбегінің арқасында аман қалып жатқаны бір жаратушыға аян. Себебі Асылбек ондай есеп жүргізбейді екен. Ең бастысы, жансақтау бөлімінен аман алып қалып палатаға шығарсам болды дейді. Анестезиолог Асылбектен талай рет ажалға араша түскенінің ішінде ең ауыр жағдайдың 1-2-еуін айтуын сұрап алдым.

Бірде отбасылық дей ме, әлде тұрмыстық жанжал кезінде жас келіншек ашу үстінде асхана пышағын өзінің жүрегіне сұғып алады. Қан көп кеткен, атақты хирург Көбек Наршабав жүректің жарақатын тігіп болғасын аппаратқа қосып қояды. Бірақ әлсіз соғып тұрған жүрек тоқтап қалды. Дереу қолға алып, қолмен массаж жасағасын жүрек қайта соға бастағасын аппаратқа қосады. Жүрек қайтадан тоқтап қалады, қайтадан қолмен массаж жасап, аппаратқа қосады, осылайша 3-4 рет қайталанды. Соңғы рет массаж жасап, андреалин еккен соң не де болса ақырын күтті, жүрек әлсіз болса да соға бастады. Пациенттің көретін жарығы бар екен, жүрегі қалыпқа келе бастады. Біз сияқты адамдар біле бермейді екенбіз, сол жолы ажалға қарсы тұрып қан-сорпасы шыққан Көбек пен Асылбектің киіміндегі терді сығып алатындай болған екен.

Екінші ауыр жағдай 2020-2021 жылдардағы пандемия аяқталып, ауруханадағы осы індетке байланысты жабдықтаған бөлмелерді жинап тастаған кезде, оқушы қыз түсті, диагнозы – сол ковид, өкпесінің 80 пайызы зақымдалған, облыс орталығына апаруға жолды көтере алмай қалуы мүмкін. Дереу бір палатаны жабдықтап, тыныс алу аппаратына қосып, дәріні егіп, күні-түні бақылау жасады. Кейін ол жағдайды ұмытып та кеткен еді, бірде соқыр ішекпен оқушы қыз операцияға түскенде: «Ағай, мені танымадыңыз ба? Мен Сымбатпын ғой» деген болатын.

Асылбектің басынан айтуға тұрарлық, бір қызықты эсклюзивті жағдай да өтті. 2008 жылы Қазақстанда сол кезде үлкен жетістік болып саналатын науқастарды емдеуде тікелей телевизиялық байланыс арқылы диагноз қою, емдеу жолдарын енгізуді елімізде трансұлттық компания директоры, атақты академик Төрегелді Шармановтың ұлы, американдық ғалым Алмаз Шарман жүргізіп, оны президент Н.Ә.Назарбаев қатысып көретін болды. Қазалы ауданы шалғай деп таңдаған болуы керек. Интернет арқылы байланысты Асылбек Жиенбаевқа жүргізуді тапсырды. Сол кезде Асылбек «президентпен қазақ тілінде амандассам бола ма?» деп сұрағанда, ол жақтағылар «өзіңіз біліңіз» деп жауап қайтарды. Міне, сол сәтте байланыс жүйесі тікелей қосылған кезде Асылбек: «Ассалаумағалайкүм Нұрсұлтан Әбішұлы! Здравствуйте уважаемые коллеги» деп бастап кетті. Сеанс аяқталған кезде астаналық әріптестері ду ете қалып: «Қазақша амандасқанын қатып кетті, президент те уағалайкүмасаллам деп сәлемінді қазақша алды» деп риза болып, құттықтап жатты.

Төртінші асу: Отбасы мен бос уақытындағы Асылбек.

Асылбектің ағасы Қазыбек жарты ғасырдан бері досым болғандықтан, Асекеңді бір адамдай танимын деп айта аламын. Ақтөбе қаласында медицианлық институтта бірге оқыған Бақыткүл Әлмамбетқызы Әлішовамен 1988 жылы отау құрды. Бақыткүл елге танымал тұлға, дәрігер терапевт, бөлім меңгерушісі, Қазалы көпбейінді аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарды. 2020-2021 жылдары пандемияға қарсы бас дәрігер ретінде атқарған жұмыстары өз алдына үлкен тақырып. Ұлдары Тойлыбек Асылбекұлы ЖОО бітірген соң, Астана қаласындағы Басқару академиясын аяқтап, қазіргі уақытта ҚР Премьер-министрлер кабинетіндегі экономикалық бөлімнің бас кеңесші қызметінде, келіні Айсұлу Қазақ химия-технологиялық университетін қызыл дипломмен бітірген маман. Астана қаласында тұрады, Асылбек пен Бақыткүлдің екі немересі балабақша тәрбиеленушілері

Жоғарыда айтып кеткендей, ағайынды Жиенбаевтар орыс мектебінде оқыды, менің өзім қазақ мектебінде оқығанмен, Счастнов пен Желтоқсан көшесіндегі қазынаның екі қабатты үйінде тұратын орыс балалармен бірге ойнап ер жеттік. Орыс мектебін бітіргендер білімі жағынан ерекшеленіп тұратын. Ол түсінкті де, танымдық материалдың барлығы да орыс тілінде жарық көретін. Бізде қазақ тілінде көпшілікке қолжетімді бір ғана «Білім және еңбек» журналы айына бір рет шығатын. Қазір ғой бар ақпарат алақандағы телефонда бар. Жиенбаевтармен кино, музыка, тарих, әдебиет, саясатпен сағаттап сөйлесуге болады. Сонау совет заманында-ақ жақсы аппаратура Жиенбаевтарда болды, ауданда танымдық кештерді өткізерде аудандық комсомол комитеті Жиенбаевтардың көмегіне жүгінетін. Соның ізі әлі де бар. Қазалы қаласында өтіп тұратын «Ретро фестивальға» ағайынды Қазыбек пен Асылбек Жиенбаевтар қатысып, «Досмұқасан» ВАА-нің репретуарындағы «Қайдасың?» және «Машина времени» ВАА-нің «Поворот» әнін орындап жүр. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы заңгер інісі Әділбек Жиенбаев та қала өміріне белсене араласып, көпке үлгі болуда. Қызылорда қаласында өтіп тұратын «Мозгобойня» (ми шайқасы) интеллектуальды шоу ойнына қатысу үшін Қазыбек пен Асылбекті шақырып, «Старая школа» командасын құрып қатысуда, нәтижесі де жаман емес. Қызылорда қаласындағы мүйізі қарағайдай командалар арасынан екінші орынға ие болды.

Сауаты ерекше жандар туралы жазбамды осымен аяқтаймын, бұның алдында Қазыбек пен Әділбек туралы жазған болатынмын. Аман-сау, бар болыңдар, Қазалының «Үш бәйтерегі».

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: