Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

300 қазақты Пәкістанда қаңғытып қоямыз ба?

05.09.2025, 10:45 354

HALYQLINE.KZ

Осыдан бес жыл бұрын тәлібтер билігінен үрейленіп, амалсыз Ауғанстаннан Пәкістанға қашып өткен 40 отбасы, барлығы 300 қазақ атамекен – Қазақстан өкіметіне хабарласып, қол ұшын беруді сұрап жатқан бейнематериалдарды көрдік. Осыған байланысты депутат Ерлан Саировтың үкіметтен шұғыл көмек сұраған жанайқайын да естідік. Тиісті қолдау жасалмаса, әлгі этникалық қазақтар 30 тамыздан кейін Ауғанстанға депортациялануы мүмкін екендігі де айтылған.

Біздің Сыртқы істер министрлігі олардың әрқайсысынан қазақ екендігін растайтын анықтама талап ететін көрінеді. Шетелде ондай құжатты кім береді? Дұрысында ондай құжатты Қазақстанның Пәкістандағы елшілігі босқындармен сөйлесіп, қазақ екендіктеріне көзін жеткізіп беруіне болар еді. Мәселе осы тұрғыдан неге шешілмейді? Пәкістанға қашып өткендіктен кері Ауғанстанға депортацияланса, ешкім олардың басынан сипамасы анық.

Жалпы, тәуелсіздігімізді қайтарып алған 34 жылда 1 млн 156 мың этникалық қазақты елімізге көшіріп әкелдік, тек биылғы жылы 8 мың қазаққа қандас (маған бұрынғы оралман ұнайды) мәртебесі берілді деп мақтанамыз. Ал сол қандастарымыздың шетелдердегі титімдей бөлігі өлі мен тірінің арасында жанұшырып көмек сұраса, қазақ үкіметі аузына су толытырып алғандай үндемейді. Қазаққа жаны ашымаса қазақ мемлекеті кімге керек?

Кезінде 1952 жылы түрік елінің үкімет басшысы Аднан Мендерес ешкімнен анықтама сұрамай-ақ Тибет басып Қытайдан босқан 3 мың қазақты Түркияға қоныстандырып еді ғой. Әжептәуір халықаралық беделі бар Қазақстан Үкіметі небары 300 қазақты елге алдыртуға несіне жасқанады? Бір ұшақ жіберсе, мәселе шешіліп жатыр ғой.

Біз Қазақстан Үкіметінен мәселеге жанашырлықпен қарап, бір уыс қазақты елге жедел алдыртуын сұраймыз!

P.S. Соңғы жеткен ақпаратқа қарағанда 2 қыркүйекке дейін Қазақстан тарапынан ешқандай әрекет болмаған. Күнкөріс үшін жалданып жұмысқа тұрған қазақтар 30 тамыздан бері жұмысқа бара алмай отыр. Өйткені ұстап әкетіп Ауғанстанға қайтарып жібереді деген қорқыныш басым.

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

(Әлеуметтік желідегі парақшасынан)

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: