Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарасақал Ерімбеттің мұрасы

25.09.2025, 10:00 228

Биыл Сыр сүлейі, шайыр Ерімбет Көлдейбекұлының туғанына 175 жыл толуына орай Қазалы ауданы көлемінде үлкенді-­кішілі іс-шаралар өтіп жатыр. Шайырдың мұраларын ел арасынан жинап, зерттеп, өңдеп, құрастырып шығаруға Қазақстан Жазушылар, Журналистер және Ақын-жыр­шылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Оспанов және Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жыршы, жырау, ақын-жазушы Сардарбек Қожағұл ағаларымыз көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар ақын мұраларын жинап, салыстыруда Қазалы аудандық шежірешілер тобының жетекшісі Өмірзақ Ахметұлы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қараша Қараманұлының да еңбекте­рін  атап  өту  керек.

Дегенмен де, шайыр Ерімбет Көлдейбек­ұлының толғау-термелерінің, дастандарының бүгінгі ұрпаққа жетуі – қазақ халқының арасында ауыз әдебиетінің кең етек алып дамуының нәтижесі. Ауыз әдебиеті – халқымыздың ауызекі шығарып, ауызекі тарап отыратын асыл мұрасы. Сол ауыз әдебиетінің Қазалы өңіріндегі көрнекті өкілінің бірі де, бірегейі Қарабалаев Қызылбай атамыз десем де болады. Өткен ғасырдың 60-70-жылдары қазақ  ауыз  әдебиетін зерттеуші, жинақ­таушы М.Байділдаев та осы Қызылбай атамыздан Қарасақал Ерімбет шайырдың көптеген толғау-термесін, айтыс, дастанын жазып  алған.

«1978-1979 жылдары анда-санда Қарабалаев Қызылбайменен оңаша әңгімелестім, сол кезде бұл кісі жас шамасы сексеннің 4-5-еуіне келген кезі. Әр кездескенде көп әңгіме­лесе алмаймыз, ең әрі болғанда бір сағаттай әңгімелесіп жүрдік, көп сөйлесе шаршап  қалады.

Менің есіл-дертім көне әңгіме тыңдау, бұрынғы өткен ата-бабалар жайында, билер, шешендер, батырлар, сал-серілер, қолы ашық Сақи, Атымтай жомарт секілді мырзалар жайында білгім келе­ді. Өте алысқа бармай-ақ, осы өзіміздің бұрынғы Қазалы үйезінің, Әлім-Шөмен тайпасының ішінде болған әңгіменің өзі жетіп жатыр. Бірақ осының өзін білетін адам жоқтың қасы, некен-саяқ. Халықтың мере­кеге жиналған жерлерінде, торқалы той, топырақты өлімде өткен-кеткен ұлағатты әңгімелерді айтып отырса қандай ғанибет», — деп Орынбеков Жанияз көкеміз өз естеліктерін­де жазып кеткен екен. Жанияз көкеміз Қарасақал шежіресінің Наймантай ұрпақтарының шежіресін жинақтауға да көп үлес қосты. «Жыл сайын мен елге демалысқа келген уақытымда, Жанияз, Қоңырбай көкелеріміз шаңырақтарына үлкен ағаларымыз­ды, ақсақалдарды жинап, Қарасақал Ерімбеттің терме, жыр-дастандардын айтқызып, халықпен бірге өздері де бір сусындап қалатын», — деп еске алып отыратын Сардарбек ағамыз.

Бүгін осы Жанияз көкеміздің қолжазба естеліктерінің ішінен табылған, көнекөз, шежіреші қария Қызылбай атамыздан 1974 жылы жазып алған Ерімбет Көлдейбекұлының өсиет-насихат үлгідегі, тәлім-тәрбие­лік мәні бар «Халқымның бір сөз қалсын құлағында» өлеңінің жаңа нұсқасын ұсын­ғым келіп отыр. Ауыз әдебиетінің ерекшелігі сол, халық арасына әр өлеңнің, толғаудың, дастанның ауызекі айтушы адамдардың әртүрлі нұсқада жеткізуі. Негізінде бұл өлеңнің бір бөлігі бұрын да 1995 жылы Әбдісаттар Оспановтың «Ерімбет (Ермұхаммед) Көлдейбекұлы. «Ұлағат сөзім ұрпаққа» атты кітабында  бөлек-бөлек  жарық  көрсе:

Әр жерде-ақ үлгілі сөз айтсам-дағы

Жарқанат жарда жатар басын бағып,

Бас баққан алар жақсы ат жұртқа жағып.

Сараңның қанша ішкенмен қарны тоймас,

Оттатпайды мал сорлысын шайтан қағып.

Әр жерде-ақ үлгілі сөз айтсам-дағы,

Ақымақтың құлағынан кетеді ағып!

Жоғалмас көптің оғы Қырымға атқан

Шешенді мылжың жеңеді тұзды сабын,

Нақылда: «Бөрік бөктерген тұлпарға мін!».

Байдан – май, жарлыдан – тұз, ерге – жерден,

Ойлайды әр кемістің сұлтан қамын.

Жоғалмас көптің оғы Қырымға атқан,

Жалғыздың таппақ қиын жай садағын.

Бағында сайрар бұлбұл, көлде бақа,

Мінбесе, кірмес күші, хан пайтағын.

Шапқанда әркімдер-ақ байдың ұлы,

Бір күні ойламаса тоқтамағын!

Және бір бөлігі 2013 жылы Сардарбек Қожағұл­дың «Нұсқалы сөздің кестесі. Қараса­қал Ерімбет: Өлеңдері мен дастан­дары»  атты  кітабында  жарық  көрді:

Жауһардың  бір  белгісі  бар  сабында

Жауһардың бір белгісі бар сабында,

Ақыраптың ащы-заһары құрсағында.

Ерлердің есігінде бір наз бедеу,

Ойнайды дарыл етіп шарбағында.

Әлемнен Әлі мінген дүлдүл озды,

Жүйрік тұр, одан соңғы өз табында.

Әртүрлі алтын-күміс, асыл тастың,

Бағасы мағлұм еді салмағында.

Жайсында жай жүргенде адам қатар,

Патшаның күші жүреді байтағында.

Арыстан да артық еді басқа аңнан,

Біраз бір қайраты бар тырнағында.

Шақырса тауда – тұйғын, көкте – тырна,

Сәріде бұлбұл сайрар өз бағында.

Адаспас аң қуғанда алғыр құмай,

Сұңқардың қаз бен үйрек қармағында.

Мен сөзді халыққа керек қайымдамай,

Әйтеуір жүр екенмін ғой, құр сағымда.

Саулықта сайра тілім, көңіл ашып,

Халықтың, қалсын сөзім, құлағында.

Орынбеков Жанияздың Қарабалаев Қызылбайдан 7 февраль 1974 жылы жазып алған өлеңнің  жаңа  нұсқасы:

Халқымның бір сөз қалсын құлағында

Гәуһардың бір белгісі бар сабында,

Ахраптың ащы зәһар құрсағында.

Ерлердің есігінде бір наз бедеу,

Ойнайды дарын етіп шарбағында.

Жаһаннан Әлі мінген дүлдүл озды,

Жүйріктер сонан соңғы өз табында.

Әртүрлі асыл заттан алтын, күміс,

Бағасы мәлім дейді салмағында.

Жапанда, жайын жерде әділ ханның,

Патшаның күші жүреді байтағында.

Арыстан да артық еді басқалардан,

Біраз бір қайраты бар тырнағында.

Ерлердің қуғанында алғыр құмай,

Сұңқардың қаз бен үйрек қармағында.

Ителгі ұя жасап ұшар шыңнан,

Сұңқар құс қамһүн болыпты бір жағында.

Бір сөзді халыққа керек қайымдамай,

Мен әлі-ақ жүр екенмін құр сағымда.

Жазайын жан саламат тұрған шақта,

Халқымның бір сөз қалсын құлағында.

Жарқанат жатады екен басын бағып,

Бас баққан мақұл екен хаққа жағып.

Басында басты баққан мақұл екен,

Болармыз біз де сондай енді нағып.

Ойланбай жалғаншының опасызын,

Бұл басты әуреледік үкі тағып.

Алданып жалғаншының әуазына,

Неше ерлердің қолында жоқ, жүр лағып.

Жүр еді солар көпке таң ойланып,

Оттатпас сорлы малды шайтан қағып.

Ер жігіт өз халінің қылышына,

Бақаны өз даусынан шаян шағып.

Ғибрат бар бұл сөзімді аңдағанға,

Ақымақтан ақылы қысқа кетеді ағып.

Шешенді мылжың жеңеді, дүзді сабын,

Нақылда «Берік бөктереді тұлпар қамын».

Байдан – май, жарлыдан – тұз,  ерге – жерден,

Ойлайды әркім ерде сұлтан қамын.

Жоғалмас көптің оғы Қырымға атқан,

Жалғыздың табу қиын жай садағын.

Шапқанда әркімдер де байдың ұлы,

Тұрған соң еске түседі тоқтамағын.

Жанияз көкеміз көне әңгімені, айтыс, терме-толғау, жыр-дастандарды жастайы­нан тыңдап, қолынан келгенше қағаз бетіне түсіріп, таспаға басып жүретін. Сол жазба­ларын көтеріп, қайта оқып, зерделеп, көке­міздің көп жылғы еңбегі зая кетпесін деп, және де Ерімбет атамыздың өсиет-насихат өлеңінің толықтай жаңа нұсқасын халыққа жеткізбекпін. Қалың оқырманнан сұрайтыным, әдебиеттен алыста жүргендіктен кем­шіліктер болуы мүмкін, бірақ «Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ» демекші, менің жазуым кеміс болды деп үндемей қалғаннан көрі, неде болса жазайын деп шештім. Бағасын халқым, өзің  берерсің.

Қарасақал  Ерімбет  Көлдейбекұлының  мұрасын  халыққа  жеткізуші

Абаш  РЫСТЫҒҰЛОВ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: