Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ҚАРА ДУА» фильмі: Қорқыныш пен рухани сенімнің қырғызша көрінісі

23.10.2025, 9:20 213

Қазіргі қырғыз киноиндустриясы соңғы жылдары айтарлықтай серпін алып, түрлі жанрда өз  өнімдерін  ұсынып  келеді.  Солардың бірі – 2025 жылы жарыққа шыққан «Қара дуа» фильмі. Бұл туынды дәстүрлі сенім, халықтық наным, адам психикасы мен жын-шайтан тақырыптарын қозғай отырып, қорқыныш жанрына тән атмосфераны ұлттық бояумен шебер ұштастыра білді.

Фильмнің өзегінде адамның ақылы мен сенімі арасындағы күрес, зұлым рухтың құрбанына айналған бейкүнә жастың өмір жолы, сондай-ақ көріпкелдік пен тылсым күштерге деген қоғамның екіұдай көзқарасы жатыр. Бұл тақырыптар – бүгінде тек қырғыз қоғамында ғана емес, бүкіл Орталық Азия кеңістігінде өзектілігін жоғалтпаған мәселелердің бірі.

Қорқынышты жанр әрдайым көрерменнің эмоциясына әсер ететін, терең ой қалдыратын бағыт саналады. «Қара дуа» осы жанрды пайдалана отырып, тек шошытуды ғана емес, белгілі бір қоғамдық, рухани, мәдени ой тастау мақсатын көздейді. Фильмде діни-рухани символика, қара магия, жын шақыру, емшілік сияқты элементтер арқылы автор көрерменді қорқыта отырып, ойландыра да біледі. Біз бұл материалда фильмді сюжет бойынша баяндап, мазмұны мен құрылымы, көтерген тақырыптарын саралап, көрерменнің көзқарасы негізінде талқылауға тырысамыз. Егер  бұл  фильмді  көрмесеңіз,  мақаланы  оқу  барысында  өзіңізді  көрермендей  сезініңіз.

Сонымен, «Қара дуа» – қырғыз режиссері Сапар Сайназаровтың түсірген қорқынышты жанрдағы фильмі. Туындыда Қырғызстанның қазіргі замандағы шынайы өмірі мен халық арасындағы сиқырға, көріпкелдікке, жындардың барына сену сияқты наным-­сенімдері  кино  тілімен  бейнеленген.

Фильмнің ұзақтығы – 80 минут. Ол  биыл 26 маусымда алғаш рет көрерменге ұсынылып, Қазақстан мен Қырғызстан кино­театрларында көрсетілді. Жас ерекшелігіне байланысты 18 жастан асқан  көрермендерге  арналған.

Фильм  сюжеті  бойынша  тоқталар  болсақ, басты кейіпкер – Айжан есімді жас қыз. Ол ауқатты отбасынан шыққан. Бір күні ол күтпе­ген жерден өзгере бастайды. Яғни, денсаулығы нашарлап, мінезі өзгеріп, беймәлім күштерден қорқатын болады. Осы сәттен бастап көрерменге  фильмнің  басты  тылсым  желісі ашылады. Үміт үзген отбасы  дәстүрлі  медицинадан бас тартып, халық емшісіне – көріпкел әйел­ге жүгінеді. Көріпкел Айжанға қара дуа жасалғанын анықтайды. Яғни, біреу  оны  әдейі  қарғап,  теріс  ниетпен  сиқыр  қолданған.

Көріпкел арнайы дұға оқып, Айжаннан «зұлым күштерді» шығара бастайды. Бірақ дәл осы рәсім кезінде бәрі күрделене түседі. Айжанның денесін  тылсым  күш  билеп,  оның  бойына  жын  кіріп  кетеді.

Жын – ислам мәдениетіндегі оттан жаратылған, көзге көрінбейтін, бірақ адаммен әрекеттесе алатын рух. Ол адамның санасына, мінезіне, әрекеті­не  әсер  етеді.

Зұлым күш Айжанның бойына енген соң, оның көзқарасы өзгеріп, бұрынғыдай емес, біртүрлі сөйлеп, қылықтары құбылмалы болады. Ол өзінің  отбасына  жеккөрушілікпен қарап, шабуыл  жасауға  тырысады. Үйдегі заттар  өздігінен  қозғалып, есіктер тарс жабылып, тылсым күштер күннен-­күнге  күшейе  береді.

Фильм осы сәттен бастап нағыз қорқынышты атмосфераға енеді. Айжан енді өз еркін басқара алмайды, жын оны билеп-төстейді. Оның айна­ласындағылар да дуаның қысы­мын  сезіне  бастайды.

Бұл жағдайға бейжай қарай алмаған отбасы Айжанды  әзәзілден арылтудың түрлі жолын іздей бастайды. Олар небір көріпкелмен байланысып, рухани ем жасаушыларды шақырып, діни дұғалар, сүрелер оқып, Айжанға түрлі ем-дом  жасалады.

Бұл сәттерде фильмде ислам мәдениетіндегі жынға қарсы дұғалар, ем-шара тәсілдері, Құран аяттары мен халық­тық наным-сенімдер кеңінен қолданылады.

Дін қызметкерлері қажетті емді жасап жатқанда Айжанның ішінде қара тылсыммен күрес жүріп жатқандай ол кейде өзіне келеді, кейде қайтадан рухтың билеуіне түседі. Бұл көріністерде психологиялық шиеленіс пен ішкі арпалыс шебер  бейнеленгенін  аңғару­ға  болады.

Фильмнің кульминация­лық бөлігінде Айжанға дұға оқу арқылы жыннан біржола арылуға талпыныс жасалады. Бұл – ең қорқынышты, ең шиелініскен сәттердің бірі. Бұл сәтте Айжанның дауысы өзгереді, ол бойындағы рух арқылы сөйлейді. Рух оны толық­тай  билеп-төстеп,  сол  уақыттағы заттардың  астан-кестен болуы, жарық  сөнуі, Айжанның  денесі  еріксіз  қозғалуы,  тіпті қабырғадан-қабыр­ға­ға  секіруі  атмосфераны  күшейте­ді.

Көп күш салып, дұға, сенім және рухани күрес арқылы Айжан ақыры қара дуадан арылады. Бірақ бұл жеңіс оңайға түспейді. Кейіпкерлердің бірі жарақат алады, рухани тұрғыдан бәрі әлсірейді. Бұл сахнада сенім мен ерік-жігердің күші басты құрал ретінде көрсетіледі. Фильмнің соңында қара дуа жасаған адам анықталады, Айжан біртіндеп қалпына келеді, бірақ бұл  оқиға  оның  психологиясына терең із қалдырады. Отбасы рухани жаңару жолына  түседі. Фильм көрерменге «жындар бар ма, әлде  бәрі  адамның ішкі  күйзелісінен  бе?»  деген  сұрақ  тастап  аяқталады.

Фильмнің сюжеті –  тек қорқынышты оқиға емес. Ол адам мен тылсым күш арасындағы күресті, рухани сенімнің, отбасылық бірліктің, ішкі ерік-жігердің  маңызын  көрсететін драмалық желіге негізделген. Бұл фильм – өз жанрына тән қорқынышты эффектілермен қатар, философия­лық  әрі  мәдени  астары  бар  күрделі  шығарма.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: