Генерал Рокосовскийдің әйелі госпитальда кір жуушы болып істеді. Қазіргі жастар білмеуі мүмкін, ол кезде бинттің жетіспеушілігіне байланысты пайдаланған қан мен ірің бинтті ыстық суға қайнатып содамен жуып, кептіріп қайта пайдалынатын, оны соғыс туралы кинодан байқауға болады.
1941 жылдың қазан айында 16-шы армияның қолбасшысы Константин Рокосовскийдің әйелі тылға эвакуацияланған болатын. Жергілікті органдар Юлия Петровна Рокосовскийді госпитальға кір жуушы қылып жібереді. Екі айдан кейін госпталь бастығы жұмысшыларының жеке ісқағазын қарап отырып шалқасынан түсе жаздайды. Юлия Петровнаны шақырып алып:
— Анкетеда сіздің күйеуіңіз Рокосовский майданда екен ғой, — деп сұрайды.
– Иә, ол майданда, — деп жауап қайтарады.
– Москва үшін шайқастағы атақты генерал Рокосовский ма?
— Иә, менің күйеуім Москва үшін шайқаста көзге түскен еді ғой.
— Сонда сіз Константин Константинұлы Рокосовскийдің әйелісіз бе?
— Иә.
— Бұл туралы сіз неге ешкімге айтпадыңыз?
— Менен ешкім сұраған жоқ.
Полковник жеке ісқағазын қарап отырып анкетадағы «француз, ағылшын, поляк және неміс тілдерін білемін» дегенді оқып болып:
— Сізді кім кір жуушы қылып қойды? – деді.
— Мен қолымнан келгенше Қызыл Армия және елім үшін көмектесіп жүргеніме ризамын, — деп жауып қайтарады. (Госпитальдағы жіберген адамды аман алып қалды).
– Ол дұрыс. Бірақ әскери училищеге неміс тілінен оқытушылар жетіспей жатыр.
Юлия Петровна иығын қиқаң еткізіп, қарсы емес екенін білдіреді. Келесі күні әскери училищеге оқытушылық қызметке жіберіледі.
К.К.Рокосовскийдің қызы Ада да неміс тілін білгендіктен, партизан отрядына барлаушылар десантымен жіберілген болатын.
Жазушы П.И.Трояновский қолбасшы туралы кітабын баспаға тапсырмай тұрып Константин Константинұлына оқуға бергенде бірнеше жерге өзгертулер жасады. Атап айтқанда, «көрнекті совет қолбасшысы» дегенді «көрнекті совет қолбасшылардың бірі», «армия мен халықтың сүйіктісі» деген, т.б. сөзді сызып тастайды.
Кеңес Одағының Маршалы, екі мәрте Кеңес Одағының батыры, Польшаның халық батыры Рокосовский солдат өмірін бірінші орынға қойды. Маршал Жуков «орыс қатындары әлі де туып, шығын орнын толтырады» деп адам шығынына басын ауыртпаса, маршал Рокосовский әскери жоспар жасар алдында солдат шығыны мүмкіндігінше аз болуына қатты көңіл бөлді. Сондықтан болар К.К.Рокосовский өзінің мемуарын «Солдатский долг» деп атады.
Маршал Рокосовскийге Хрущев: «Менің ХХ партия съезіндегі «Сталиннің жеке басқа табынушылығы туралы баяндамама» неге пікір жазбайсың?» дегенде, сыпайы түрде «католик дінінде өлген адам туралы жаман сөз айтуға тыйым салынған» деп құтылады. Хрущев маршалдың бұл сөзін кешірген жоқ. Оның есесіне соғыс кезінде Әскери-Кеңес мүшесі болған және жүз мыңдаған әскердің қоршауда қалуына себепші болған Н.С.Хрущев кезіндегі «Ұлы Отан соғысы» деген үш томдық энциклопедияда Жуков пен Рокосовскийдің есімдері мүлде аталған жоқ.
Сталинград қаласын Волгоград қылып өзгерткен соң, Сталинград шайқасы «Волга бойындағы шайқас» деп өзгертіліп, мектеп оқулықтарына да солай жазылды. Жалпы соғыс тарихы бірінші басшылардың ыңғайына қарай жазылып отырды. Сталин кезінде «ұлы жеңіс генералисумус Сталиннің арқасында болды» десе, Брежнев кезінде соғыста 18-ші армияның саяси жетекшісі болған полковник Л.Брежневті асыра мақтап, төрт мәрте батыр атағы мен маршал шені берілді. Андропов кезінде Карелияда партизан отрядында болғандықтан партизандар және астыртын жұмыс туралы көп айтыла бастады. Черненко шекара әскерінде саяси жетекші болғандықтан «Қазақфильмде» Орта Азиядағы полтрук Черненконың қызметі туралы деректі фильм түсіріп үлгерді. Соғыс басталғанда Горбачев 11 жаста болғандықтан, тылдағы әйелдер мен балалардың еңбегі туралы айтыла бастап еді…
Міне, біздің көз алдымызда тарих бір адамның ыңғайына қарап жазылған болатын.
Ашық дереккөзден алынған фотода: Костя, Юлия мен қызы Ада.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!